Алматы • 24 Қаңтар, 2024

Аграрлық университет студенттері Ташкентке оқуға барады

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Өзбекстан оқу орындарының келісімі аясында биыл ақпан айында Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бірінші курс студенттері Ташкентке оқуға барады.

Аграрлық университет студенттері Ташкентке оқуға барады

Былтыр Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» арасында «Жол картасы» әзірленген болатын. Бұл маңызды құжатты Өзбекстанның Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі мен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітіп, қолдау білдірген.

«Жол картасын» жүзеге асыруға байланысты жаз айында Алматыға арнайы келген «ТИАШМИИ» ҒЗУ Ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Тохир Сұлтоновпен су шаруашылығы мамандарын бірлесе даярлаудың жоспары бекітіліп, ғылыми және білім беру инфрақұрылымын жасақтаудың алғышарты қабылданды.

ҚазNARU басқарма төрағасы-ректор, ҰҒА вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ғылыми-зерттеу университеті ректорының кеңесшісі, Трансформациялау және стратегиялық даму бөлімінің жетекшісі, профессор Питер Макканнмен кездесу барысында ары қарайғы екі жақты ынтымақтастық негіздерін талқылады.

Питер Макканн – халықаралық ғылыми қауымдастыққа танымал тұлға. Ол Канаданың жеті провинциясында, АҚШ-тың екі штатында, сондай-ақ Финляндия, Германия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінде дәріс беріп, ғылыми қызметте жүр. Оның «Жеке компаниялардың стратегиясы және бизнесті жоспарлау», «Төңкерістер: ми, батылдық және төзімділік» тақырыбындағы іскерлік кітаптары ғылыми ортада жоғары сұранысқа ие.

Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу универсиететінде су шаруашылығы мамандарының әлеуетін күшейту шараларымен танысқан Питер Макканн «Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлемдік қуатты университеттер қатарынан көріну бағытындағы инновациялық технологияларды әзірлеу бастамаларыңызды толық қолдаймыз. Студенттеріңізді келісімшарт бойынша қарсы алып, жайлы жатақханаға орналастырып, бірден оқуларын жалғастырып кетуге барлық мүмкіндік жасалған. Бірлескен жобамыз келешекте агросектор саласында білікті жас кадрлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға тың серпін беретініне сенімдіміз», деп атап өтті.

«Осы іскерлік аясында биылғы жылдың ақпан айында біздің  бірінші курстың 15 студенті  «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша Ташкентке бакалавриатта оқуға аттанбақ. Ары қарай «Жол картасында» белгіленген міндеттер аясында екіжақты қызметтерді жалғастыра беретін боламыз», деді ҚазNARU ректоры Ақылбек Күрішбаев.

Э.Букенова.

Екі ел университеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту меморандумы 2028 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Келісімшартта инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету, техникалық оқу құралдарымен жабдықтау, заманауи оқу және ғылыми әдебиеттермен, профессор-оқытушылар құрамы пен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету шаралары қамтылған.

АЛМАТЫ