Аймақтар • 22 Қаңтар, 2024

Мал бағуға жайылым тапшы

159 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шоқ жұлдыздай шағын ғана жүзге жуық түтіні бар Ақадыр ауылының бірлігі мен тірлігіне жергілікті жұрт тамсана қарап, тәнті болатын еді. Тағдырдың сан алуан тәлкегіне төтеп беріп, 90-жылдары Моңғолиядан көшіп келіп, атажұртқа, Ақадырға қоныстанған ағайын аз уақыттың ішінде түтіні түзу ұшқан елге айналып еді.

Мал бағуға жайылым тапшы

Бүгінде ауыл тұрғындарының беті жаны ашымайтын жергілікті басшылардың райынан қайтып тұр. Бірінші себеп – төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған тәмам жұрттың жайылым таппай жабырқауы, малы­ның жүдеуі. Ауыл маңында то­қым­дай жер қалмаған. Тіпті табал­дырыққа дейін тақап жыртып тастаған десе де болғандай. Амалы таусылған жұртшылық жанайқайын айтып, тиісті орын­дарға өкпе-назға толы хат жаз­ға­ны­мен, ахуалдың әзірге түзелер түрі көрінер емес. Ауыл тұрғыны Әдебиет Сағидолланың айтуына қарағанда, өткен жылдың өзінде оннан астам отбасы көшіп кеткен. Әлі де болашағына алаңдап, жайлы жер іздемекші болып отырғандар жетерлік. Негізгі себеп – мал бағуға мүм­кін­дік­тің жоқтығы. Ұлу жылғы қыс ұлыс­қа оң қабағын танытпай тұр. Шағын ауылда үш жүзге жуық жылқы бар. Іргелес 1-май ауылында төрт табын жылқы бағы­ла­ды. Ауыл тұрғындарының ғана жылқысы емес, қаладағы қал­талы ағайындардың әкеліп қосқан малы. Осылайша, қыруар мал айналымға келмейтін аз жер­дің құнары кем алқабын тал­ға­жау еткеннен кейін қырау­лы қысқа көтерем болып жетеді. Аз ғана жайылым жерді жаз бойы сиыр мен қой тақырлап тас­та­ған. Егістік алқаптарда сабанды емге таппайсыз, шетелдік комбайндар турап тастайды. Осы елдің жерімен ырыздығын тауып отырған серіктестік басшылары малсақ қауымға жаны ашып, тым болмаса сабанымен қарасса ғой. Ауыл тұрғындарының айтуы­на қарағанда, жаз бойы бұзау­ла­рын арқандап, сиырларын көз­дерінен таса қылмай, жетектеп баққан. Оған себеп – аяқты мал­дың серіктестік егініне түсіп кетуі. Малсақ қауым сан мәрте айып­пұл арқалаған. Қаражаты болмағаннан кейін кейбіреулері малын беріп құтылған. Тұрмыс қиындаған соң жайылым мен шабындық жердің жетімсіздігін айтып, жергілікті әкімдіктің та­бал­дырығын тоздырған. Ал Зе­ренді аудандық әкімдігі ауыл тұр­ғындарының жайылымдық және шабындық жері жоқтығы туралы арызына өткен жылдың 27 сәуірінде мынандай жа­уап беріпті. «Ақадыр ауылына егістік алқабы тиіп тұрған «Колос 2014» серіктестігінің жерін ауыл­ға қай­­тарып беру туралы өті­ніш қа­­ралды. Елді мекеннің жа­йы­лымдық жер тапшылығын шешу мақ­са­тын­да аудан әкімдігі ауыл шар­уа­шылығы тауарларын өндіру­ші­лер мен меморандум жасау шараларын әзірледі. Шағалалы ауылдық округі әкі­мінің аппараты мал жайылымын бірлесіп пайдалану туралы меморандум жасасты».

Осы жауап хатта айтылған уәж­ге қарағанда, 3 599 гектар жа­йы­лымдық жер ауыл енші­сі­не қайтарылып, бар мәселе шешілуге тиісті еді. Әйтсе де ауыл тұрғындары мұндай жақ­сы­лықтың шарапатын көре алмай отыр. Мәселе қаралған комиссияға «Колос 2014» серік­тес­тігімен бірге «Bayat agro» се­рік­тестігінің де өкілдері қа­тыс­­қан. Олар ауылдың айналасын жыртпайтындықтары туралы келісімге келген. «Bayat agro» серіктестігінің ерікті түрде бас тартуы негізінде Зерен­ді аудандық әкімдігінің қаулы­сы­мен Шағалалы ауылдық округі­нің әкімшілік шекарасында орналасқан жалпы көлемі 290 гектар жер қайтарылуға тиісті еді. Оның 191 гектары егістік алқап болса, 99 гектары жайылымдық жер. Осы қайтарылған жер телімін ауыл тұрғындары мал жайылымына пайдалану мүм­кін­дігіне ие болмақ. Алайда ауыл үшін көкейтесті мәселе сана­тындағы осы сұрақ шешімін тап­пай тұр.

– Ауыл тұрғындары азын-аулақ малының арқасында ғана күнелтіп отыр, – дейді Әдебиет Сағидолла. – Әйтпесе бас­қа жұ­мыс жоқ қой. Егер мал бағу­ға мүмкіндік берілсе, біз ешкім­нен ештеңе сұрамас едік. Ауылда сүт жинайтын коопе­ра­тив бол­ма­­ғандықтан, мал өнім­де­рін Көкшетауға апарып сатамыз. Егер ет, сүт, жүн тәрізді өнім­дерді сатып алса, екі жаққа бір­дей тиімді болар еді. Елді мекенде мал соятын арнайы алаң да жоқ. Халық малын көшеде сояды. Ауылдың еншісіндегі мал жайылымына бөлінген жер құнарсыз. Тастақ төбенің етегі. Біз осы мәселені айта-айта әбден жауыр қылдық. Қазір жүз отбасына жуық қандастар Мәжіліс депутаттарына да хабарласып, қалыптасып отырған жағдайды жет­кізіп жатыр. Әйтсе де біздің өті­ніші­мізге құлақ асып жатқан еш­кім жоқ.

Ендігі бір мәселе – күре жол­­дың бойындағы қаншама жыл­дан бері жөндеу көрмеген 11 ша­қы­рым­дық жол. Атбасар-Көк­шетау бағытындағы тасжол­дан сәл ғана қиыс жатқан Ақа­дыр ауылына дейінгі жолды жөн­деу мәселесі бойынша Зерен­ді ауданы әкімінің орынбаса­ры А.Ахмедьяновтың қолы қо­йыл­ған 2020 жылғы жауап хатта орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін техникалық құжат­тама әзірленіп жатыр деген жауап кел­ген. Тіпті байқау қоры­тын­ды­сы­ның хаттамасында «Игі­лік строй­проект» серіктес­ті­гінің же­ңім­паз болғаны да айтылады. Ақмола облыстық жолау­шы­лар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасына да бюд­жет­тік өтінім тапсырылған. Көк­тем­де қызыл су басып, көлік өте алмай қалатындықтан, ауыл тұрғындары азабын сан жылдар бойы арқалап келе жатса да, қияметтің қыл көпіріндей жол жөндеуден өткізілмей тұр.

Осыншама ауыртпалықты арқалап келе жатқан ауыл тұр­­ғын­дарының жалғыз ғана өті­ніші бар. Ол біздің жайымыз жо­ға­рыға жетсе екен дейді. Сон­да ғана жер­гі­лікті атқарушы би­­лік­­тің құ­лақ асуы мүмкін.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы