Қоғам • 22 Қаңтар, 2024

«Ерекше толқыдым». Журналист анасын іздеген Эдди Жанның Дубайда неліктен жылағанын айтты

6419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Белгілі журналист, «Қазақ радиосындағы» «Бармысың, бауырым?» бағдарламасының жүргізушісі Қымбат Досжан бельгиялық қазақ, былтыр  туған анасын  іздеп атажұртына келген Жәнібек – Эдди Жанға (Мұрат  Савельев) қатысты тың дерек айтты, деп  жазады Egemen.kz.

«Ерекше толқыдым». Журналист анасын іздеген  Эдди Жанның  Дубайда неліктен жылағанын айтты

Фото: ru.qaz365.kz

«Сұрауы бар» ютуб арнасына сұхбат берген Жәнібек – Эдди Жанның  Қазақстандағы заңды  өкілі Қымбат Досжан  22 жастағы Бельгия азаматы тек анасын ғана емес, туған жерін, қара орман халқын да іздеп келгенін айтты.

«Ол Испанияның  Майорка аралынан Қазақстанға келу үшін алты ай бойы ақшасын жинаған.  Дубай арқылы ұшып келді. Сонда Дубайдың әуежайында  өзіне ұқсайтындарды көріп еңкілдеп жылапты. Мұны өзі айтып отыр. Дубайдан қайтқан қазақтарды алғаш  көргенде егіліп сала берген. 22 жыл шемен болып қатып қалған шерменде сағыныш оңай ма!  Өйткені ол Еуропадан дәл мұндай көп қазақты көрген жоқ. Жәнібек қазір Тайландта  тынығып жүр, аз күнде Испанияға қайтады. Негізгі жұмысы – туристермен байланыс орнатып, серфинг үйретеді. Қолы қалт етсе, атқа мініп сейілдегенді, жылқы жануарын баптағанды қалайды екен, қанында бар ғой», деді Қымбат Досжан.

Журналист сұхбатында   Жәнібек – Эдди Жанның анасын іздеп келуі соғылған үлкен қоңыраудың тек сыңғыры ғана екенін айтты.