Құтқарушы • 22 Қаңтар, 2024

Құтқарушы Құралбай

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өмірде тосын, төтенше жағдайлар болмай тұрмайды. Қиын кезде қиналғанның қасынан табылып, ауыртпалығын бірдей көтерісетін құтқарушылардың орны бөлек.

Құтқарушы Құралбай

Маңғыстау облысында құтқару қызметі 1995 жылы құрылды. Содан бері апатты жағдай мен өртті жою бөлімшелері 80 мыңнан аса құтқару қызметін жүзеге асырған. Осы уақыт аралығында құтқарушылардың кәсібилігі мен жеделдігінің нәтижесінде 5 мыңға жуық адам құтқарылып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп, ТЖ-ның түрлі аймақтарынан 18 мыңнан аса адам эвакуацияланған.

Өңірлік азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеубергеннің айтуынша, өңірімізде былтыр құтқарушылардың көмегімен 300-ден аса адам құтқарылып, 600-ге жуық адам эвакуацияланған, сондай-ақ 70-тен аса азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

– Құтқарушы мамандығы ең сұранысқа ие және құрметті мамандардың бірі болып қала береді. Құтқарушылар қиындыққа тап болған адамдарға көмекке асығады, олардың өмірі үшін күреседі, күн сайын дерлік тұзаққа түсетін жануарларды да көмексіз қалдырмайды, – деді Ратбек Демеуберген.

Өңірде тұрақты негізде алдын алу жұмыс­тары жүргізілуіне қарамастан, төтенше оқиғалар мен өрт тұтану жайттары жиі тіркеледі. Ал жаз айларында, яғни теңізге шомылу маусымында суға кету оқиғалары орын алады. Тұрғындардың тыйым салынған жерлерден суға түсуінің соңы қайғылы, қиын жағдайларға душар етеді.

Судан құтқарудың қиындығымен бетпе-бет келгендердің бірі – Маңғыстау облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Жолдасов Құралбай. Былтыр сәуір айында Ақтау қаласы 4а шағын ауданы тұсында теңіз жағалауында суға түсуге тыйым салынған аумақта үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде бас құтқарушы Құралбай Өсербайұлы суға батып бара жатқан жасөспірімдерді байқады. Олар үлкен толқын салдарынан жағаға жүзе алмай, суға бата бастаған. Құралбай дереу құтқару шеңберін лақтырғанмен, жасөспірімдер құтқару шеңберін ұстай алмайды. Өз өмірін қатерге тіккен Құралбай ойланбастан суға секіріп, екі жасөспірімді жан-дәрменімен судан алып шығады. Құралбай батырдың арқасында 2011 жылы және 2016 жылы туған екі жасөспірім ажал тырнағынан арашаланып, отбасына оралады.

Бұл – бас құтқарушы Құралбай Өсер­бай­ұлының басынан өткізген құтқару операцияларының біреуі ғана. Азаматтық қорғау органдарында 2019 жылдың маусым айынан бастап жұмыс істейтін Құралбай өз еңбегін адал атқаруымен, суасты іздестіру жұмыстарын үздік атқаруымен танылып, өзінің білікті маман екенін үнемі көрсетіп келеді, яғни қызмет желісі бойынша жұмыс тәжірибесі мол. Әріптестерінің айтуынша, ол – өзінің тәжірибесін жастарға үйретіп, ұжымның қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып жүретін ұжымға сыйлы маман.

Қиын сәтте өмірін қауіпке тігіп, өзгелерге көмектесетін төтенше жағдай қызметі саласы мамандарының әр күні, әр сәті қиындыққа толы. Олар елдің тыныштығына, дамуына азаматтық үлесін қосып келеді.

 

Маңғыстау облысы