Денсаулық • 25 Қаңтар, 2024

Сәби сүйгізетін бағдарлама

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Адамның бір қызығы – бала деген» деп дана Абай айтқандай, әр ата-ананың арманы – ұрпақ сүю. Алайда арманына қол жеткізе алмай жүрген отбасылар аз емес.

Сәби сүйгізетін бағдарлама

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәселен, Атырау облысында кейінгі үш жылда «Аңсаған сәби» бағдар­лама­сы­­мен балалы болғысы келетін отбасы­лар үшін 679 квота бөлініпті. Енді биыл сәби сүюді аңсағандарға 232 квота қаралып отыр.

«Экомед-Атырау» ЖШС клиникасы­ның гинеколог-дә­р­ігері, репродуктолог Құн­дыз Дәулетиярованың айтуын­ша, «Аңсаған сәби» бағдарла­ма­сының бас­ты мақсаты – қосалқы репродуктивті тех­но­логияның көмегімен отбасылық-де­мо­гра­фиялық мәселелерді оң шешуге жәр­демдесу. Басқаша айтқанда, бала сүй­гізетін бағдарламаның артықшылығы көп.

«Елімізде 2021 жылдан бері бедеулікке қарсы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асырыла бастады. Қазақстанда бұл процедура қолға алынғалы бері бала сүйген бақытты отбасылардың қатары көбейді. Бұл бағдарламаға 18-42 жасқа дейінгі әйелдер қатыса алады. Бағдарламаға қатысушы өзінің келісімімен арнайы консультациядан, меди­циналық тексеруден өтеді. Мұның бәрі міндетті іс-шара», дейді Қ.Дәулетиярова.

Оның дерегіне сүйенсек, Атырау облысына 2021 жылы – 233, 2022 жылы 213 квота бөлінген. Ал өткен жылы аты­рау­лық аналарға 233 квота ұсынылған. Бірақ квотаның 20-сы сұраныстың көптігіне байланыс­ты Алматы облысына берілген.

«Былтыр Атырау облысында 213 квота игерілді. Бағдарламаға қатысқан 59 әйел дәрігерлердің көмегімен бала көтерді. Алайда 9 ана түсік тастады. Қа­зір 47 ана сәби күтіп отыр. Үш ана өмір­ге нәресте әкелді. Өзге аналар тиісті іс-ша­ра­ларды қабылдап жүр», деді Қ.Дәуле­тиярова.

 

Атырау облысы