Елорда • 23 Қаңтар, 2024

Астаналық келіншек егізден кейін үшем дүниеге әкелді

2885 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 қаңтарда Астана қаласындағы алғашқы үшем №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушерлік блогында дүниеге келді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астаналық келіншек егізден кейін үшем дүниеге әкелді

Фото: Астана әкімдігі

Сәбилердің анасы Ажар Қабитова жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздары мен 2022 жылы туған егіз балаларын тәрбиелеп отыр. Жас ана жүктіліктің 34-ші аптасында босанды, сәбилерінің бәрі - ұл балалар. Балалардың салмағы 3000 грамм, 2300 грамм және 2500 грамм болып туған.

Айта кетсек, жаңа туған нәрестелер бір аптаға жуық уақыттан бері №2 қалалық көпсалалы ауруханасында жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың денсаулығы жақсы, аздап салмақ қосып жатыр. Ұдайы дәрігерлердің бақылауында. 24 қаңтар күні үйлеріне шығарылады.

Сәбилерін дүниеге әкелуіне көмектескені үшін Ажар өзінің Instagram аккаунтында дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Астана қаласындағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың медициналық персоналы мен акушерлік блок дәрігерлеріне, атап айтқанда, Ардана Айдарбекқызы мен Венера Усаинқызына алғысымды білдіремін. Сіздердің қамқорлығыңыз, жылулығыңыз және кәсібилігіңіз менің өмірімнің осы маңызды сәтінде сенімділік пен қауіпсіздік атмосферасын сыйлады. Жұмыстарыңыз үшін және жаңа өмір бастауға қосқан үлестеріңіз үшін рақмет», деп жазды ол.