Руханият • 21 Қаңтар, 2024

Руханият шамшырағы

226 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл ұлт руханиятының шамшырағы «Қазақ әдебиеті» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толды. Соған орай Ұлттық академиялық кітапханада «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Мәдени іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырды.

Руханият шамшырағы

Ұлт айнасына айналған басылымның тоқсан жылдық торқалы тойы Алматы­дан бастау алғаны белгілі. Оған Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Ба­лаева қатысып, Мемлекет басшы­сының құттықтауын жеткізді. Газет ұжымына Президенттің арнайы сый­лығы ретінде автокөлік кілтін табыс етті. Енді, мі­не, осы мазмұнды іс-шара елор­дада жал­ғасын тауып отыр.

Жиын тізгінін ұстаған жоғарыда аталған филиал директоры, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы алдымен 1934 жылы 10 қаң­тар­да тұңғыш саны жарық көрген «Қа­зақ әдебиеті» газетінің тарихына қыс­қаша шолу жасады. Алғашқы ре­дактор Ғабит Мүсіреповтен бастап, сол тұста редакцияның алқа мү­ше­лері болған Сәкен Сейфуллин, Бейім­бет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұха­меджан Қаратаев секілді қаншама тұғыр­лы тұлғаның қолтаңбасы қалған басылымның күні бүгінге дейін руха­ниятымыздың шырақ­шысы, тамыршысы болып келе жатқанын атап өтті.

Дөңгелек үстелде әдеби газеттің мерейтойы ғана сөз болған жоқ, сонымен бірге ұлт баспасөзінің қазіргі жағдайы, хал-ахуалы туралы да ой-пікірлер айтылды.

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директо­ры, академик Дихан Қамзабекұлы халқы­мыздың тұтастығы мен бірлігіне қызмет етіп келе жатқан басылымды тоқсан жылдығымен құттықтап, ұлт баспасөзінің бүгінгі кезеңіне кеңірек тоқталды.

– Ұлттық мерзімді басылымдар қа­шаннан халқымызға қатысты көкейкесті мәселелерді қозғап, оны билікке жеткі­зетін алтын көпір. Алайда, қазір ұлт бас­па­сөзі қиын сынды бастан кешіріп отыр. Бұ­рын кітап, газет-журнал оқитын оқырманы көп елміз деп мақтанушы едік. Қазір олай айта алмаймыз. Бұған 90-жылдардан бері жалғасып келе жатқан қиындықтың әсері бар. Бір кездері қоғам қалай жаңғырады, инно­ва­циялық тың жаңалықтарға қалай аяқ басамыз дегенде, бізде дәстүрлі клас­сикалық бағыт емес, технократтық ойлау басым болды. Біздіңше, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Қазақ газеттері» құрамына енетін «Ана тілі» газеті еліміздегі бастауыштан бастап жоғары мектепке дейінгі филолог ұстаздардың оқу-әдістемелік кешені тізіміне кіруі керек. Сонда ғана руханият басылымдары дәйекті, жүйелі таралады. Әр мұғалім мен оқытушының біліктілік деңгейін арттырып, қоғамға қызмет етеді, – деді серік­тестік басшысы.

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының орынбасары Бауыр­­жан Жақып онлайн байланыс ар­қылы әдеби басылымның бас шаһар төрінде өтіп отырған мерейтойлық жиы­нына ризашылығын білдіріп, оны ұйым­дас­тырушыларға Қазақстан Жазу­шы­лар одағы басқарма хатшылығы атынан алғы­сын айтты.

«Қазақ әдебиетінің» тоқсан жылдық тарихында, газеттің іргетасын қалаған Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Ғабит секілді айтулы тұлғалардың жарқын жолы бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Өткен жолы Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей ағаларымыз басылымға басшылық жасаған жылдардың тігін­дісін қарасам, сол тұста газет небір ел­дік мәсе­лелерді терең­нен қозғапты. Ұлтымыз­дың тұтастығы дейсіз бе, тәуелсіздік тура­лы дейсіз бе, тіл сая­саты дейсіз бе, қоғамды жаңғырту жол­дары дей­сіз бе, Алаш зиялылары дей­сіз бе, қыс­қа­сы, халқымызға қатысты бар­лық маңыз­ды мәселе қамтылған. Біз сол кез­дер­­ді ұмыт­паймыз. Басылым әлі сол ұста­ны­мынан тайған жоқ. Ұлт сөзін сөй­лей­ді. «Қазақ әдебиетінің» мерейтойы Алматыдағы бірнеше кітапхана мен мектепте аталып өтілді. Биыл әде­би басылыммен бірге Қазақстан Жазу­шы­лар одағына да 90 жыл толады. Сондық­тан қос мерейтойды кең көлемде атап өтпекпіз. Астанада Қазақстан Жазушылар одағының 200-ге тарта мүшесі тұрады. Бас шаһарда жас ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған көшпелі пленум өтеді. Осындай іс-шара Атырау мен Түркістанда жал­ғаса­ды. Мерейтойды Алматыда ауқым­ды жиын­мен қорытындылаймыз», деді айтулы ақын.

Одан кейін сөз алған жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров әдеби газетте жарық көрген бір мақалаға қатысты оқиғаны әңгімеледі.

«1991 жылы тәуелсіздік алдық. Өте қиын кезең еді. Елімізде әр түрлі жағдайлар болып жатты. Мен сол кезде Президент аппаратының Ішкі саясат бөлімінде қыз­мет істеймін. Бөлім меңгерушісі – Алтын­бек Сәрсен­баев, оның бірінші орынбасары – Сауытбек Абдрахманов. Бөлімде бас-аяғы 6 қызметкерміз. Бір күні «Қазақ әдебиетінде» осы газеттің тілшісі Досымхан Қапасовтың «Астананы Ақмолаға көшірсек» атты мақаласы жарық көрді. Бұған біраз адам қарсылық көрсетті. Қарсы мақала да жазылды. Оралхан Бөкей – басылымның бас редакторы. Содан ол кісіні Сәукең кеңсеге шақырып, сөйлеседі. Ол бұлталақтап түк жауап бермеген. Сөйтсек, сол тұс­тағы ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев Фин­лян­дияға ресми сапармен ұшып бара жат­қанда, өзімен бірге шық­қан Орағаңды жанына шақырып алып, «Қазақ әдебиеті» қоғамдық-сая­си емес, ұлттық басылым ғой, астананы Ақмолаға көшіру туралы мақала жариялап, барлау жасап көрсеңдер қайтеді» деп айтыпты. Міне, елорданы көшіру идеясы осы әдеби басылымнан басталған. Сондықтан газеттің тоқсан жылдығы құтты болсын!», деп ізгі лебізін білдірді.

Кеңес дәуірінің қаһарынан ықпай ұлтымызды оятуды мұрат тұтқан газет жұмысы 1940 жылдан 1955 жылға дейінгі аралықта түрлі себеппен тоқтап қалған. Содан араға он бес жыл үзіліс салып, 1955 жылы 14 қаңтардан бастап, қайта жарық көрді. Бас редакторлыққа көрнекті ақын Сырбай Мәуленов тағайындалды. 1956 жылы басылым бетінде ұлттық мәселелер көтерілді. Сол жылдары жарияланған белгілі ғалым Рахманқұл Бердібайдың ана тіліміз туралы «Ең үлкен байлық» атты мақаласы оқырмандарды дүр сілкіндірді. Кейін осы материалы үшін автор жұмыстан қуылды. Бас редактор жазаға тартылды.

Осы тарапта сөз қозғаған шоқанта­нушы қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы дөңгелек үстел тақырыбының өзі «Қазақ әдебиеті» газетінің барлық болмысын ашып тұрғанын баяндады.

«80-жылдардың басында басылымға Шерхан Мұртаза бас  редактор болып келді. Сол кезде газеттің беделі қайта өсіп, деңгейі көтерілді. Ұлт санасын сілкін­діретін мақалалар жарық көрді. Халық­тың рухын оятты. Соның бәрі  біртіндеп тәуелсіздікке алып келді. Сол кезде газет таралымы жоғары болатын. Қарымды қаламгерлер қызмет істеді. Қазір таралым азаюының бір себебі – ауылдағы ағайындардың көбі қалаға қоныс аударды. Олардың денінде үй-күй жоқ, мекен жай жоқ. Бір жағынан, таралым азайды деп қапаланудың реті жоқ. Болашақта газет-журналды электрондық нұсқада оқуымыз мүмкін. Мәселен, газет сайтында жарық көрген мақаланың қаралымын есепке алуға болады», деді Ж. Бейсенбайұлы.

Сондай-ақ басқосуда жазушы, Мем­­лекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқа­нова, танымал қаламгерлер Қуа­ныш Жиен­бай, Баянғали Әлімжанов, Ораз Қауғабай, көрнекті жазушы Сәкен Жүнісовтің қарындасы Роза Жүнісова сөз алып, әдеби басылым туралы сағынышқа толы жылы естеліктерімен бөлісті. Ақын Сұраған Рахметұлы «Қазақ әдебиеті» газетін сонау 60-жылдардан бері шетелдегі қандастар қызығып оқитынын айта келіп, қазіргі «Қазпошта» мекемесінің оны сырттағы жазылған ағайындарға Еуропалық стандартпен жеткізіп беретін мүмкіндігі бар екенін жеткізді.