Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, балалары емделетін ата-аналар тарапынан көптеген ұсыныс түсіп жүр. Соның бірі – науқас балаларды сергіту үшін ойын алаңын ашу. Осыған байланысты облыстық балалар ауруханасының травматология, педиатрия, хирургия, неврология, реабилитация және оториноларингология бөлімшелерінде ойын алаңы жабдықталды.
Ауруханадағы ойын алаңдарын ашуға «Бертлинг Казах Лоджистик» компаниясы демеушілік көмек көрсетті. Демеуші компанияның бас директоры Әлия Жақсылықованың айтуынша, ойын алаңдарын жабдықтау жұмысы былтыр қазан айында басталған.
«Бұл – біздің қайырымдылық іс-шарамыз. Ауруханада емделетін балалардың ойлау қабілетін дамытуға үлес қосқымыз келді. Сол мақсатпен ойын алаңдарына күрделі жөндеу жүргізіліп, балалардың ақыл-ойын жетілдіруге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл үшін 4 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды», дейді Әлия Жақсылықова.
Атырау облысы