Мектеп • 22 Қаңтар, 2024

Шұбарды шырайландырған сәт

131 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ойға алған шаруаның оңынан оңғарылып жатқаны қандай жақсы. Шұбар ауылында 300 оқушыға лайықталған жаңа білім ошағы есігін айқара ашып, ата-аналарды бір қуантып тастады.

Шұбарды шырайландырған сәт

Жалпы білім беретін мектепте 12 пән кабинеті бар. Сондай-ақ кең де жарық алты бастауыш сынып кабинеті жұмыс істейтін болады. Құрылысшылар қалағынан жаңа шыққан спорт пен мәжіліс залы, кітапхана айнадай жар­қы­рап тұр. Сөз арасында ауылдың 168 оқушысы сонау 1962 жылы салынған көнетоз мектепте оқып келген болатын. Енді, міне, жаңа тоқсанның басында жан жадыратар жақсылық орын алды.

– Мектеп ұжымында 34 мұғалім жұ­мыс істейді, – дейді мектеп директоры Мүбәрак Байшолақов. – Жаңа білім ошағы салына басталғалы құры­лыс жұ­мы­сы қашан бітеді екен деп тағат­сыз­дана күттік. Бүгінгі күн жалғыз оқу­­­шы­лар ғана емес, ата-аналардың да ме­рейі үстем болған сәт.

Осындай жағымды жаңалық Цели­ноград ауданының бірқатар елді ме­кенінде орын алмақ. Ауданда 10 бі­лім ошағы мен бір балабақша салынып жатыр. Айтпақшы, өңірде өткен жылы алты жаңа мектеп пайдалануға берілді. Астана төңірегіндегі ауылдарда орналасқан білім ошақтарында үш ауысымды оқыту жүйесі орын алып, халықтың өкпе-назын тудырып тұр еді. Жібек жолы ауылында 300 орындық, Қосшы қаласында 1200 орындық мектептер салынғаннан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Қосшы қаласында жеке инвестиция есебінен салынған 1500 орындық мектеп мемлекет меншігіне берілді. Ақкөл қаласының №4 мектебіне қосымша ғимарат қосылды.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 22 600 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланып отыр. Бү­гінгі таңда 7 мектептің құрылысы бас­талды.

 

Ақмола облысы