Несие • 23 Қаңтар, 2024

Несие пайызы неге төмендемейді?

279 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Парламенттің жылдық пайыздық мөлшерлемені 56-дан 44%-ға дейін төмендету туралы ұсынысын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) қолдап отыр. Парламент пайыздық мөлшерлемені 44 пайызға түсіруді сұраса, ҚНДРА 42 пайыз деп отыр. Егер бұл ұсыныс зерттеліп, зерделеніп, айналымға енсе, несие пайызы да қазіргі 20-25 пайыздан әжептәуір төмендейді. Оның қанша пайызға тоқтайтынын ешкім болжап айта алмайды.

Несие пайызы неге төмендемейді?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сырты макроэкономикалық ахуал әлі де әрі-сәрі күйден ұзай қойған жоқ. Мұнай бағасы да мың құбылып тұр. Дамыған елдердің ішкі нарығы инфляциямен күресу үшін ақша-несие саясатын қатаңдата бастады. Сарапшылар сыртқы инвесторлар тарапынан біздің ақшаға деген сұранысты азайтатын да, валюта нарығына қысым жасайтын да фактордың осы екендігін айтудан әсте жалыққан емес.

Сонымен, ҚНДРА өкілдері банктердің тұтынушылық несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнін заңнамалық тәртіпте бел­гілеуді ұсынып отыр. Демек қазіргі біздің мүмкіндігіміз 44 емес, 42 пайызды да көтеретіндей шамада. Бұл жағдай түсінікті тілмен айтқанда Парламент ҚНДРА-дан бие сұраған еді, ал олар түйе берді. Нақтыласақ, аз сұрап, көп алайын деп тұр.

Осы ретте агенттік тұтынушылық несиелер бойынша ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу әдістемесін әзірлеп жатқанынан құлағдар етті. Әзірге белгілі болға­нын­дай, кейінгі көрсеткіш төрт нарық­тық факторға байланысты: Олар – қорландыру құны, тәуекелдік сый­лық­ақы, маржа деңгейі және банктің опе­ра­циялық шығындары.

Естеріңізде болса, былтырғы наурыз­да бұл мәселе көтерілген. Ол «Ашық заңды тұлғалар» сайтында қаулы жоба­сында айтылды. Жобалық құжатта кепіл­сіз тұтынушылық несиелер сый­ақы мөлшерлемесінің шекті мәнін 44% дең­гейінде белгілеу ұсынылды. Кейіннен құжат жойылды.

Агенттік ұсынған тәсілдерді қоғам­дық талқылау аясында Қазақстан қар­жы­герлер қауымдастығымен және екін­ші деңгейлі банктермен бірнеше кез­десу­лер ұйымдастырылды. Нарық қа­ты­­су­шыларының ескертулері мен ұсыныс­тарының көпшілігі ескерілген екен.

Рас, бұл көп көңілінде қорда­ланып қалған мәселелердің бірі-тін. 2022 жыл­дың қарашасында Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова банктер үшін маржаны шектеу мақсатында жылдық мөлшерлемені 56%-дан 40%-ға дейін төмендетуді ұсынды.

Сол жылдың желтоқсан айында Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі бұл мәселені қарастырып жатқанын айтқан.

Банктік тұтынушылық несиелер бо­йынша ағымдағы 56 пайыздық мөлшер­леме 2012 жылы белгіленді және содан бері еш өзгермеген. Отандық банктерге қаншалықты тиімді болғанын осыдан-ақ аңғара берсеңіз болғандай. Себебі ЕДБ-ның алғашқы жартыжылдықтағы пайдасы трлн теңгеден асып кетті. Бірақ банктердің басым көпшілігі журналистерге 2022 жылы берілген несиелерінің құрылымында мөлшер­лемелері 44%-дан асатын несиелердің үлесі шамалы және 1%-ға жетпейтінін айтыпты.

Freedom Bank-тің баспасөз қызметі халыққа несиені тек кепілге қойып беретінін түсіндірді. Кепілсіз несие алуға тек жеке кәсіпкерлердің мүмкіндігі бар. Еуразиялық банк мөлшерлемені көтерудің орнына балама нұсқа ұсынды. Қаржы институтының айтуынша, қарыз алушыларды бағалаудың (несиелік балл беру) ұлттық жүйесін енгізу қажет.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлей­менов қазіргі тұтынушылық несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­лемесінің шекті мәні тұрғысында жұмыс істеу керектігін, қазіргі 56 пайыз­дық мөлшерлеме тым жоғары екенін айтқан. Былтырғы қыркүйектің басында ҚНДРА төрағасы Мәдина Әбілқасымова берілетін тұтынушылық несиелердің көлемін заңнамалық тұрғыдан шектеуді ұсынған болатын.

«Біз микроқаржы ұйымдары беретін несиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендетуді, тұтынушылық несиелерді табысқа байланысты шектеуді, яғни қарыз алушының төлем қабілеттілігін неғұрлым қатаң растауды жоспарлап отырмыз», деген еді сол кезде Әбілқа­сымова.

Еуропадағы тұтынушылық несиелер шамамен жылына 7-10% құрайды. Пайыздық мөлшерлемелер әртүрлі, ең төменгісі Ұлыбританияда 2% құрайды. Бірақ жоғары пайызбен несие беретін банктер де бар. Мысалы, кейбіреулер жылдық мөлшерлемесі 5,5% болатын несие немесе ипотека ұсынады. Ең қолай­лы пайыздық мөлшерлеме Кипрде, онда – 5%. Еуропадағы ең жоғары көрсеткіш Болгарияда – 11%. Несие беру көлемі бойынша Швейцария көш бастап тұр. Бұл елде 400 мың еуроға дейін алуға болады. Яғни теңгемен есептегенде 201 миллион теңгеден асады.

Несиелер мен депозиттер бойынша пайыздар инфляция мен дефляцияның экономикалық түсініктерімен байла­ныс­ты. Экономистер дамушы елдер­дегі инфляцияның жоғары болуын отандық өндірістің тоқырауымен және инновацияның жоқтығымен байланыс­тырады. Өндірісті дамытпасақ, ин­фля­ция жалғаса береді, яғни тауар ба­­ға­сының өсу үрдісі тоқтамайды. Қар­­­жы сарапшылары инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлеме ұдайы көте­рі­летінін айтады.

Жуырда Ұлттық банк базалық пайыз­дық мөлшерлемені 15,25 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Осылайша, Ұлттық банк базалық мөл­шер­лемені қатарынан төртінші мәр­те тө­мендетті. Қымбатшылықпен күрес­те Ұлттық банкте жалғыз мандаты бар екенін, ол – базалық пайыз­дық мөл­шерлемені көтеру немесе төмендетумен шектелетінін, ақша мас­сасын қадағалау кезінде қолданатынын білеміз. «Неге Ұлттық банк мөлшерлемені Еуропа елдері сияқты 0-0,25 пайыз етіп қоя алмайды?» деген сауалға Ұлттық банктің де, сарапшылардың да жауабы дайын. Дамушы елдерде инфляцияның өсіп кету қаупі жоғары, ал дамыған елдерде ол 0-2 пайыз төңірегінен аспайды.

Өткен жылдың басында инфляция ырық бермей кеткенін әлі ұмыта қойған жоқпыз. Алдыңғы желтоқсанында оның деңгейі 20,3 пайыз болды. Өткен жылдың қаңтарында – 20,7, ақпанда – 21,3 пайызға дейін жетті. Тек наурыздан кейін ғана 18,1 пайызға дейін төмендеді.

Экономист-сарпашы Айбар Ол­жай­дың айтуынша, Қазақстанға JP Morgan сияқты ең төменгі пайыздық мөлшерлемесі бар банк келсе де 15,5 пайыздан төмен несие бере алмайды. Өйткені ол шығынға ұшырайды екен.

«Несие бойынша пайыздар бірнеше факторлардан тұрады. Ең бастысы – елдегі базалық мөлшерлеме. Қазір ол – 15,25 пайыз. Мұндай жағдайда кез келген банк Ұлттық банкке жылдық шамамен 15 пайызбен депозит орналас­тыра алады.  Несие бойынша пайыз мөлшерлемесіне базалық мөлшерлеме, резервтік, тәуекелдік сыйлықақы және банктік маржа сияқты факторлар әсер етеді. Сарапшының айтуынша, несие бермес бұрын банк тәуекел сыйақысын ескереді. Мысалы, 30 адамға несие берсе, соның 1,5 пайызы несиесін төлей алмай қалуы мүмкін. Банк оны өтей алмағандардың шығынын жабу үшін 2-3% тәуекелдік сыйлықақы қосады. Басқаша айтқанда, 30 адам жабылып несиесін төлей алмай қалған 1 адамның шығынын жабады. Сондай-ақ жоғары пайыздық мөлшерлемеге қаржы нарығындағы теңгелік несиелерге сенімсіздік те әсер етіп отыр. «Біздің коммерциялық банк­терде теңгелік несиелер бойынша ең төменгі маржа 4% құрайды. Кейбір банктер бұдан да жоғары – 5-7% алады. Күшті шетелдік банк 3% бере алады. Дегенмен, банктердің айтуын­ша, мерзімі 5 жылдан жоғары теңгелік несиелердің тәуекелі жоғары. Теңге әлі де толық сенімге ие емес. Сондықтан олар құнын жоғалтпайтын кепілмен бес жылдан астам мерзімге ғана несие бере алады», деп қосты сарапшы.

2024 жылы инфляция одан әрі баяу­ласа, Ұлттық банк ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, мөлшерлемені бірқа-лыпты төмендетуді қайта қарастырмақ. Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, тәуелсіздік алған­нан бері Ұлттық банк ақша-несие саясатының үш режімін қолданды. 1990 жылдардағы бірінші кезеңде ақша массасын таргеттеу режімі қолданылды. Содан кейін Қазақстанда бұл ақша режімін саясаткерлер тиімсіз деп санады, бұл көптеген халықаралық зерттеулермен расталды.

2000 жылдары Ұлттық банк айырбас бағамының тұрақтылығын қам­тамасыз ету, теңгенің АҚШ долларына айырбас­тау бағамын, одан кейін шетел валюталарының қоржынына бекіту режіміне көшті. Бірақ бұл жүйе де ішкі нарықпен қабысып кете алмады.

Ұлттық Банк 2015 жылғы тамызда Қазақстан үшін қолайлы ақша-несие саясатының режімі ретінде инфляциялық таргеттеу режіміне ойысты. Бұл ретте инфля­циялық таргеттеудің құрамдас бө­лігі болып табылатын ұлттық валютаның еркін өзгермелі айырбас бағамы режімі енгізілді.

Ұлттық банктің сайтында айтылған­дай, «базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне ақша нарығының пайыздық мөлшерлемелері мен валюта бағамы арқылы әсер етеді».

І. Исаевтың айтуынша, банктердің негізгі функциялары – несие беру, депо­зиттерді сақтау және ұлғайтуға назар аударады. Егер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі төмендетілсе, банктердің маржаларына әсер етуі мүмкін.

«Біз бұл міндетті кезең-кезеңімен орын­дауымыз керек. Мысалы, дәл қазір­гі 20-22 пайыздан бірден 12-14 пайыз­­ға түсіру мүмкін емес. Егер банк­тер тұтынушылық несиеден шет қал­са, салымшылар алдындағы міндетте­мелерін орындау үшін ақшаны қайдан табады? Бұл мәселе – нарықтың беталы­сына қарай реттеліп отыратын мәселе. Экономикамыз әлсіз, біздің жағ­дайымызда кінәліні іздеу қап-қараңғы бөлмеден қара мысықты іздеумен бір­дей. Тап қазір біреуді кінәлаудан аулақ­пын. Экономиканың іргетасы дұ­рыс қаланбады. Экономика нарыққа, халыққа емес, шағын топқа қызмет етті. Біз экономиканы әртараптандыру ар­қылы бұл мәселені де шешеміз», дейді сарапшы. Сарапшының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін өңірлерді дамыту, көші-қон және аграрлық саясат, сонымен қатар шағын тауар өндірісі үшін кешенді шаралар қажет. 2012 жылдан бері бізде кепілсіз несиелердің пайыздық деңгейі өзгерген жоқ. Бұл өте қымбат несие екенін, халықтың ЕДБ алдында қарызға батуына осы себеп болғанын көріп отырмыз. Соңғы 10 жыл ішінде несиесін төлей алмайтындардың саны күрт көбейді, сонымен бірге экономикалық белсенді топтың ЕДБ алдындағы қарызы да өсті. «Тұтыну несиелерінің пайыздық көрсеткіші тауар құнына әсер ете алмайды. Базалық мөлшерлеменің инфляция деңгейінен төмен болуы теңге­ні құнсыздандырып, айналымдағы қар­жы­ны құнсыздандырады. ЕДБ мен микро­қаржы ұйымдары пруденциалдық стандарттарды сақтаған жағдайда несиелер арзандауы, қолжетімді болуы мүмкін. Тауар­лардың бағасы инфляцияның көтері­луіне байланысты. Оған Ұлттық банктің түк қатысы жоқ. «Базалық мөл­шер­леме өссе, ол несие құнының өсуіне әсер етуі мүмкін, төмендесе, несиенің құнын төмендетеді», деген қағида экономикасы дамыған елдерге тән заңдылық. Бірақ бұл тәртіп біздің елде жұмыс істемейді», дейді сарапшы.

Қысқасы, сарапшылардың пікірін­ше, 42 пайыздық жаңа мөлшер­ле­мені заңдастыру үшін несие реабилитациясын, яғни осы күнге дейін алынған несиеге аудит жүргізу керек. Бұл – оңай шаруа емес. Халықтың ЕДБ алдындағы қарызы шектен шығып барады. Алда атқарылар жұмыс көп. ҚНДРА оның да тетігін алдын ала ойластырып отыр деп үміттенеміз.

 

АЛМАТЫ