Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өртелген жүн, көмілген тері
Сіріңке толы қорапты сілки айналдырып, жүн толы қаптарға да жеттім. Құрғап қалған дүние от тисе қаулап жанбай ма? Пышырлап жана бастады. Мұрынға үйітілген құйқаның иісі келді. Былайырақ барып, өртеніп жатқан жүнге қараймын. Қараймын да қазақы ауылдың бұрынғы тіршілігін елестетемін...
Апам болса осы жүннен бәрін тоқитын. Шұлық. Свитер. Киіз басатын. Алаша жіп есетін. Тіпті бар ғой, келіндерін отырғызып, тулақ толы жүнді сабататын.
Осы жүннен бар ғой. Бала мысықпен алыса отырып, ұршықпен жіп иірген апам үйдегілерден бөлек, қаладағы ұл-қызға жүн шұлық тоқитын еді-ау. Үйдегі ұлдарға қара қойдың жүні жарай береді. Келін мен қаладағы қыздарына аппақ жүннен шұлық тоқып, салып жіберетін. Тіпті өзім киген жүн шұлықтың өкшесін ойып тастасам да, «балам-ай, табаныңда шеге бар шығар сенің» деп күле отырып, кеткен жерін сөгіп тастап, қайта тоқитын. Апам кеткелі қой жүні біз үшін қадірсіз болып қалғаны ма?..
...Тоғыз қабат торқадан тоқтышағының терісін артық көретін бұрынғы қазақты армандап отырғанымда манағы жүн де жанып біткен екен. Өртенген жүннің түтінімен жетектесе шыққан жүн шұлық туралы жылы естелік табанымды қыздыра бергені...
Былтыр ма, әлде бұрнағы жылы шығар, Құрбан айт мерекесіне мал шалудың куәсі болғанымыз бар. Артынша өзімізше есептеп көрдік. Қанша ірі қара, қанша ұсақ мал сойылды дегендей ғой. Мысалы, бір өңір (облыс) бойынша орта есеппен 4 түйе, 124 ірі қара, 714 қой, 95 тоқты құрбандыққа шалынды делік. Үш күнгі шарада тонналаған ет таратылды. Бұл жерде біз жеке өз шаңырағында құрбандық қойын сойып, Құдайдан тілек тілеген пенделердің есебін қосып отырғанымыз жоқ.
Қош, осыншама мал сойылғанда терінің тұтастай қайда кеткені белгісіз. «Санитарлық талапқа сай көмілді» деген ғана мәлімет шыға келді алдымыздан. Неге көмілуге тиіс? Осындай сұрақпен бас қатырмас бұрын өзіміз білген мәліметпен бөлісейік.
Қазір ел аумағында тері қабылдап, оларды өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жоқ болуына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының терілері қоқыстарға тасталады. Бұл – бір.
Екіншіден, елімізде тері мен жүн көбінде бастапқы өңдеуден ғана өтеді. Ал терең өңделген тері, мата, киім, аяқ-киім өндірісі мүлде жоқ деуге болады. Бірен-саран жеке кәсіпкерлер болмаса, отандық өнім шығаратын қуаты жоғары зауыт немесе фабрика ашатын деңгейге еш көтеріле алмағанымыз анық. Ішкі нарығымыз бұл салада толықтай импортқа тәуелді.
Жасыратыны жоқ, бұл бағытта көрші елдер көш ілгері екен. Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдері бұл салада бізден әлдеқайда озық тұр.
Еліміздің дүкен сөрелеріндегі қолжетімді бағадағы киім, төсек-орын жабдықтары сөзімізге дәлел болса керек. Мәселен, Өзбекстанның салалық кәсіпорындары кейінгі бірнеше жылда 600 миллион доллардан астам мемлекеттік қолдауға ие болған. Бұл өз кезегінде 600-ден астам жобаның инновациялық бағдарламасын әзірлеуге және іске қосуға мүмкіндік берген. Ал 2021 жылы осы көршіміз 10 миллион долларға 115 миллион жұп былғары аяқкиім шығарған.
Демек біздегі шикізат бостан-бос көміліп, жер астында шіріп жатыр деген сөз. Мал терісі мен жүні қыруар ақша болған кездер келмеске кетті. Иә, есімізде, үйде мал сойылса, сол малдың терісін аңдитынбыз. Сондағы ойымыз – теріні өткізіп, ақша алу. Одан ілгері уақытты айтар болсақ, тіпті ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында татар не орыс көпестері қазақ даласына қант, шай, майда ұсақ-түйектерімен келіп, сойылған мал терісі мен қырқылған жүнін жинап әкеткені белгілі. Сол арқылы пұл тауып, дәулеті шалқып, байыған. Ал атакәсіптен ажырамаған бұрынғы ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде, әсіресе төрт түліктің терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білді емес пе?
Мәселе шешілмей, мақсат орындалмайды
Елімізде тоқыма бұйымдарын шығаратын кластер құру немесе толық циклді аяқкиім фабрикасын ашу мүмкін емес көрінеді. Оның себебі көп. Біріншіден, тері мен жүнді фермадан зауытқа жеткізу тізбегі бұзылған. Әсіресе шаруалар жүн өткізуге қызығушылық танытпайды. Себебі құны арзан әрі тері қабылдайтын пункттер жұмыс істемейді. Теріні терең өңдеу жолға қойылмаған.
Республика бойынша теріні бастапқы өңдейтін 9 кәсіпорын болса, олардың қуаты – 4 млн дана ғана. Бұлай төмен болуының себебі де жоқ емес. Жоғарыда айтқандай, шикізат дайындау, тері сапасының дұрыс болмауы отандық өнім өндіру талабына сай болмай тұр. Бұл жерде мал шаруашылығын дамытып жүрген ірі серіктестіктер қолдағы мүмкіндігін пайдаланып, экспортқа шығарып үлгерсе де, майда қожалықтар сойылған түліктің терісін өртеп, не көміп тастап жүр.
Екінші мәселе – қырқылған жүннің кәдеге аспауы. Елдегі жүн өңдеуші 13 кәсіпорынның төртеуі ғана биязы қой жүнін өңдеуге қауқарлы. Ал қалғаны кеңес дәуірінен қалған мұра. Айтып отырған кәсіпорындар жаңа заманауи құрылғылармен жабдықтауды қажет етеді. Көбіне-көп байпақ, ұлтарақ, киіз өнімдерін шығарады. Жалпы, біздегі қырқылып әрі жуылып тазаланған жүн Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия мемлекеттеріне экспортталып жүр. Ал экспортталған жүн терең өңделіп, өзімізге қайтадан қымбат бағада импортталады. Олар – кілем, түрлі сұрыптағы мата, иірілген жіптер.
Бір қуантарлығы, бұл мәселе ел көлемінде көтеріле бастады. Мәселен, былтыр күзде Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Қарақат Әбден елде жүн мен теріні қайта өңдеу қажеттілігі туралы ашық айтты. Оның айтуынша, республикадағы өңдеу зауыттарының жағдайы нашар, сондай-ақ шикізатты сыртқа шығаруға да мүмкіндік берілмеді. Біресе кедендік баж салығы қойылса, біресе шекарадан шығаруға тыйым салынған.
– Ауылдағы мал баққан шаруалардың жүн мен теріні игілігіне жарата алмауы қынжылтып тұр. Онда тері, жүн сататын орындардың болмауына байланысты оларды тастауға немесе өртеуге мәжбүр. Бұл жағдайды өңірлерге барғанда өз көзімізбен көрдік. Ал өңделген терілер мен жүн Қазақстанға шетелден бірнеше есе қымбат бағаға келеді. Мысалы, бір сиыр терісін шетелге 1 000 теңгеге өткізіп, ал содан өңделіп тігілген киімді 100 мың теңгеге сатып алатынымыз рас. Жасыратыны жоқ, қазір фермерлер теріні сата алмайды, сондықтан олар жылына 30 млрд теңгеге дейін жоғалтатын көрінеді. Бұл мәселе көтерілгелі біраз болды, бірақ жауаптылар бұны шешудің орнына жолын жауып әлек, – деді өз сөзінде депутат.
Осы орайда Мәжіліс отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев саланы дамыту үшін қазіргі уақытта бірнеше ірі жобаны іске асыру бойынша дайындық жүргізіліп жатқанын, оның екеуін биыл іске қосу жоспарланып отырғанын айтып, депутат көтерген сауалға жауап берді.
– Статистикаға сүйенсек, еліміз жылына 40 мың тонна жүн өндіреді, бірақ оның тек 20 пайызы ғана қайта өңделеді. Сондай-ақ 2022 жылы 3,4 млн терінің тек 22 пайызы қайта өңделген. Қазір бірнеше жоба қаралып жатыр, – деді ол.
Министрдің айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жүн өңдеу зауыты салынады. Бұл жоба жүнді қайта өңдеуді 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Екінші жоба, яғни тері өңдеу кәсіпорны Алматыда іске қосылмақ. Бұл жобаға арнайы шетелдік инвесторлар қатысады екен.
Рас, жеңіл өнеркәсіпке керегі өзімізден де табылады. Ұқсатам деуші кәсіпкер болса, мемлекеттен қолдау берілсе, тіпті құба-құп. Әйтпесе, шіріген шикізаттың бетке шіркеу болғаны қашан...