Таным • 24 Қаңтар, 2024

Шоқан Уәлиханов: Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі

126 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінездеріне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Шоқан Уәлиханов, Абай ойларын ұсындық.

Шоқан Уәлиханов: Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі

Фото: danasoz.kz

XIX ғасыр

Шоқан Уәлиханов

1) Алғырлық пен сабырлылық – түркілердің табиғи қасиеттері.

2) Поэзияға, әсіресе, импровизацияға құштарлық – барлық көшпелі халықтарға тән қасиет.

3) Адам – таңғажайып құбылыс! Оның жан-дүниесі, ақыл-ойы, жан-жақты талант-қабілеті – құдіреттілік табиғатының, мүлдем беймәлім әрі ешқашан да танып-білу мүмкін емес мәңгілік құпияның нақты көрінісі осы емес пе?!

4) Әзірше мұсылманшылық біздің қанымыз бен жанымызға ене қойған жоқ. Оның келешекте халықты бөліп жарар қаупі бар.

5) Халықтық реформалардан асқан шексіз маңызы бар қоғамдық мәселе жоқ.

6) Реформа мәселесі қашанда ерекше сақтықты және айрықша терең пайымдауды қажет етеді. Өйткені ол халықтың «болу-болмауына» қатысты жайларға әсер етуі мүмкін.

7) Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі.

8) Қазақтар өз дауларын әдетте сырттан шақырылған билерге, мүлдем бейтаныс адамдарға шешкізгенді ұнатады.

9) Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі.

10) Қазақ тілінің арғы атасы көне түркі тілі.

11) Қазақтардың ұлттық әуендерінің табиғатынан, сөз жоқ, ұланғайыр ұлы даланың, желмен жарысқан жүйрік һәм сұлу тұлпарлардың, таңғажайып көркем әйелдердің әсері сезіледі.

12) Қазақ поэзиясы соны, жалықтырмайды және отырықшы халықтарға тән сан алуан жасанды тәртіп-ережелерден мүлдем ада.

13) Өлеңдер, әпсаналар, мақалдар мен мәтелдер далалық тіршілікті қазақ халқының өмірін жырдай ғып жарқыратып көрсету мақсатымен арнайы жазылған кез келген кітаптан артық ғажап етіп көрсете алады.

 

Абай

1) Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған Құраны сені неге жеткізеді?

2) Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді.

3) Қайғысыздың бәрі асау.

4) Кез келсе қайғы қат-қабат, қаңғыртпай қоймас адамды.

5) Қулық пен құбылудан жалығудың өзі жақсылық.

6) Қайғылы көңілге қай-қайдағы үйір.

7) Кейде сөз де буылады.

8) Өмір – алдамшы, қызығыңды білдірмей ұрлайды.

9) Қулық та – бір дерт.

10) Бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып, жүз құбылған салт шықты.

11) Хақ сөзді бала айтса да тоқтамақ керек.

12) Кердең мойын кесілер, кеселді түйін шешілер.

13) Сынық қанат көбелек – ол да өмір іздемек.

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)

Соңғы жаңалықтар

Нақты істің кезеңі

Үкімет • Кеше

Отан да, парыз да ортақ

Аймақтар • Кеше

Инфляция иірімі

Инфляция • Кеше

Шаруаның көңілі неге күпті?

Шаруашылық • Кеше