Амангелді Сембин – Мәскеу консерваториясының вокалдық бөлімін тәмамдағаннан кейін 1973-1975 жылдары Италияның Милан қаласындағы «Ла Скала» опера театрында тәжірибеден өтті. Әлемге танымал өнер тарландарының оң бағасын алды. Сөйтіп, оның есімі «Ла Скала» сахнасында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта қалды. Елге оралған соң дарынды өнер иесі Қазақ академиялық опера және балет театрының жеке әншісі болды. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегінде» – Төлегенді, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында» – Айдарды, М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасында» – Біржанды, С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызында» – Адақ және тағы басқа партияларды келістіріп орындады. Сонымен бірге біртуар әнші «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Қарғаш», «Шәпибай-ау» атты халық әндерін нақышына келтіріп шырқады. А.Сембин біраз жыл Алматы театр-көркемсурет институтында ұстаздық қызмет атқарып, италия-қазақша музыкалық термин сөздігі, «Саз сөздігі», «Ән бағдарламасы», «Ән әліппесі» секілді әдістемелік оқу құралдарын жазды.
Әсем саз әуелеген кеште тенор әншілер Артур Ғабдиев, Қуаныш Мұхамадиев ғажайып дауыс иесі орындаған халық әндерімен бірге С.Рахманинов, Н.Римский-Корсаков, П.Тости, П.Москаньи және тағы басқа айтулы композиторлардың романстарын тыңдарманға жеткізе білді. Концертмейстер Зәру Жазықбаеваның да еңбегін ерекше айта кетейік. Классикалық музыкаға сусаған көрермен оларға дән риза болып, қошемет көрсетті.