Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

Жас ұрпақ «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін - Мемлекет басшысы

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

 

Жас ұрпақ «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін - Мемлекет басшысы

Фото: aqorda_resmi

Мемлекет басшысының өзі төрағалық еткен алқа отырысында халықтың құқықтық сауатын арттыруға күш салу қажеттігін ескертті. Президент құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтыратынын атап өтті.

«Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда. Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.