Экономика • 22 Қаңтар, 2024

Ақша-несие саясатындағы өзгеріс

262 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені осымен қатарынан төртінші рет төмендетіп, ақша-несие саясатын жұмсартуға ниетті екенін аңғартқандай. Мөлшерлеме 15,75 пайыздан 15,25 пайызға түсірілді. 2022 жылдан басталған 16,75 пайыз деңгейіндегі қатаң мөлшерлеме 8 ай бойы салтанат құрды. Оның дәуірі 2023 жылдың тамызында тәмам болып, 16,50 пайызға төмендетілді. Одан кейінгі, қазандағы отырыста мөлшерлеме 16,00 болып бекітілді. Қарашада 15,75 пайызға төмендету туралы шешім қабылданды. Енді міне, тағы да төмендетілгелі отыр.

Ақша-несие саясатындағы өзгеріс

Бәлкім, былтыр жыл бойы жүргізілген қатаң монетарлық саясаттың жемісі, 21,3 пайызға дейін шарықтап кеткен инфляция деңгейі баяулап, 2023 жылдың желтоқсанында 9,8 пайыз болды. Сөйтіп, көптен күткен бір таңбалы мәнге де жет­тік. Әрі бұл Ұлттық банк болжамы­на да сәйкес келеді. Баға өсімінің баяу­лауы жүргізіліп жатқан ақша-кре­дит саясатына, азық-түліктің әлемдік баға­сы­ның және өндіріс шығындарының төмендеуіне, биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты.

ҰБ мәліметінше, базалық және мау­сымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері бірнеше ай бойы тұрақты болып отыр. Бұл ретте олар әлі де белгіленген таргеттен жоғары. Жалпы, инфляцияны 5%-ға дейін сенімді түрде төмендету үшін 2025-2026 жылдары оның орнықты бөлігін одан әрі баяулату – басты міндет. Қаржы қадағалаушысы ха­лықтың инфляциялық күтулері де бір­шама төмендеді дейді. Алайда күту­лер әлі де тұрақсыз және оларға тамақ өнімдері мен жанар-жағармай баға­сы­ның өсуі әсер еткен.

«Шешім қабылданғанда инфляция­лық үдерістердің баяулап келе жатқаны ескерілді. 2022 жылғы ақпаннан бастап алғаш рет жылдық инфляция бір таңбалы мәнге жетті. Инфляцияның орнықты бөлігінің көрсеткіштері де тұрақталып келеді. Сыртқы инфляциялық орта жақсаруда. Бұл әлемдік азық-түлік на­рықтарындағы бағалардың одан әрі төмен­деуіне және орталық банктердің тежеуші саясатына байланысты. Бірақ инфляцияны өсіруі мүмкін кейбір факторлар мен тәуекелдер сақталып отыр. Экономика ішіндегі тәуекелдер орнықты тұтынушылық сұранысқа, фискалдық ынталандыруға, жоғары инфляциялық күтулерге және реттелетін бағалардағы реформалардың аяқталмауына бай­ланыс­ты. Сыртқы ортада Ресейдегі инф­ля­­­цияның жеделдеуіне байланысты тәуе­­келдер байқалады.

Осындай жағдайларда біз бұған дейін айтылған риторикаға сәйкес әрекет етеміз. Қатаң ақша-кредит шарттары ұстамды қалпында. Бұл инфляцияның ор­нықты түрде төмендеуін қамтамасыз етіп, ортамерзімді келешекте инфляция­ны 5% мақсатқа жуық тұрақтандыру үшін қажет», дейді Ұлттық банк төраға­сы Тимур Сүлейменов.

Шешім қабылдауға үш негізгі фактор түрткі болған. Оның біріншісі – инфляция және инфляциялық күтулер динамикасы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияның 9,8% болуына түрлі саладағы өндірушілер бағасының өсу тұрғысынан баяулағаны және өткен жылғы жоғары базаның ықпалы жоғары болды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша алдағы бір жылда күтілетін инфляцияның медианалық көрсеткіші біршама төмендеп, 16,4%-ды құраған.

Екінші себеп – ішкі экономикадағы үрдістер. 2023 жылы экономиканың өсуі қысқамерзімді экономикалық индикатор негізінде 5,1%-ға бағалануда, бұл ҰБ болжамына сәйкес келеді.

Үшінші себеп – сыртқы эконо­микалық конъюнктура. Сыртқы сек­торда инфляциялық қысымның әлсіреуі жалғасуда. Көптеген орталық банк­тер­дің тежеуші ақша-кредит саясаты нәтижесінде әлемдегі инфляция баяу­лағанмен, көптеген елде әлі де тар­­геттен жоғары. Осыған байланыс­ты орталық банктердің көбі ұзақ уа­қыт бойы мөлшерлемелерді жоғары деңгейде сақтау қажет деп келісіп кел­ді. Қазақстанның негізгі сауда-се­ріктесі – Ресейдегі инфляцияның ди­на­­микасы ерекше назар аударуды қажет етеді. Онда көрсеткіш 7,4%-ды құ­рап, ішкі сұраныстың тез өсуіне және ин­фляциялық күтулердің жоғарылауына себеп болды. Осының барлығы ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдатуды талап етті. Өткен жылдың соңында олар негізгі мөлшерлемені 16%-ға дейін кө­тер­ді.

Еуроодақта Еуропа Орталық Банкінің те­жеу саясаты жағдайында инфля­ция­ның баяулау үрдісі байқалады – 3,1%. Дегенмен 2% таргетке 2026 жылы ғана қол жеткізу мүмкін деген болжам бар. Яғни жоғары пайыздық мөлшерлемелер ұзақ уақыт бойы сақталады деп күтіледі.

Қазақстанның тағы бір сауда-се­ріктесі – Қытайда экономикалық бел­сен­діліктің әлсіз көрсеткіштері жағ­дайында үш ай қатарынан дефляция бай­қалуда – 0,3%. Әлемдік азық-түлік нарықтарында бағалар төмендеп келеді. Бұл қант, өсімдік майы мен ет бағасының түсуіне байланысты. Желтоқсан айында Қара теңіз төңірегіндегі логистикалық қиындықтарға байланысты астық бағасы өсті.

Әрине, тәуекелдер әрқашан сақталады. Біз де жаһан экономикасының бір бөл­шегі болғандықтан планетадағы кез келген геосаяси және геоэкономикалық ахуал ­­белгілі бір деңгейде әсерін тигізеді. 2024 жылы жаһандық саяси текетірестер одан әрі өршімесе тыныштала қойған жоқ. Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлі жалғасып жатыр. Басты мұ­най экспорттаушы ел болғандықтан Ие­мендегі хуситтер мен АҚШ әскері арасында шиеленістің артқанына, сол арқылы Қызыл теңіздегі жағдайдың ушыққанына да алаңдаймыз. Екеуі де жетекші мұнай өндіруші мемлекеттер саналатын Гайана мен Венесуэла арасындағы келіспеушілікті де «бізге қатыссыз» деп қамсыз отырмаймыз. Иран мен Пәкістан арасындағы дипло­ма­тиялық даудың да бейбіт нәтижемен аяқталуы аса маңызды. Қалай болғанда да, билік және Ұлттық банк бұл тәуекел­дер­ді де есепке алады, ескереді.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 23 ақпанда Астана қала­сының уақытымен сағат 12:00-де жа­рия­ланады.