Қазақстан • 23 Қаңтар, 2024

«Эйр Астана» IPO-ға шығады

107 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Эйр Астана» әуе компаниясы биыл IPO-ға шығатынын мәлімдеді. IPO, яғни компания акцияларын бастапқы жария орналастыру үдерісі Лондон биржасында (LSE,) Астана халықаралық биржасында (AIX) және Қазақстан қор биржасында (KASE) жүзеге асырылмақ. Жұмыс қаңтардың соңында басталады деп күтіліп отыр. Ұсынысқа қазіргі акционерлер BAE Systems Limited (акциялардың 49 пайызы) және «Самұрық-Қазынаның» (акциялардың 51 пайызы) үлесі кіреді. Сонымен қатар 120 млн доллардың қағазы сатылымға шығарылады.

«Эйр Астана» IPO-ға шығады

Өз кезегінде жаһандық депози­тарлық қолхаттар компа­нияның жай акцияларына 1-ден 4-ке дейінгі арақатынаста ұсынылатын болады (1 ДҚК = 4 акция). Ең маңыздысы, бұл сатылымда «ха­лықтық IPO» элементтері бар, яғни жергілікті ұсыныстағы баға­лы қағаздар Қазақстандағы AIX (ДҚК және акциялар) және KASE (тек акциялар) алаңдарында инс­титуционалдық және бөлшек ин­весторларға ұсынылады.

Баға диапазонын және роуд-шоуды жариялауды қоса алғанда, өтінімдер кітабын (букбилдинг) қалыптастыру рәсімі шамамен биыл қаңтар айының соңында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

«Біздің Лондон және Қазақстан биржаларында листинг өткізу ниетіміз «Эйр Астана» тобының берік негізі бар екенін және біз­дің маңызды нарықтарымызда әуе тасымалы санын арттыруға қатысты перспективамыз жоғары екенін айғақтайды. Акцияларды бастапқы жария орналастыру «Эйр Астана» тобы өсімінің келесі кезеңіне көтерілуге әсер етеді деп үміттенеміз. Біз әуе кемелері пар­кін одан әрі кеңейту жоспарлары мен операциялық икемділікті арттыру бастамаларын ескере отырып, қолданыстағы маршруттарымызды нығайту және жаңа географиялық аймақ­тарға шығу бойынша айтарлықтай мүм­кіндіктерді көріп отырмыз. Мен барлық қызметкерлерімізге осы жобадағы күш-жігері мен кәсібилігі үшін алғыс айт­қым ке­леді және біз жария нарық­тардағы өсу тарихымызды жал­ғастыра отырып, әлеуетті инвес­торларды асыға күтеміз», дейді компания басшысы Питер Фостер.

Қаржыгер Ғалым Құсайы­нов­тың айтуынша, мемлекеттік секторлардағы өзге IPO-лармен салыстырғанда «Эйр Астананы» әлдеқайда нарықтық компания деп айтуға болады.

«Оларда тәуелсіз басқару бар, әлеуметтік жүктеме жоқ және ком­пания жұмысы пайда түсіруге бағытталған. Көбісі оларды сын­ға алады, бірақ мен олардың ұзақ уақыт жұмыс істегенін қа­лай­­мын, себебі бұл – өте үлкен тәуекелдері бар күрделі бизнес. IPO компанияға тәуелсіздік сыйлайды және бұл – мемлекеттің портфелді инвестор ретінде мем­лекет басқарғаннан да тәуір ақ­ша табатынын көрсететін нақт­ы мысал. Біз компания шамамен 1 млрд доллар көлемінде бағаланады деп есептейміз», дейді Teniz Capital Investment Banking басшысы.

Компанияға қатысты сыни пікірлер де баршылық. Сондай көзқарасты тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев біл­дірген.

«Бүкіл заңнамадан «ұлттық әуе тасымалдаушы» деген түсінік баяғыда алынып тасталғанына қарамастан «Эйр Астана» мұны өзінің есептерінде де, сайтында да әлі күнге иеленіп келеді. Екіншіден, егер компания IPO-ны 2024 жылдың наурыз-сәуір айларына жақын өткізсе, қазір тіпті заңды тұлғасы жоқ FlyArystan-ды бөлу мәселесі жойылады. Өйткені бұл акция құнына жағымсыз әсер етуі мүмкін. Бұған «Эйр Ас­тананың» қазір бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіп жатқан «екі бренд, бір табыс тарихы» деген таңғаларлық жарнамалық науқаны да дәлел. Әуе компаниясы екіге бөлінуді қаламайды және сол жолда бар мүмкіндігін сарп етіп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі айтқандай FlyArystan 2024 жылы заңды тұлға болуға тиіс еді. Үшіншіден, букраннерлерге (инвесторлар өтінімін жинаумен айналысатын компания – ред.) жасаған таңдауы да қызық. Батыс нарығында бір­лескен жаһандық үйлестіруші және букраннер ретінде Citigroup Global Markets Limited және Jefferies International Limited жұмыс істейді, сондай-ақ WOOD & Com­pany Financial Services бар. Қазақстанда IPO-ны сатумен Halyk Finance айналысады. Жетекші менеджер ретінде Freedom Finance Global PLC, ко-менеджер ретінде BCC-Invest, SkyBridge Invest және Jusan Invest таныстырылды. «ҚазМұнайГаз»-дың жергілікті IPO-сымен салыс­тырғанда бұл жерде букраннерлер иерархиясы бар», дейді.

Еске сала кетейік, жақында ғана «Эйр Астана» компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 876 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде, компанияның ұшып шыққан күн немесе жақын күн­дердегі билеттер сатып алынған кезде жолаушылардың барлық санаттарынан 3 500-ден 6 500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алғаны анықталған. Осыдан соң компанияға ішкі рейс­тердің бағасын 2024 жылдың соңына дейін көтермеуге және 2023 жылдың 6 желтоқсанынан бастап жанармай алымын алып тастауға міндеттелді.