Ел Президентінің «Білім саласында жаңа форматты менеджерлер даярлау туралы» тапсырмасына сәйкес, Оқу-ағарту министрлігі «Жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» деп аталатын жоба жариялаған еді. Республика бойынша бұл жобаға 8 мыңның үстінде үміткер қатысып, соның 208-і жеңімпаз атанды. Еңбек жолын 2010 жылы бастауыш сынып мұғалімі болып бастап, 2022-2023 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып істеген Орынкүл Махметова бес кезеңнен өткен сынақтың нәтижесінде білім беру ұйымдарының басшысы болуға лайықтылардың қатарынан табылды.
– «Жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы» деп аталатын жоба жариялағанда маған мектеп басшысы Аманкүл Тілемісова соған қатысуға кеңес берді. Әрине, сол кезде жоба сынақтарын сәтті тапсырып, Аманкүл Төлеубайқызы зейнеткерлікке шыққанда ол кісінің орнына директор болып келемін деп ойлағаным жоқ, – дейді кешегі басшысының орнына тағайындалған Орынкүл толқынысын жасыра алмай.
Жаңаша тағайындаудың мәнін Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова түсіндіріп берді. «Мектептің бұрынғы басшысы күні кеше ғана зейнет жасына толды. Біз қалыптасқан тәртіп бойынша директордың міндетін атқарушы тағайындап, конкурс жариялаймыз деген ойда болған едік. Сөйтіп тұрғанда, министрліктен жоба жеңімпаздары бекітілген тізім келді. Жеңімпаздардың бірі Орынкүл Думанбекқызымен әңгімелестік. Ол келісім берді. Сөйтіп, алғаш рет облыста, бәлкім республикада ең бірінші болып республикалық кадр резервіне қабылданған үміткерлердің арасынан мектеп директоры тағайындалды», деді ол.
Бұл тағайындау елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың қоғамның әр саласын қамтып, тереңдей түскенін айғақтайды.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы