Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Халық көтерілістері
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Ұзақбай Исмағұлов 30-жылдары Ырғыз, Шалқар, Батпаққара, Ойыл, Темір аудандарынан босқыншылыққа ұшырағандар туралы деректермен таныстырды. «1931-1932 жылы жүргізілген мал санағында осы бес ауданнан 580 мың бас мал есептелсе, 1933 жылы соның 84 346 басы ғана қалған. Ауыл-ауыл болып үдере көшіп жатқандарды ешкім тоқтата алмады. 1932 жылдың қыркүйегіне дейін Шалқар ауданынан 4 692, Ырғыздан 1 мың, Ойылдан 4 мың, Темірден 1 мың, Батпаққарадан 2 440 үй шетке кетеді. Алапат аштықтан сәл-пәл ес жиып, 1934 жылы көшіп кеткендерді қайта оралту саясаты басталғанда, елге оралғанның бәрін өз ауылдарына орналастыра алмады», дейді Ұ.Исмағұлов.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы Киікбай Жаулин саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Маңғыстау өңірлік комиссиясы 2022 жылы ақтауға ұсынған 1 653 адамның 156-сы көтерілісші, 1 055-і босқын, 17-сі ұжымдастыруға қарсы шыққан, 404-і әскери тұтқын, 21-і дін өкілі деді. 2023 жылы тағы да мың адам ақтауға мемлекеттік комиссияға ұсынылды. «Мұнайлы, Маңғыстау аудандарынан қуғын-сүргін құрбандары жерленген он бір қорым табылды, 1931 жылғы Адай көтерілісінің картасы әзірленді. Ақталмаған 4 081 адамның тізімі анықталды», дейді ғалым.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин Атырау өңірлік комиссиясы мүшелері 10 353 адамның дерегін анықтағанын хабарлады. Олар – 277 көтерілісші, 1 940 босқын, 3 950 бай-кулак, ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан 53 адам, 52 Алаш идеясы үшін қуғынға ұшырағандар мен дін өкілдері, 4 081 әскери тұтқын.
«Отыз жыл бұрын Қазақстанда 1920-1932 жылдары 76 мың адам қатысқан 372 халық қозғалысы болды делінсе, соңғы зерттеулер осы кезеңде 720 мың адам қатысқан 566 халық көтерілісі болғанын көрсетті. Кеңес өкіметі «банды» атандырған, Қызылқоға мен Тайсойған болыстарында, Адай уезінде өкімет саясатына қарсы қозғалыс ұйымдастырған Құныскерей Қожахметұлы Ойыл жәрмеңкесіне жиі келіп тұрған. Осы жердің бүкіл ой-шұңқырын жақсы білген Құныскерейді ойылдықтар жиі шақырып, мініс ат, азық-түлік береді. Ол заманда көтеріліс басшысының қасында ағайыны, бала-шағасы еріп жүрген. Аманғали Кенжеахметов 1924-1928 жылдары қазіргі Исатай, Құрманғазы аудандарында халық қозғалысын басқарды. Жалпы, еліміздің батыс өңірінде болған 56 ірілі-ұсақты халық көтерілісіне 41 мың адам қатысқан. Сол жылдары көтерілісті басуға Орынбордағы №8-атты әскер дивизиясы жіберілді. Көтерілісшілер Форт-Александровск қаласын екі рет басып алғанда, оны басуға Әзербайжан, Дағыстаннан зеңбірек, ауыр пулеметтермен қаруланған әскери кемелер келген. 1930 жылы Маңғыстаудағы көтерілісті Болмаш Жоланов, Құрмаш Қошанов басқарды. Кеңес өкіметі осы азаматтарды үрім-бұтағына дейін құртып жіберді. Ерғали Аязбаевты Орал түрмесінде екі баласымен бірге, 1928 жылы Аманғали Кенжеахметовті жиенімен бірге атып тастады. Құрмаш Қошановты 1930 жылы Жаңаөзеннің қасында ұстап алып, көзін жойды», деді Л. Бердіғожин.
Тұтқындар тағдыры
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Батыс Қазақстан өңірлік комиссиясы екі жылда фашистер тұтқынында болған 4 981 батысқазақстандық жауынгердің дерегін анықтап, 504 адамды ақтауға жіберді. Комиссия мүшесі Ахмедияр Батырханов БҚО Полиция департаменті архивінен 2 922 әскери тұтқынның ісімен танысқан. Арнайы архивте легионерлердің жеке құжаттары, медициналық тексеріс қағаздары, неміс әскери формасын киіп түскен фотосуреттері сақталған. Лагерь дәрігерлері тұтқындардың жүрек талмасы, оқ жарақаты, үсік, дистрофия, бүйрек, өкпе қабынуы, асқазан, ішек жолдары ауруынан қайтыс болғанын тіркепті. Арасында метан газымен улап өлтірілгендер де бар. Жұмысшы батальондарына кірген тұтқындар «Қызыл Армияға берген антымнан бас тартып, неміс армиясына адал қызмет етуге ант етемін» деп өз қолдарымен жазып берген. Бұлар майданда немістерге азық-түлік, оқ-қару тасыды. Лагерьден босатылып, елге оралғаннан кейін жұмысшы батальондарында қызмет еткендер де РСФСР ҚК 58 –1 бабымен сотталды.
Кеңес жауынгерлері тұтқынға әртүрлі жағдайда түсті. Ахмедияр Батырхановтың қолында 1942 жылдың қазанында Дон майданы әскери басшылығының Мәскеуге жазған хаты бар. Онда алдыңғы шепте соғысып жатқан 303 056 кеңес жауынгерінің 103 881-інде қару жоқ деп көрсетілген. Қарусыз жауынгердің тұтқынға түсуі оңай. Ржев плацдармы үшін қырғын шайқастарда Вязьма лазаретіне бір күнде 80-90 жаралы түскен. Олардың көбі есін жимаған күйі қайтыс болған, өздерімен бірге құжаттары да болмаған. Лазарет дәрігері бір күнде түскен 94 адамның 89-ын тану мүмкін болмады деп анықтама толтырған. Немістер де ауыр жаралы күйде тұтқынға түскендерді аямай, лагерь дәрігерлері екі аяғына оқ тигендерді тізесіне дейін кесіп тастап, отырып атқаратын жұмысқа салған. Бір қолы кесілгендер лагерьде қоймашы, хат тасушы болып жұмыс істеді.
Неміс тұтқынына түскен қазақстандықтар Түркістан легионы, СС мұсылмандар дивизиясы, «Алаш» отряды, жұмысшы батальондарына алынды. Атыраулық Әлихан Ағаев неміс лагерінде 74 адамнан тұратын «Алаш» отрядын құрды. «Полиция архивінен Әлихан Ағаевтың адъютанты болған батысқазақстандық Нұғман Ғабдуллиннің құжатын таптық. Нұғман ақсақал тұтқыннан босатылып, елге оралған соң қайта сотталып, жазасын Магаданда өтеді. Елге оралып, Жаңақала ауданының «Аққұс» ауылында тіршілік етті. 1983 жылы өмірден озды. Ақсақал балаларына неміс лагерінде өзін ажалдан құтқарған егде жастағы қазақ кісі туралы айтып кеткен. Оқиға былай болған. Тұтқындарды барактан алып шығып, сапқа түрғызады да, алтыға дейін санатқан. Әрбір алтыншы адамды атамыз дейді. Офицер саптағы әрбір алтыншы адамды атып келеді. Кезек Нұғманға жақындайды. Шамалауынша өзі алтыншы болып тұр. Қасында тұрған үлкендеу қазақ кісі «Орнымызды ауыстырайық. Сен жассың» деп сыбырлайды. Ана кісіні атып тастайды, бесінші болып тұрған бұл аман қалады.
Әлихан Ағаев тұтқындардың арасынан 74 қазақ жігітін таңдап алып, «Алаш отрядын» құрады. Ол 1943 жылы Италияда Алаш отряды алдында: «Біз Түркістан легионындағылар сияқты намысымызды 600 гр нанға сатпадық. Алдымызда бір-ақ мақсат тұр. Ол –Германияның көмегімен кеңес одағын құлатып, қазақ еліне тәуелсіздік алып беру», дейді. Тұтқындар легионға амалсыздан кірді. Полиция архивіндегі бір қылмыстық істе легионердің тергеушіге берген жауабында: «Ақпан бойы 20 күн ашық алаңда отырып, аштыққа, суыққа шыдай алмаған соң, легионға кірдік», деп жазылған.
Ахмедияр Бельгия, Италия, Франция, Словенияда партизан отрядтарында соғысқан 33 Қазақстан азаматын тапты. Неміс тұтқынынан қашып шығып, Италиядағы №1 партизан отрядында бірге соғысқан ақтөбеліктер – Сәду Аманов, Заран Қашиянов, Қошан Қожағұлов, Жолдас Тілегенов, Хайдар Бағарамов (Ойыл ауданы 1-ауыл), Қуат Жангелдиев (Шалқар ауданы Тоғыз ауылы), Қапар Мұратов (Ырғыз ауданы «Қарасай» кеңшары) Венеция жағында бірге жерленген. Ал Франциядағы қарсыласу қозғалысын басқарған әскери тұтқын Ахмет Бектаев тобында 300 қазақ болған. Соғыстан кейін осы топтағы 72 адам Қазақстанға оралса, 222-сі қудалаудан қорқып, елге келуден бас тартқан.
Лагерьлерден тірі шыққан тұтқындар да елге келгенде қайта қудаланды. Мәселен, Жаңақала ауданындағы бір легионер «1945 жылдың сәуірінде бізді азат еткен АҚШ армиясы жылы киім, жақсы тамақ берді, жап-жаңа көліктерімен алып жүрді» деген сөзі үшін 25 жылға сотталған. Кеңес Армиясында алдыңғы шепті тексеріп жүрген арнайы бөлім бір жауынгердің қалтасынан немістің үнпарағын тауып алады. Жау ұшақтары тастаған парақшаны «махорка орау үшін алдым» деген жауабы ескерілмей, жауынгер қатаң жазаланады.
Аштық құрбандары
Ақтөбе өңірлік комиссия мүшесі, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай Темір және Ырғыз аудандарында көтеріліс құрбандары мен аштықта өлгендер көмілген 15 орын бар дейді. Соның ең ірісі – 1916 жылғы Ырғыздағы Сабынкөл түбіндегі шайқас. Бұл жерде бірнеше мың адам Лаврентьевтің жазалаушы отрядынан ажал құшқан. «Жазушы Өтебай Қанахин Лаврентьевтің «Ырғыздағы жеті мың бандыны жойдық» деген есебін Ленинград архивінен тауып, осы дерек негізінде шыққан кітабы үшін қуғындалды. 1982 жылы кітаптың барлық тиражы өртелді. Бұл жөнінде 1983 жылы естідім. Ендігі міндет – Сабынкөлдегі шайқас орнын, құрбандар көмілген жерді анықтау», деді өлкетанушы. Сондай-ақ Бекарыстан Мырзабай 1933 жылы 1 қаңтарда Ырғыз жетімдер үйіндегі мыңнан астам баладан 444-і тірі қалғаны туралы жазба деректі алға тартты. Ырғыз елді мекенінің ортасындағы Итмолада адамның шашылған сүйектері кешегі күнге дейін табылды.
Ойыл елді мекеніндегі Мәдениет үйінің орны бұрын терең сайдың шеті еді. Осы сайдың ішіне 1932 жылдары аштан өлген балалар жерленген. 60-жылдары сайдың бойы тегістеліп, жаңа үйлер салынды, бір үй Ойылдағы орыс әжейге берілетін болды. Бірақ ол үйді алудан бас тартқан. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына келіп, 31-32-нің аштығында аштан өлген талай баланы осы сай бойына өз қолымен жерлегенін айтып жылайды. «1932 жылы Темірдегі жетімдер үйінде 400 бала, Ойылда жүздеген бала аштан өлген. Сондай-ақ ескі мешіттердің маңайына аштан өлгендер көмілген. Өйткені Арқадан, Торғайдан, Ырғыздан босқан ел осы мешіттерге жетіп жығылды. Ырғыз ауданының Мамыр деген жеріндегі жеті мешітті мыңдаған босқын сағалады. «Шымкент-Самара» тасжолының бойындағы Бақы әулиенің мешітіне де аш адамдар ағылды. Ескі мешіттерді сағалаған жұрттың өлгені өліп, тірі қалғаны жаяулап Шалқарға қарай кетті. Өйткені теміржолға жетсек, тамақ табылады деген үміт болды. Ырғыз бен Шалқар арасындағы Сарысайда да аш адамдар көп өлген. 1943 жылы қыс ортасында Ойылға 150 саяси тұтқын әкелінді. Ашқұрсақ, киімсіз, қара суықта келген адамның 143-і қайтыс болып, арасынан жетеуі ғана тірі қалды. Солардың бірі атақты тарышы Ш.Берсиевтің бригадасында агроном болып жұмыс істеді, екіншісі Ойылда қарағай орманын отырғызды. Ойылдағы Сегізсайда большевиктер адам ататын. 1916 жылғы Темір уезіндегі көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі Жиеналы ишан мен 100 көтерілісші осы Сегізсайда жатыр. Жазалаушылар Жиеналы ишанның қол-аяғын шауып өлтірген», деді ертедегі қарттардың әңгімелерін көп жинаған Бекарыстан Мырзабай.
Қазақстан тарихындағы жүйелі зерттелмеген тақырып – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістеріндегі ишандар мен хазіреттердің рөлі. Комиссия мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті философия кафедрасының меңгерушісі Үмбетхан Сәрсембин қазақтың дін қайраткерлерінің халық қозғалыстарындағы рөлін зерттеу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 1932 жылдың аштығында босқан жұрт бос тұрған мешіттерді паналады. Осы қасиетті орындар 1925 жылдан бастап жабылды, 1928 жылы большевиктер мешіт ішіне мал қаматты. Бүгінде көбі жер бетінен жоғалды, кейбірінің іргетасы ғана қалды. Қам кірпіштен тұрғызылған қазақы мешіттер жанында аштан өлгендер көмілген. Бұл орындарды қоршау керек», деді Ү.Сәрсембин.
Қиын замандағы хазіреттердің рөлі әлі терең зерттелмеді. Босқыншылық басталғанда ишандар қарақалпақ, ауған жеріне, түрікмен жағына ауа көшкен жұртын бастады. Сондай-ақ елімізде 1931-1932 жылдары аштан өлген балалар туралы нақты дерек жоқ. Себебі кеңес өкіметі жетім балаларды 1933 жылдан бастап тізімдей бастады. Конференция қорытындысында ғалымдар әр өңірдің архивтерінен Орталық архивке жіберілген барлық құжат қайтарылсын деген ұсыныс тастады.
Ақтөбе облысы