Мәселе • 22 Қаңтар, 2024

Жолаушы неге жабырқау?

319 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында еліміздің Еуразия құрлығындағы бас­ты транзит хабы ретіндегі рөлін арттырып, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналу міндетін қойды. Осыған орай, аталған саланы тиімді басқару мақсатында Көлік министрлігі қайта құрылған болатын.

Жолаушы неге жабырқау?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алайда, жаңадан құрылған мемле­кет­тік орган арада өткен төрт айдан астам уақыт ішінде көлік-логистика сала­сын дамытуда, әсіресе жолаушыларға көрсе­тілетін қызмет сапасын арттыруда соны бетбұрыс жасады деуге әлі ерте. Жыл­дар бойы айта-айта ауыз жауыр болған пойыздардың кешігуі, вагондар­дың көбінің жай-күйі қазіргі заман талабына сай еместігі, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі сияқты көкейкесті мәселелердің түйіні тарқатылмаған күйі тұр. Сол себепті жолаушылардың негізінен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына (ҚТЖ) өкпелері қара қазандай.

Мәселен, жуырда белгілі журналист Қайнар Олжай әлеуметтік желідегі парақшасында: «15 желтоқсан күні ҚТЖ-ның Астана мен Алматы арасы­на қатынайтын нөмірі 10-пойызы жүр­мейтіні туралы хабарлама түсті. Сол пойыздың жолаушысы едік. Амал жоқ, тым қымбатқа ұшақпен келдік. Енді 1-Алматы вокзалына жүрмей қалған пойыздың билетінің құнын қайтарып алмаққа келдік. Оның алдында ҚТЖ сайтындағы «Билет қайтару» деген жауап бермейтін телефонына үш күн әуреленгенбіз. Болмаған соң вокзалдағы «Анықтама бюросына» келдік. «12-тере­зе­дегі аға кассирге барыңыз», деді. Саусағын шұқып, ерігіп отырған ол кассирге мәселені түсіндіріп едік, «Маған кім жіберді, онымен тек 1 және 2 нөмірлі кассалар айналысады», деді. Енді 2-кас­саға келдік. Түсіндірдік. «Билеттің нөмі­рін айтыңыз», деді. Смартфоннан сы­ғы­райып 14 санды нөмірді айттық. Әйнек­тің ар жағындағы әйел үш-төрт минут компьютерді шұқылап: «Сіз бірінші кассаға барыңыз», деді. Ал бұл кассада «Сағат 12-13 арасы – техникалық үзіліс» деп тұр. Әлбетте, орыс тілінде. Сағат 12-ден енді асқан. Пойыздары осылай уақ­тылы жүрсе дедік. Әйтеуір келген соң елу минуттай күттік. Келді. Екі өкпе­мізді қолымызға алып, касса алдына жет­тік. Сөйтсек, «Менің әлі техникалық уақы­тым біткен жоқ», дегені. Сағат 12.57 екен. Әкем-ау, өздеріне келгенде үш минутын есептейді, пойыздары жолаушыларды үш сағатқа кешіктіретіні қаперлеріне кірмейді. Сонда есімізге түсті: 10 жел­тоқсан күні түс ауа Астанаға қарай пойыз­ға отырғанымызда «вагон-ресторан істемейді» деп бізді аштан қатырған – осы ҚТЖ. Оны алдын ала хабарлама жі­беріп ескертпеген. Пойыз жүрмейтін болғанын хабарлайды, ал пойыздағы вагон-ресторан жабық тұратынын хабарламайды. Сонда ҚТЖ қызметкерлерінің асқазанына ас уақтылы түсуі керек те, жолаушылардың асқазаны он алты сағат ұлып тұруы керек пе?!», деп жазды. Оған үн қосқан көптеген азамат ҚТЖ-ның жолаушыларға қызметін тілдері жеткенше сынға алды.

«Мен де 15 желтоқсанға осы пойыздың «Алматы – Қарағанды» бағытына, ал 18 желтоқсанға кері қарай билет алғанмын. Kaspi.kz қосымшасы арқылы алған соң, соларға жүгініп, өткізген соң 85 мың теңгемнің 2100 теңгесін ұстап қалып, қалғанын қайтарды. Енді сол ақшаны не үшін ұстағанын түсіндіріп беретін бір сауатты маман жоқ. «24 сағатта жауап береміз» деп еді, содан бері 4 күн өтті», дейді Эля Жаңабергенқызы.

«Тоқсаныншы жылдардағы ескі пойыздар әлі қатынайды. Туалеттерінің іші сасып тұрады. Жолда жүз тоқтайды. Ал әлем жүрдек пойызға әлдеқашан көшіп кетті», дейді Еркін Шәкірұлы.

«Былтыр Алматыдан Астанаға бір сағат кешігіп шықтық. 29 жел­тоқсан күні Астанадан Алматыға қайтарда пойызымыз кешкі сағат 21-де жүруі керек еді, біз вокзалға екі сағат ерте бардық. Сағат 21-де «пойыз 5 сағатқа кешігеді» деп хабарлады. Одан соң тағы бір сағат кешікті. Билетіміз «Тальго»-ға алынған, ал бізге 6 сағат кешігіп, жай пойыз келіп тұр. Сөйтіп, 30 желтоқсанда Алматыға күндізгі сағат 11-де жетудің орнына түнгі сағат 00.30-да әрең жеттік. Ауа райына байланысты ұшақтың кешігуін түсінуге болар, қара жермен жүретін пойыздың соншама кешігуін қалай түсінуге болады?», дейді Ахмет
Өмірзақ.

«Біздің елде жолаушы құқы, уақыты деген нәрселерге атүсті қарайды. Басқа елдерге жиі шығамын. Пойыз, ұшақ, кеме қызметтерін пайдаланып жүрмін. Кешіксе немесе бір өзгеріс болса, бірден хабарлап, кешірім сұрап, жағдайыңды жасайды. Біз де билет бағасы удай, бірақ соған сай қызмет жасалмайды», дейді Елдос Алаш.

ҚТЖ-ның мұндай «қылықта­рына» өзіміз де қанықпыз. Мәсе­лен, «Алматы – Петропавл» бағы­тында қатынайтын «Тальго» жүр­дек пойызының кейінгі жылдары Астананың ескі вокзалына уақытында келгенін көрген емеспіз. Ақыры тоқтатылып ты­нып­ты. «Мұның себебін сұраға­нымызда Қызылжар өңіріне жұмыс бабындағы сапармен келген Кө­лік министрі Марат Қарабаев: «Экономикалық жағынан тиімсіз», деп жауап бергені күлкімізді кел­­тірді. Себебі аталған пойыз пә­лен жыл жүйе­лі түр­де қатынап кел­ген жоқ па?» дей­ді солтүс­тік­қазақ­стандық журналист Өмір Есқали.

Шынында да, жылына ел қазы­насынан 24 млрд теңгеден аса тікелей субсидия алатын ҚТЖ-ның жолаушылар пойыздарының бағыттарын көбейтудің орны­на, қысқартып отырғаны, пойыз­дар­дың кешігуін «дәстүр­ге» айнал­дырғаны, жолаушыларға қыз­мет көр­сетудегі кемшіліктерге көз жұ­мып қа­райтындығы жолаушы­лардың нара­зылығын туғызып отыр. Әсіресе жұрт сапарға жиі шығатын жаз айларында те­мір­жол жолаушылары тасымалына қа­тыс­ты шағым көбейе түседі. Себебі вагон­дардың сапасы сын көтермейді. Олар орта есеппен 18 жыл қолданыста болған. 76 пайызы ғана ауаны баптау жүйесімен қамтамасыз етілген. 2022-2023 жылдары 325 жолаушылар вагоны жарамсыздығына байланыс­ты есептен шығарылған, бірақ олардың орнына небәрі 129 жаңа вагон сатып алынған. Мұның өзі сұраныс көбейген кезде жол жүру билеттерінің тапшылығы пайда болуына әкеліп соғып отыр. Соған қарамастан, Көлік министрлігі мен ҚТЖ-ның жос­пары бойынша вагон паркін жаңарту әлі 7 жылға созылмақшы. Осы мақсатпен 2025-2030 жылдар аралығында 537 «Stadler» жолаушылар вагонын сатып алуға шарт жасалған. Бұған қоса, Петропавл қаласындағы «Зиксто» зауытынан 150 жолаушы вагоны сатып алынбақшы.

Бүгінгі таңда 12 теміржол ком­па­ниясы жүзеге асыратын 62 әлеуметтік маңызы бар жолау­шылар қатынасы мемлекеттік бюд­жеттен субсидияланады. Оған былтыр 43,8 млрд теңге бөлінген, ал биыл 52,2 млрд теңгеге дейін көбейтілді. Бұл ретте субсидиялау бағдарламасы шарттарының бірі теміржол билеттері бағасының өсуіне жол бермеу екендігіне қара­мастан, іс жүзінде олардың құны жыл сайынғы инфляция пайызына сәйкес қымбаттатылып отырғанын айтпауға болмайды. Алайда мүдделі мем­ле­кет­тік органдар мұны кемшілік емес, жетіс­тік деп санайды екен. Әрине, мұндай көз­қарасты түсіну де, онымен келісу де қиын.

Жақында «Moody’s Investors Service» (Moody’s) халықаралық рейтингтік агенттігі ҚТЖ-ның рейтингін Baa3-тен Baa2-ге дейін көтерді. Бұл ҚТЖ-ның қаржылық көрсеткіштерінің ұдайы жақсарып келе жатқанын және кредиттік қабілеттілігі жоға­ры екенін көрсе­теді. Агенттіктің бағалауына қарағанда, ҚТЖ-ның кірісі 2021 жылы – 13 пайызға, 2022 жылы – 16 пайызға, 2023 жылдың тоғыз айында 26 пайызға өскен, ал биыл 15-18 пайыз аралығында өсуі мүмкін. Сарапшылар ҚТЖ-ның жүк айналымы 2022 жылы – 5,1 пайызға, 2023 жылдың тоғыз айында 7,5 пайызға ұлғайғанын атап өтіп, осы көрсеткіш алдағы уақытта, негізінен, транзиттік және экспорттық операциялар есебінен жылына 7-9 пайызға өседі деп болжап отыр.

Тек осылайша табыстың тай­қаза­нын тасытып отырған ұлттық компа­ниямыздың жолаушылар тасымалы саласындағы көз­ге ұрып тұрған келең­сіздіктерді болдыр­мауға онша ықылас танытпауы қайран қалдырады. Әлде, ҚТЖ-ның шені жоғары шенеу­ніктерінің ел ішінде ұшақпен және жеңіл көлікпен сапарға шығуына ты­йым салып, оларды тек пойызбен жүруге міндеттеу қажет пе?