Экология • 22 Қаңтар, 2024

Көлге де күтім керек

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көкшетау өлкесі қолдың сала­с­ындай ақ қайың мен мәңгі жасыл қарағайлары қаулай өскен орман-тоғайымен көрікті. Осы бір әдемі суретке қисапсыз кө­гіл­дір көлдерді қоссаңыз, сұ­лулық кенересі мелтектеп тұрар еді.

Көлге де күтім керек

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Көрген жанның көзін қуантатын көркемдік пен сол бір ғажайып дү­ние­нің астарында бұғып жатқан ен байлық толайым ел игілігіне жарап, несібесіне айналса, бір ғанибет. Бүгінде өңірде 615 жергілікті маңызы бар су айдыны тіркелген. Сулы жер – нулы жер. Әйтсе де бір кезде қоры сарқылып, сабасы кеміместей болған су байлығы жыл өткен сайын жүдеп, азайып келеді. Айталық, 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ең­бекте бұрынғы Көкшетау облы­сының аймағында үлкенді-кішілі 1 515 көл болғаны тайға таңба бас­қан­­дай анықтап жазылған. Кейін әкімшілік-аумақтық өзгерістен соң қосылған Қорғалжын өңіріндегі көп көлді қоссаңыз, су айдынының саны әлдеқайда өсе түсер еді. Бұрынғы Кө­кшетау аумағындағысының өзі – 1 320 тұщы көл.

ичт

Әттең, экожүйенің қадірлі бір бөлігін күтіп ұстау қолға алын­бағаны қынжылтады. Осы тарапта зерттеу жүргізген мамандардың есебіне қарағанда, көптеген кішірек көлдер жер бетінен жоғалып кеткен. Бүгінгі таңда ондаған көлдің табаны тайыз­данып, қамыс басып, батпаққа ай­налып жатыр. Көкше көлдерін саралай қалсаңыз, далалық және таулы-қыратты өңірлердің су көзі санатында. Көбінің суы тайыз болып келеді. Тайыз көлдер өткен жылғыдай құрғақшылық жылдары жағалаудан жылдам қашып, кеуіп кететіні бар. Буға айналып ұшып кету шамасы бір жылдық жиналған судың 60-70 пайызына дейін жетеді екен. Екінші топтағы таулы-қыратты аумақтардың көлдері керісінше біршама терең әрі суы мол болып келеді. Негізінен, тұщы. Әулиекөл, Айнакөл, Зеренді, Шалқар, Имантау тәрізді көлдердің қоры әлі де мол.

– Табиғаттың күрт өзгергенін көзіміз көріп отыр. Осыдан 50-60 жыл бұрын даладағы күміс көлдер ша­расынан аса шүпілдеп суға толып тұратын. Ауылымыздың жанындағы Ақкөлдің балығы қандай еді, шіркін! Жалғыз Ақкөл ғана емес, өзге көл­дерде де балық көп болушы еді. Қазір ен байлық көзден бұл-бұл ұшты. Ел ірге­сіндегі томарлар қандай еді. Қазір соның бәрі құрғап, жыл өткен сайын су тапшылығы сезіліп жатыр. Жазды күндері мал суарудың өзі қиын шаруаға айналды, – дейді жанашыр жанның бірі Алпысбай Тұрсынбаев.

Ақсақалдың айтуына қарағанда, ақ айдынның суалуы тың игеру дәуірінде бастау алған. Жыл сайын қар суымен құнарланып, бұлақ суымен берекесі кіріп қоректенетін көлдерге төнген нәу­бет осы тұста төнген сыңайлы. Ақ ай­дындардың жағалауы егін көлемін кеңейту жоспарының көбеюі себепті ту-талақай жыртылып, табиғи су көздері бітелген. Қара қарғаның миы қайнайтын ыс­тықта бар суы буланып ұшып жатқандықтан, кенересі кеми береді де. Осы тұста ел жанашырының пікі­ріне құлақ түрелікші. Мәселен, күміс көлдерді қалпына келтіру үшін көл­дерге жақын жерлердегі бітеліп қалған бұлақ көздерін ашып, қызыл су жүрген уақытта қар суының көлге қо­сылатын жыраларын аршыған жөн. Бәлкім, сонда ғана баға жетпес байлығымызды сақтап қаламыз.

Негізгі әңгіме көл күтімі хақында. Бүгінде 452 су айдыны 330 табиғат пай­даланушыға бекітіліп берілген. Әзір­ге иесіз жатқаны – 163 көл. Есіл облысаралық бассейндік балық ша­руашылығы инспекциясының құзыретіне жоғарыда аталған таби­ғат пайдаланушылардың балық ша­руа­шылығын жүргізуге арналған шарт бойынша міндеттемелерін қаншалықты орындайтынына тұрақты мониторинг жүргізіліп отырылады. Өз міндеттерін мұқият орындамаған табиғат пайдаланушыларға уақытында ескерту жасалады. Жағдай насырға шапса, келісімшарт бұзылады. Өткен жылы табиғат пайдаланушылар өз міндеттерін дұрыс атқармағандығынан 37 су айдынын пайдаланушылар балық шаруашылығын жүргізу құқығынан айырылды. Осы арада екпін түсіріп айта кететін бір жай, көл күтімсіз бол­са, келешегіне қауіп. Мәселен, дала­лық көлдер тайыз болғандықтан, қыс айларында балыққа оттегі жетпесе, түгел өліп қалуы да ғажап емес. Табиғат пайдаланушылардың барын сүзіп алсақ болды, кейін балық түгіл бақа өрістемесе де мейлі деген тәрізді ниеттерін осы арадан ай­қын аңғаруға болады. Ең алдымен оларды көл тағдыры ойландыруға тиісті. Әр жыл сайын балық шаруа­шылығымен айналысқан соң шартта көрсетілгеніндей дернәсіл жіберіп, балық қорын молайту – өз алдына бір әңгіме. Қазір біз осындай нем­құрайдылықтың салдарынан бар балық­тың өзінен айырылып қалуымыз мүмкін.

Биыл өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша тауарлы балықты өсіру көлемі 1 269 тоннаны құрайды. Көлі көп болғанымен, бағалы балық өсіру бағытында бел­гілі қиындықтар жетіп артылатын біздің өңір үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Табиғат пайдаланушылар су айдындарын балықтандыру міндеттемелері бойынша 29 083 950 дана тұқы және ақ саха балықтарының дернәсілдерін әкеліп, өз көлдеріне тоғытты.

540 154 дана тұқы шабақтарымен және екі мың дана тұқы балығының бір жылдық балығымен балықтандыру жұмысы ойдағыдай жүзеге асырылды.

Көл күтімі туралы әңгіме қозға­ғаннан кейін осы бағытта атқарылып жатқан шаруаны да айта кетуіміз керек. Инспекция қызметкерлері өткен жыл ішінде 425 рейд ұйымдастырып, 255 тәртіп бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, 245 адам әкімшілік жа­уапкершілікке тартылған. Құқық қорғау органдарына 6 әкімшілік мате­риал жолданған, 16 әкімшілік материал сотқа жіберілген. Тәртіп бұзу­шылардан 262 кило балық тәр­кіленген. Жыл басынан бері браконьерлерге 4 864 500 теңге көлемінде айыппұл са­лынып, оның 4 165 200 теңгесі өндірілген.

– Инспекцияның материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Жаңа автокөлік пен тіркемесі бар қарда жүретін көлік с­атылып алынды. Инспекция қыз­меткерлеріне арналған қызметтік киім, бейнетіркегіштер, өзге де құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілдік. Біз үшін өте қажетті судағы оттегінің құрамын анықтайтын 3 құрал алынды. Осындай жанашырлық шаруамызды оңға бастыратыны сөзсіз, – дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев.

Табиғаттың ай дидарына кіреуке түсірмеген ләзім. Д­емек, кәсіпкерлікті өрістетеміз дегенімен су қадірін білме­геннің көлді күтіп жарытпайтынын да көз көруде. Бір жылдың ішінде табиғат пайдаланушылардың 37-ісімен жасалған шарттың бұзы­луы осындай байламға жетелейді. Келер ұрпақтың қамын ойласақ, көлді күтімсіз қалдырмайықшы.

 

Ақмола облысы