Театр • 23 Қаңтар, 2024

Мақашеваның моноспектаклі

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық дра­ма театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақа­шева­ның бенефисіне арналған «Нора» қойылымы сахналанды.

Мақашеваның моноспектаклі

Норвегиялық драматург Генрик Ибсеннің 1879 жылы жазылған «Қуыр­шақ үй» пьесасы 2001 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік құжаттық мұраны қорғау бойынша «Әлем жады» тізіміне енгізілген еді. Қойылымның басты кейіпкері Нора күйеуі Торвальдті ажалдан арашалау үшін барын салады, тіпті өтірікке барады. Дерттің беті қайтып, биік мансапқа қол жетіп, енді бақытты өмірдің есігі ашылды дегенде, күтпеген жерден құпия ашыл­мақ, бәрі күл-тал­қан болмақ... Нора күйеуінен қолдау, кешірім кү­теді, өйткені осының бәрі сол үшін жа­салған еді ғой...

Кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін қобалжытып, сан қалыпқа түсіретін күрделі психологиялық пьесаны қазақ тіліне тәржімалаған – Эльмира Жұма­жанқызының өзі болатын. Оның үстіне қойылымдағы 4 кейіпкерді – Нора келіншек, оның күйеуі Торвальдт, адвокат Хельмер мен қыз күніндегі құрбысы Фру Линнені Эльмира Мақа­шеваның жалғыз өзі сомдап шықты. Осылайша, өзінің 50 жасқа толған туған күнінде көрермендерге ерекше мәдени тарту жасады.

– Бұл пьесаның жазылғанына 1,5 ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпаған дүние. Біз оны қазақ тіліне аударып, бір адамдық моноспектакль етіп ың­ғай­ладық. Қойылым Эльмира Мақаше­ваның бенефисіне арнайы дайындалды, – дейді қоюшы режиссер, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері Батырбек Шамбетов.

Жалғыз әртістің бір қойылымда бірден 4 образды алып шығуы – Орал театры тарихында бұрын-соңды бол­маған дүние. Сондықтан да бұл оңайға түспегені анық. Дегенмен, 30 жыл­дық сахналық тәжірибесі Эльмира Жұма­жанқызының әбден қалыптасқан өнер шебері екенін көрсетті. Қойылым соңында кеш иесі көрерменнің ыстық ықы­ласына бөленіп, құшақ-құшақ гүл­дің астында қалды. Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Нариман Төреғалиев алғысхатпен марапатталса, өнерпаздың туған жері – Теректі ауданы да арнайы құттықтап, иығына қамзол жапты.

Айта кетейік, Эльмира Мақашева – әртістігі, аудармашылығынан бөлек, қоғамдық жұмыстардың да белортасында жүретін қайраткер жан. Өткен жылы ғана Теректі ауданының құрметті азаматы атанды. 2021 жылы Орал қала­сындағы Оқушылар сарайы жанынан «Мақашева театрын» ашып, жүргізіп келеді. Қазір бұл театрда 50-ге жуық бала сахна өнеріне тәрбиеленіп, қала мектептерінде бірнеше қойылым да­йын­дап үлгерген.

 

Батыс Қазақстан облысы