Аймақтар • 19 Қаңтар, 2024

«Төрт күннен кейін табылды». Боранда адасқан малшы итінің арқасында аман қалды

1266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шыңылтыр аязы бет шымшыған қыстың шақырайып тұрған ашық күні алдамшы келеді. Баяу бұрқасындатып барып басталған боран аяқ астынан кәріне мініп, әлгінде ғана мүлгіп тұрған әлемнің астан-кестенін шығарып жіберуі мүмкін. Дәл осылай басталған қарлы боран бірнеше күн бойы есті алып, өңір жұртшылығын әбден әбігерге салғаны рас. Таяқ тастам жерді көзден тасалап, айналаны әлемтапырық етіп жіберген ақтүтек боранда төтенше жағдай қызметкерлері мен полиция сапындағылар тынымсыз іздеу-құтқару шараларын мінсіз атқарып шықты.

«Төрт күннен кейін табылды». Боранда адасқан малшы итінің арқасында аман қалды

Меңдіқара ауданында адасып кеткен малшы жанына ерген итінің арқасында аман қалып отыр. Қаңтардың 14-інде мал іздеп шыққан табыншы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. 15 қаңтарда волонтерлердің бірі жоғалған малшының атын бос жүрген жерінен тауып алады. Астындағы атынан ауып түсіп қалған малшы күндіз жаяу жүріп жол іздеп, түнде сай жерді ықтап, итін құшақтап жылынып жан сақтаған. Қарлы боранның астында даланы жаяу кезген малшы үшінші күні өзін іздеп жүрген құтқарушылар көлігінің жарығын да көрген. Алайда көзіме елестеген шығар деп ойлап, ол жаққа ұмтыла қоймаған. Таңертең сол көліктің ізіне түседі. Абырой болғанда, К-700 тракторының ізі бос тұрған аңшылар үйіне әкелген. Татар дәмі таусылмаған малшы сол жерде боранның басылуын күтіп, күн тыншыған соң, итіне еріп аман-есен ауылға оралды.

прво

Боранды күні жылқы іздеп шыққан Арқалық қаласының маңындағы Фурманов ауылы­ның тұрғыны да үш күннен кейін табылды. Бес баланың әкесі Талғат Кенжинді учаскелік полицей Восточное ауылынан 5 ша­қырым жерден тауып алған. Қазір ауыр жағдайда Арқалық ауруханасының жансақтау бөлі­мінде жатыр. Беті мен қол-аяғын ІІ-ІІІ дәрежеде үсік шалған.

Талғат та 14 қаңтарда жыл­қы іздеп шыққан. 15 қаң­тарда мал­шы­ның мінген аты мен бір үйір жылқы табылды. Бір­ақ өзі жоқ. Малшыны ТЖД қыз­меткерлері, жергілікті шаруа қо­жалықтарының жұмыс­шылары мен волонтерлер 3 күн із­деді. Төртінші күні іздеу шараларына тікұшақ қосылды.

Құтқарушылар 14 қаңтарда боранда адасып кеткен Арқалық қаласына қарасты Мирный ауы­лының тұрғынын да құлап жат­қан жерінен тауып алып, ажал аранынан арашалап қалды. Беті-қолын үсік шалған әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Облыстық ТЖД-ның мәлі­метінше, осы үш күннің ішінде 56 жолаушы, 6 бала құтқарылып, қар құрсауында қалған 72 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

 

ҚОСТАНАЙ