Биыл облыс аумағындағы автокөлік жолдарын аршу, елді мекендердегі қар тазалау жұмыстарына 2 млрд 245 млн теңгенің үстінде қомақты қаржы бөлініп отыр. Кейінгі бір жарым айдың ішінде 90 мың текше метрден астам қар шығарылған.
Төтенше жағдай департаментінің басшысы Қайрат Қасымның айтуынша, алдағы су тасқынына әзірлік барысында 158 тонна жанармай сатып алынған. 60 мың 200 қап, яғни 9 072 тонна инертті материал дайын тұр. ТЖД жанынан құрылған арнайы комиссия аудан-қалаларды аралап, су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін елді мекендердің дайындығын тексеру жұмыстарын бастады.
Алдағы көктемде облыстың 6 ауданындағы өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жүретін болады. Оған 62,5 млн теңге қаржы қарастырылып қойған. Ғарыш мониторингі бойынша барлау қызметін жүзеге асыруға 6,5 млн теңге бөлініп отыр. Азаматтық қорғаныс қызметінің 2 мың 827 құтқарушысы, 1 375 техникасы, 276 мотосорғысы, 108 қайығы көктемгі су тасқынынан келетін қауіпті тойтаруға дайын тұр. Мұның сыртында 1 млрд 550 млн теңге шамасында төтенше қор бар.
Төтенше жағдай қызметі су тасқынына дайындығын пысықтап алу үшін ақпанның басында «Көктем» командалық-штабтық оқу-жаттығу шараларын өткізеді. Бұл іс-шаралардың аясында құтқарушылар мүгедектер мен зейнеткерлердің ауласын қардан тазартуға көмек көрсетпек.
Кеңесте Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары туралы баян етті. Биыл шалғай аудандағы Торғай, Қабырға, Қоныраулы, Ұлы Жыланшық, Өлкейік өзендерінің бойында қар қалың. Тасқынның алдын алу мақсатында жылдағыдай биыл да бірнеше өзенде мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
«Аудан аумағында 13 су бөгеті орналасқан. Аталған гидротехникалық құрылымдардың жағдайы қанағаттанарлық. Көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендерге еш қауіп төніп тұрған жоқ. Олардың бәрі тұрмыстық қажеттілікке пайдаланып отырған бөгеттер. Биыл жергілікті атқарушы органның аудан аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған төтенше резервінен 4 млн теңге, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға 1,1 млн теңге қарастырылды. Қазіргі таңда инерттік материалдар, қапшықтар, 9 мотосорғы, 2 қайық және құм толтырылған қапшықтарды тиісті орындарға жеткізетін 2 жүк көлігі, 1 экскаватор, 1 жүк тиегіш техникасы дайын тұр», – дейді Жанкелдин ауданының әкімі.
Кеңес барысында Төтенше жағдай департаментінің басшысы Қайрат Қасым көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға дер кезінде хабар беріп отыру мәселесінің кемшін тұстарына тоқталды. Облыста бөгет, платина, жасанды су қоймасы секілді үлкенді-кішілі 98 гидротехникалық құрылым бар. Соның сегізі су тасқыны қаупі бар елді мекендерге жақын орналасқан. Алайда тұрғындарға су тасқыны жөнінде хабарлайтын құрылғы осы 8 ГТҚ-ның бесеуінде ғана бар. Оның өзі айналасындағы елді мекендердің бәріне бірдей хабар жеткізе алмайды.
«Заң бойынша нысанның меншік иесі төтенше жағдай туралы таяу орналасқан елді мекендердің бәрін хабардар етіп отыруға тиіс. Елді мекендерге жақын тұрған сегіз ГТҚ-ның жетеуі «Қазсушаруашылығына» тиесілі. Сондықтан аталған мекеме су басу қаупі бар ауылдардың бәріне мүмкіндігінше дабыл қаққыш немесе дауыс ұлғайтқыш құрылғыларын орнатқаны жөн. Сонда әкімі ауылға таяп қалған қызыл су туралы жұртты дер кезінде хабардар ете алады. Мұндай хабар тарату құрылғыларының бағасы 200 мыңнан басталып, әрі кетсе 1 млн теңгеге дейін барады. Есесіне, ауыл немесе ауылдық округ әкімі тұрғындарды эвакуациялап, қорадағы малды қауіпсіз жерге айдап апаруды дер кезінде үлгертіп ұйымдастыра алады», – деді Қайрат Қасым.
Өткен жылғы су тасқыны кезінде өңірде 47 тұрғын үй су астында қалғанын еске салған департамент басшысы: «Әсіресе Қарасу ауданындағы Қарамырза ауылында – 35 үй, Молодежный ауылында – 1 үй, Железнодорожный ауылында – 8 үй, және Восток ауылында – 3 үй телегей-теңіз судың ортасында қалды. Облыс көлеміндегі бірқатар жолды тасқын су шайып кетті. Арқалыққа қарасты Екідің, Ақтас және Қарасу ауданына қарасты Герцен ауылдарына көлік қатынасы тоқтады.
Су тасқынынан зардап шеккендер үшін жазғасалым үш тұрғын үй салынды. Көктем мен жазда су тасқынына дайындық барысында инженерлік жұмыстар жүргізілді. Екі ауылдың айналасында екі жерге топырақ үйіліп, тосқауыл қойылды. Ені 4 метрлік екі жасанды су бұрғыш орнатылды. Он үш су өткізгіш құрылыстарда қалпына келтіру-жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2 500 су өткізгіш құрылым мен 35 шақырымнан астам нөсер кәріздері тазартылды. Жалпы ұзындығы 700 метрлік екі бөгет мықтап бекітілді», деді.
Ресей аумағында орналасқан су бөгеттері де шекара түбіндегі бірқатар елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғанын ескеру керек. ТЖД басшысының айтуынша, қазір шекараның арғы беті мен бергі бетіндегі жауапты қызметтер көктемгі су тасқынының алдын алу, тұрғындарды эвакуациялау, үй жануарларын құтқару шараларын ұйымдастыруда жұмыла қимылдау мәселесін пысықтап жатыр.
Қостанай облысы