Пікір • 23 Қаңтар, 2024

Бейбіт атом һәм энергетикалық қауіпсіздік

251 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында халықты мазалап жүрген көптеген көкейкесті мәселеге жан-жақты жауап берді. Соның бірі – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі, оның ішінде атом электр стансасын салу жөніндегі мәселе. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, атом энергиясын игерудің пайдасы да, қауіп-қатері де жеткілікті. Чернобыль мен «Фукусима-1» атом электр стансаларындағы апат, Семей, Невада, Лобнор сияқты ядролық сынақ полигондарының зардаптары, дамыған елдердегі атом электр стансаларының радиоакативті отын қалдықтарын зарарсыздандыру мәселелері...

Бейбіт атом һәм энергетикалық қауіпсіздік

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мұның барлығы атом энергиясына қатысты қоғамдағы қарама-қайшы ой-пікірдің туындауына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысы Жолдауында АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды. Әрине, бұл тұрғыда энергетика қауіп­сіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүм­­кіндіктер тұрғысынан қарас­ты­рып, ғылыми зерттеулер негі­зін­де шешкен жөн. Президент те осыны айтты. Яғни АЭС салу тек энергетикалық қауіпсіздік емес, эко­ло­гиялық қауіпсіздік, ғылыми-техникалық саясат, дамыған елдердің геосаяси мүдделерімен де астасып жатыр. АЭС салатын мердігер компания қайсы елге тиісілі болатыны да аса маңызды. Осындай өзекті мәселелердің барлығын кешенді талдап, жалпылап қорытып, жеті рет өлшеп, бір рет кесу үшін референдум болғаны жөн. Президентіміз айтқандай, АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді.

Дегенмен кім де болса қолында барды ұқсатып, ұтымды пайда­лан­ғы­сы келері сөзсіз. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық («World Nuclear Association») мәліметі бо­йынша, әлемдік уран өндірісінің үштен екісі негізінен Қазақстан, Канада және Намибия сияқты үш елге тиесілі. Оның ішінде Қазақстан 2022 жылы әлемдік нарықтағы уранның ең көп бөлігін өндірген (әлемдік үлесі 43%), одан кейін Канада (15%) және Намибия (11%). Ал әлемдегі табиғи уран қоры мол елдердің алғашқы бестігі мынадай: Аустралия – 28% (1 692 700 тонна), Қазақстан – 15% (906 800 тонна), Канада – 9% (564 900 тонна), Ресей – 8% (486 000 тонна), Намибия – 7% (448 300 тонна). Көріп отырғанымыздай, бейбіт атом энергиясын игеруде еліміздің әлеуеті орасан зор. Мәселе сол әлеуетті қауіпсіз және орнықты да­мудың талаптарына сай жүзеге асыра білуде болып тұр.

Атом электр энергиясына қа­жетті уранның мол қорына ие бола тұра Қазақстанның энерге­ти­калық жүйесі кейінгі жылдары өткір тап­шы­лықты сезініп отыр. Энер­ге­тика министрлігі 2023 жылы 6 мил­лиард киловатт/сағатқа жуық электр энергиясының тапшылығы бол­ғанын хабарлады. Сәйкесінше қазір бұл көрсеткіш тәу­лі­гіне 1 гек­­товаттан асады. Ми­нистр­лік­тің мәліметінше, 2029 жылға қа­рай энергия тұтыну 20 пайызға ар­тады, ал өндіріс тек 17 пайызды құ­райды. Президентіміз 2021 жылғы Жолдауында да еліміз 2030 жылға қарай энергетикалық тапшылықты өткір сезінетін болады деген болжам жасап, одан шығудың бірден-бір жолы бейбіт атомды игеру екенін ескерт­кені есімізде.

1996 жылдан бастап бүкіл энер­го­­жүйенің бірыңғай жүйелік опе­­раторы болып «KEGOC» АҚ («Kazakhstan Electricity Grid Operating Company») электр желі­лерін басқару жөніндегі отан­дық компания анықталған. Елі­міз бо­йынша барлығы 207 әртүрлі мен­шік нысанындағы электр стансасы бар. Бірақ олар тұрғын үй құ­рылысының қарқыны жоғары, хал­қының саны артып жатқан қала­лармыз үшін жеткіліксіз. Қазақстанда энергия өн­діру­дің 60 пайызы әлі күнге дейін кө­мір отынға тәуелді бо­лып отыр.

Egov порталындағы қолжетімді ашық ақпаратқа сәйкес электр энергиясын өндірудегі мемлекеттің үлесі 48 пайызды құрайды. Оның шамамен 30%-ын – «Самұрық Энерго» АҚ, 6%-ын – «Қазатомөнеркәсіп» МАЭК, 4%-ын – Өскемен және Шүлбі ГЭС-тері, 2%-ын – «Астана-Энергия» АҚ, 6%-ын басқалары өндіреді. Ал жекеменшік компания­лар отандық энергияның 52%-ын өндіреді екен.

Өкінішке қарай, еліміздегі жасыл энергетиканың үлесі өте аз. Ас­танада өткен «ЕХРО-2017» көрме­сінің та­қы­рыбы «Future Energy» («Бола­шақ­тың қуаты») бол­ғанымен отандық баламалы жасыл энергия өндірісі баяу дамып отыр. Премьер-министр Әлихан Смайылов 2022 жылы 6-20 қарашада Мысырда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конфе­рен­цияның (COP27) әлемдік көш­бас­шылар саммитінде «Бүгінде Қазақстандағы «жасыл» энергияны өндірудің жалпы үлесі шамамен 3%-ға тең. Бұл ретте оның өндірісін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін, қосымша 7ГВт дейін ұлғайту жос­парланып отыр. Осы жылға қарай көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15%-ға төмендету кү­тіл­ген», деген болатын.

«QazaqGreen» жасыл экономика жөніндегі ақпараттық порталының мәліметіне сүйенсек, елімізде қуа­ты 2388 МВт жаңғырмалы энер­гия көздерінің 130 нысаны жұ­мыс істейді. Олардың ішінде: қуат­тылығы 957,5 МВт жел электр стан­­­саларының 46 нысаны, қуаты 1149 МВт күн электр стансаларының 44 ны­саны, қуаты 280 МВт болатын 37 гид­ро­электрстанса имараты, қуа­ты 1,82 МВт болатын 3 биоэлектр стансасы бар.

Астананың өзіне табиғи газ кейінгі жылдары ғана жетті. «Са­ры­арқа» ма­гистралды газ құ­бы­­рының құ­ры­лысы 2018 жылы басталғаны белгілі. 2021 жылы Мем­лекет басшысы Қазақстан көгілдір отынмен 53 пайызға қамта­масыз етілгенін, тек 6 аймақ газ­дан­ды­рылғанын айта келе Үкі­метке елімізді газбен то­лық қамтамасыз етуді тапсырғаны есімізде.

Электр энергиясының тапшы­лы­ғына халық саны мен урбаниза­ция­ның қарқыны ғана емес, қосалқы фак­торлар да ықпал етіп отыр. Қа­зақ­станда өнеркәсіп орындары электр энергиясының 58%-ын, тұр­ғын-үй коммуналдық шаруашы­лық саласы – 22%-ын, көлік саласы – 3%-ын, құрылыс саласы – 1,5%-ын, ауыл шаруашылығы саласы 1%-ын тұтынады. Бүгінгі таңда отандық 19 жылу электр орталығы техникалық жай-күйі өте ауыр жағ­дайда тұр, инфрақұрылымының 80%-ы тозып кеткен. Оларды жөн­деуге 182 млрд теңге жұмсау жос­парланып отыр.

Сонымен қатар электр энергиясын тиімді әрі үнемді қолдану мә­селесі де өте өзекті. Бәсе­ке­лес­тік­ті қор­ғау және дамыту агенттігінің мә­ліметі бойынша еліміздегі электр энергиясының шығыны 14%-ға тең. Бұл – электр стансасынан тұтынушыға дейінгі аралықта, яғни желі бо­йында немесе ескі технология мен тозған инфрақұрылым кесірінен ізім-қайым жоғалып кететін энергия. Бұған қоса электр энергиясының желілеріне заңсыз қосылу және ұрлау мәселелері де толық шешімін таппаған. Әсіресе кейінгі жылдары криптовалюта өндіретін астыртын майнингтік фермалар электр энергиясын өте үлкен көлемде ұрлайтын «паразит» тұтынушыға айналып отыр. Еліміздің Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылы отандық бір­не­ше белгілі кәсіпкермен және бұрынғы шенеуніктермен байланысы бар 51 заңсыз майнингтік ферманы анықтап, оларды электр желісінен ажы­ратып, қызметін тоқ­тат­қан. Бұған қоса 55 майнингтік ферма өзде­­­­­рінің заңсыз қызметтері әшкере бол­­­­ғандықтан, ерікті түрде жұмысын до­ғарды.

Қысқасы, Қазақстандағы АЭС салынуының тағдыры жалпы­ха­лық­тық референдумда шеші­ле­тіні анық. Сәйкесінше бұл бастаманың дамуында екі түрлі сценарий бол­мақ. Біріншісі – халық қолдаса, АЭС салынады. Мұндай жағдайда ұлттық мүдделерімізді ескеріп, барынша қауіпсіз, бағасына сапасы сай ке­ле­тін ұтымды нұс­қаны, ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, сенімді әріптес әрі адал мердігер болатын мемлекетті таңдай білу міндеті туын­дай­ды. Одан кейін, әрине, АЭС-тің қауіпсіз қызметін қамтамасыз ететін отандық ғылыми-техникалық кадр­лар мен тиісті инфра­құрылымды да­мыту мәселесі тиіс­ті шешімін та­бу­ға тиіс. Яғни бола­шақта ешкімге жалтақтамай, АЭС-ке «өзіміз би, өзіміз қожа» бола білуіміз керек. Екінші – референдум нәтижесінде АЭС салуға халық қарсы болса, бейбіт атом энер­­гетикасын дамыту мүмкіндігі шектеледі. Мұндай жағдайда еліміз­дің энер­гетикалық жүйесін жаң­ғыр­ту, инфра­құрылымды жаңалау, жап­пай энергия үнемдеу, қалпына келетін баламалы қуат көз­де­рін (негі­зі­нен су, жел, күн энергия­ларын) пайдалануды ынталандыру, жеке тұрғын үй секторына қатысты балама энергия көз­де­рін субсидиялау жүзеге аспай қалады. Біз үшін ма­ңыздысы – мәсе­леге кешенді қа­рап, лайықты қоры­тынды шығару.

 

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы