Оқиға барысын қысқаша шолып айтсақ, 1976 жылы 18 қазанда Моңғол Халық Революцияшыл Партиясының бірінші хатшысы Юмжаагийн Цеденбал бастаған өкілдер Мәскеуге келеді. Бұл оқиға туралы сол тұста «Социалистік Қазақстан» газеті 19 қазан күнгі №248 санына ТАСС таратқан хабарға сүйеніп: «КПСС Орталық комитеті, СССР Жоғарғы Советі Президиумының шақыруы бойынша Моңғол Халық революцияшыл партиясының бірінші секретары, Моңғол Халық Ұлы хуралы Президимуының Председателі Юмжаагийн Цеденбал бастаған Моңғол Халық Республикасының партия-үкімет делегациясы ресми достық сапармен Москваға келді» деп жазыпты.
Цеденбал осы сапарында Ленин орденімен марапатталады. Сөйтіп, Мәскеуде бір жарым тәулік қана аялдаған моңғолиялық қонақтар дереу Алматыға тартады. Расын айтқанда, Моңғолия басшысының негізі діттеген мақсаты Қазақстан еді. Бірақ сол тұстағы тәртіп бойынша Мәскеуді аттап өтуге болмайды. Сөйтіп, Кеңес елінің саяси құбыласы Мәскеуге ат басын бұрған сияқты.
Социализм дәуірінде Моңғолияда басшылық қызметтер атқарып, тоқсаныншы жылдардың басында Жетісу өңіріне қоныс аударған қаламгер Сәтей Нұртазаұлы ағамыздың 2008 жылы жарық көрген «Таразы» атты ғұмырбаяндық кітабында: «1974 жылы Моңғол елі тәуелсіздігі жарияланғанына 50 жыл болып, салтанатты жиын өтеді. Бұл мерекеге қатысатын КСРО делегациясын басқарып Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Ұланбатырға келді. Жиын-тойдың үшінші күні жеті жүз кісілік үлкен мейрамханада банкет өтті. Оған депутаттар, пленум мүшелері, министрлер, аймақ және үлкен мекеме басшылары қатысты. Іргелес кіші залда Қонаев бастаған кеңестік өкілдерді қабылдау рәсімі өтіп жатты. Бір кезде Қобда аймағының басшысы қызметін атқарып жүрген Қабдыл Шәбіұлы жетіп келді де: «Жігіттер, мына жақтағы кіші залда Қонаев ақсақалға арнап ресми қабылдау өтіп жатыр екен. Мен барып, сәлем беріп, сөйлесіп келейін», деп тартып кетті.
Жарықтық өткір адам еді, залды қақ жарып барып Димекеңе «Ассалаумағалейкум, Дінмұхамед Ахметұлы» депті. Бұзып-жарып жетіп келіп, Димекеңе сәлем берген Қабылды көрген Ю.Цеденбал дереу: «Очень хорошо! Динмухамед Ахметович, он один из выдающихся наших казахов. Как великий Турар Рыскулов, который обосновал нашу Конституцию. Он тоже оратор Шабын Хавдал. Умный организатор. Иногда мы шутим над ним, называем нашим «скорой помощью». Посылаем туда, где отсталые аймаки. И справляется он быстро!», деп орысша түсіндіреді. Мән-жайға қаныққан Димекең:
– Где он сейчас работает? – деп Ю.Цеденбалға қарсы сұрақ қояды.
– Ховдинском аймаке, председателем, – деп жауап қатқан Цеденбал дереу партияның идеология жөніндегі хатшысы Лхагвасурэнге: «Сендер осындағы қазақ азаматтарымен Дінмұхамед Ахметовичті жеке жолықтыруды неге ұйымдастырмадыңдар?», деп сұраулы жүзбен қарайды. Ол: «Біз ұсындық, Мәскеу бағдарламаға қоспады» дейді. Бұл екеуі моңғолша сөйлесіп жатқан тұста Димекең:
– Қалай, ел-жұртың аман ба, қарағым? – деп сөзін қазақша бастап. – Жиында бастарына кестелі тақиясын киіп отырған қазақтар екенін білдім. Соған қарап ғұрыптарыңды сақтағандарыңды аңғардым. Ел-жұртыңа сәлем айт. Цеденбал бастықпен жақсы мәміледеміз… – дей келе, бұл Цеденбалды Қазақстанға арнайы шақырғанын Димекең қасында тұрған Қабдыл Шәбіұлына сөз арасында сыздықтатып айтып қалады. Яғни бұл реткі Цеденбалдың Қазақстанға сапары-
ның бір негізгі түйіні осында жатса керек.
* * *
Сөйтіп, Моңғолия басшысы Цеденбал бастаған делегация 20 қазан күні Алматыға ат басын тірейді. Бұл оқиға туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 21 қазан күнгі №250 санында: «Алматы аэропорты Моңғол Халық Республикасының, Совет Одағының, Қазақ ССР-нің мемлекеттік жалауларымен, моңғол, орыс және қазақ тілдерінде құттықтаулар жазылған транспаранттармен безендірілген. Әуе лайнері аэропорт үйінің қасына келді. Самолет баспалдағы жанында Ю.Цеденбал жолдасты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев, Қазақ ССР Министрлер Советінің председателі Б.Әшімовтер шын жүректен туыстарша қарсы алды» деп жазыпты.
Моңғолиялық делегация осы сапарында, аса маңызды ресми кездесулер өткізеді. Одан кейін Алматы қаласының көрікті жерлерін аралайды. 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы парктегі Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қояды. Достық үйі кітапханасы мен Ленин атындағы сарайға бас сұғады. Кешкісін Абай атыдағы Қазақ академиялық опера және балет театрында өнер шеберлерінің концертін тамашалайды.
Келесі, яғни қазан айының 23-і күні қонақтар Октябрь революциясының 50 жылдығы атындағы Алматы мақта-мата комбинатында сан мың адамдық ұжымымен кездеседі. Бұл оқиға туралы ТАСС: «Комбинат коллективі Моңғол Халық Републикасының партия-үкімет делегациясын шын жүректен туыстарша қарсы алып, митинг өткізді» деп әлемге ақпарат таратты.
Сөзімізді түйіндеп айтқанда, өздеріңіз көріп отырған мына сурет осы кездесу кезінде түсірілген екен. Бұл жәдігер қазір Ұланбатыр қаласының тұрғыны, ондағы қазақтар арасынан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат, Төтенше және өкілетті елші, қоғам қайраткері Сайран Қадырұлының жеке қорында тұр. Яғни Димаш Ахметұлы қадірлі қонаққа Алматы мақта-мата комбинатының ісмерлері тіккен оюлы шапан мен кестелі тақия кигізіп, сый жасаған екен.