Денсаулық • 24 Қаңтар, 2024

Былтыр 108 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жүйесінің тиімділігін арттыру үшін 2023-2024 оқу жылынан бастап міндетті резидентурамен жалпы оқу мерзімі алты жыл үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы енгізілді, оны аяқтағаннан кейін бітіруші дәрігер біліктілігін және медицина магистрі дәрежесін алады, деп хабарлайды Egemen.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Былтыр 108 дәрігер шетелде біліктілігін арттырды

Фото: gov.kz

Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде жіті тапшы мамандықтар бойынша 2023 жылы республикалық бюджеттің есебінен 6 мыңға жуық білім гранты бөлінді, оның ішінде 2,7 мыңы – бакалавриат және интернатура, 2,5 мыңы – резидентура, 325 – магистратура; 160 – докторантура.

2023 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық дәрігер оқытты, орта медицина қызметкерлерінің саны 23 мыңнан асты. 3 мыңнан астам денсаулық сақтау мамандарын бөлу бойынша жұмысқа орналастырылды.

Жергілікті бюджет қаражатының есебінен биыл 16,5 мың дәрігер, оның ішінде шетелде 108 адам біліктілігін арттырды.

Дәрігерлердің құзыретін арттыру мақсатында жалпы ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейінгі ауылдық, қалалық, облыстық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында резидент дәрігерлерді міндетті клиникалық даярлауды енгізу көзделген.  

Бұл ретте түлектерді әлеуметтік қолдау шеңберінде 601 маманға көтерме жәрдемақы бөлінді, 384 жас дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 74 маман өзге де қолдау шараларын алды.

Медицина саласында 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медициналық буын мамандары бар.