Аймақтар • 24 Қаңтар, 2024

Жұртшылықтың сенімі арта түсті

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары еліміздегі реформалардың дені құқық саласындағы ашықтыққа ұмтылу сипатында өрбіп жатыр. Азаматтардың қажеттіліктері мен олардың мүддесін қорғау шеніндегі іс-шаралардың бір парасы Кереку жерінде де жалғасын тауып, былтыр адам құқықтары жөніндегі жергілікті уәкілге тұрғындардан 212 шағым түскен.

Жұртшылықтың сенімі арта түсті

Адам құқықтары жөніндегі обмудс­мендердің қызметі елімізде бұрыннан бар. 2022 жылы арнайы заң қабылданып, уәкілдердің құзыреті кеңейді. Соған орай бүгінде әділдік іздеген жұрттың аталған институтқа деген сенімі арта түскені байқалып отыр.

Павлодар облысындағы уәкілдің араласуымен былтыр біраз мәселелердің оң шешілгеніне куә болдық. Мысал үшін, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Керекуге Қызылорда облысынан көшіп келген отбасының заңды құқығы қорғалды. Бұл жоба өңірлердегі жұмыс күшінің тапшылығын жоюға бағытталғаны белгілі. Әлгі отбасы Ақсу қаласының Үштерек ауылына көшіп барғанда берілген үйдің жағдайы өте нашар болған. Тұрғын үйде жарық пен септик болмаған. Қабырғасы сыланбаған, төбесінен су саулап, тіпті пеші де дұрыс жағылмаған. Жайлы баспана іздеп келген шаңырақ мүшелері өз құқықтарының бұзылғаны туралы адам құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілге шағым түсіреді. Ол сәйкесінше прокуратураға хабарласып, бақылаушы органның пәрменімен үйді ретке келтіруге қазынадан қаражат қарастырылды.

Ертіс-Баян өңіріндегі омбудсмен Игорь Тарасенконың айтуынша, институттың негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғаудағы мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын үйлестіру. Адам құқықтарының қор­ғалуына ықпал ету, тұрғындардың қажеттіліктеріне орай тиісті заң нормаларын жүзеге асыруға көмектесу.

– Азаматтардың арыз-шағымын тікелей немесе «Е-өтініш» жүйесі арқылы қабылдаймыз. Былтыр мұндай ресми шағымдардың саны 212-ні құрады. Адамдар бізге көбіне мемлекеттік орган­дардың қызметіне қатысты, соның ішінде әлеуметтік қорғау, мүгедектер мәселесіне қатысты сұрақтармен келеді. Кейінгі екі жылда біз сияқты уәкілдердің араласуымен тұтас елімізде мандатты жабық мекемелердегі (пенитенциарлық мекемелер, гаупвахталар, ҰҚК ТИЗО, балалар мекемелері, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары, пси­хиат­риялық және туберкулезге қарсы мекемелер, сәбилер үйлері және т.б.) азаптау фактілері күрт азайды. Мұны адам құқықтары саласындағы оң жетістік ретінде қабылдаған абзал. Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі жандар кейбір мемлекеттік қызмет көрсету ғимараттары өздері үшін тиісті қажеттіліктермен жабдық­тал­мағаны жөнінде жиі хабарласады. Былтыр арбаға таңылған мүгедек жан, белсенді азамат Игорь Кунцевич «Мойылды» шипажайына баруымызды өтінді. Мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, мониторинг жүргіздік. Расында шипажайдағы кейбір ем-дом кабинеттерінде арнайы ұстағыштар, аксессуарлар қарастырылмаған болып шықты. Емделушілерді қабылдау жағдайларын жақсарту туралы кеңес бердік. Басшылығы жағдайды тез арада реттейміз деп уәде етті, – дейді Игорь Васильевич.

Павлодар қаласының тұрғыны, 17 жастағы жас ана жуықта адам құқықтары жөнін­дегі уәкілге хабарласып, сәбиіне тиесілі жәрдемақыны ала алмай отыр­ғанына шағымданған. «Күйеуім сот­тал­ған, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Кішкентай сәбиіміз бар. Бала күтіміне байланысты мемлекет тарапынан тағайындалатын жәрдемақы жайында сұрап халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Алайда ондағылар «кәмелеттік жасқа толмағандарға мұндай қызмет түрі көрсетілмейді» деген сылтаумен бас тартты. Болмаған соң адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге шағымымды жеткіздім», дейді жас ана. Омбудсмен келіншектің бұл өтінішіне жедел құлақ асып, мемлекеттік қызмет көрсететін органдарға ананың құқықтары бұзылып отырғанын түсіндірген. Халыққа қызмет көрсету орталығы өз кемшілігін тез арада түзеп, тиісті жәрдемақыны тағайындады.

– Жалпы, кей адамдар мемлекеттік орган­дардың қызметіне жүгіндік, бірақ жүйе­ден өтпедік деп шағымданып келеді. Бұл жағдайға әсер ететін фактор көп. Қызметкерлердің біліксіздігі себеп болуы немесе әзірленген мемлекеттік бағдарламалардың шикі жасалуы, тіпті компьютерлік жүйеде ақаулардың шығуы әсер етуі мүмкін. Осының барлығын анықтап, азаматтардың заңды құқығы орнына келуі үшін күресеміз, – дейді И.Тарасенко.

Қазіргі күні өңірлердегі Ұлттық пре­вен­тивті механизмнің де жұмысы оң жолға қойылып отырғанын айтып өту керек. Жоғарыда айтқандай, жабық мандатты мекемелерде азаптау фактілері барынша азайтылды. Бұл ретте құқықтық уәкілдер үкіметтік емес ұйым­дармен тығыз байланыс орнатқан. Аталған механизмді жүзеге асыру жолдары бүгінде мүдделі тараптармен жиі талқыланып, жетілдіруге күш салынып жатыр.

Атап өтейік, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің араласуымен былтыр облыста 5 қылмыстық іс бойынша соттың шешімі тоқтатылған. Нәтижесінде, іске қатысы бар өзге тұлғалар жаза арқалаған. Жалпы, омбудсменге сот шешіміне қатысты арыз-шағым жиі түседі. Бірақ уәкілдің сот шешіміне тікелей әсер етуге ешқандай құқығы жоқ. Шағымданушыларға тек қалай әрекет ету керектігі туралы ақыл-кеңес беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

 

Павлодар облысы