Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Жоғары деңгейдегі кездесу
– Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отандасымыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысындағы көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, барлық дін өкілдері Әділетті Қазақстанды құруға елеулі үлес қосып келеді.
– Біз «бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтің өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Рим Папасы Францисктің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді.
– Сіздің ұстанымыңызды толығымен құптай отырып, біз көптеген айырмашылығымызға қарамастан, бейбітшілік идеяларын, мәдениеттер мен діндер арасындағы тұрақты диалогті, әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың игілігі жолындағы дамуды ілгерілету үшін баршамызға бірлік керек екеніне сенімдімін. Ізгі ниет білдіруге уақыт жеткілікті, келіссөздер жүргізуге кеңістік те бар, даналық танытуға әлі де мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қатынастар аясында Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ белсенді саяси диалог жүргізіліп отырғанын, құқықтық базаны ретке келтіру, кеңейту үшін дәйекті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Қазақстан Президенті әлемдегі теке-тірестер мен алауыздық ошақтарын тоқтатуға бағытталған белсенді күш-жігері үшін Рим Папасы Францискке ризашылығын білдірді.
– Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіруде, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосып келеді. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына ризашылығын жеткізіп, Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастыққа ниетті екенін растады.
Түсіністікті нығайтатын алаң
Рим Папасы Францисктің ресми қабылдауынан кейін Президент Қасиетті Тақтың Мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесті.
Қасиетті Тақтың хатшысымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен өте мазмұнды әрі нәтижелі жүздесу болғанын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ватиканның дәйекті қолдауының арқасында Қазақстан өткізіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері діни қауымдар арасында өзара түсіністік пен құрметті нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Президент Католик шіркеуі басшысының елімізге жасаған тарихи сапарының бейбітшілікті насихаттау, бірлікке шақыру тұрғысынан символдық мәні болғанын еске салып, бұл сапар тек Қазақстандағы католик қауымының емес, өңірдегі басқа да дін өкілдерінің арасында кең қолдау тапқанын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздің Қасиетті Тақпен білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салалары бойынша өзара байланысты нығайтуға айрықша мән беретінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ғалымдарының Ватикан кітапханасы мен Апостол архивіндегі тарихи материалдарды тегін зерттеуіне мүмкіндік бергені үшін архиепископ Пол Галлахерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Президент Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Ватикан Bambino Gesu педиатрлық госпиталі арасындағы ынтымақтастықты құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілікті, өзара құрметті нығайту үшін этносаралық және конфессияаралық келісімге бейілді екенін тағы да растады.
Кездесу соңында Президент Қасиетті Тақтың басшылығын Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне қатысуға шақырды.
Ватиканға ресми сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Сикстин Капелласын, Әулие Петр мен Павелдің Капелласын (Паолина Капелласы) және Апостол сарайындағы Король залын аралап көрді. Президент экскурсия барысында Микеланджело мен басқа да көрнекті шеберлердің өнер туындыларын тамашалады, сондай-ақ Ватиканның бай тарихымен танысты.
Азық-түлік тапшылығы – жаһандық мәселе
Италияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барып, ұйымның бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
– Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақылдар өсіру жөнінен алдыңғы қатарда. Бидай экспортының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.
Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды.
– Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.
Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу соңында Президент мазмұнды әңгіме-дүкен құрғаны үшін FAO басшылығына ризашылығын білдіріп, оны алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Гуманитарлық дағдарысты тоқтату маңызды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Римге ресми сапары аясында БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесу өткізді.
Президент бүгінгі кездесу жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге бағытталған Қазақстан мен аталған ұйым арасындағы серіктестікті талқылауға зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы секілді басқа да халықаралық ұйымдар аясында гуманитарлық көмек көрсету бойынша жүзеге асырып жатқан шаралары жайында айтты.
2023 жылы Қазақстан алты мемлекетке 9,2 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Еліміз Газа секторындағы күрделі ахуалды ескере отырып, Палестина халқына қайырымдылық шарасы ретінде 1 миллион доллар бөлді және 2 рет гуманитарлық көмек жеткізді. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккен Ауғанстан, Түркия, Пәкістан және басқа да елдерге қаржылай көмек көрсетті.
Президент Ауғанстандағы жағдайға баса назар аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, халықаралық қоғамдастықтың осы елдегі гуманитарлық дағдарысты тоқтату ісін жалғастыруы өте маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл Орталықтың қызметі аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды нығайтуда БҰҰ-ның ведомствоаралық үйлестіру жұмысын реттеуге мүмкіндік береді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Синди Маккейнді алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.