Айбын • 25 Қаңтар, 2024

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Әскери кеңестің кеңейтілген отырысы өтті

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың төрағалығымен Әскери кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметііне сілтеме жасап.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Әскери кеңестің кеңейтілген отырысы өтті

Отырысқа өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, Ұлттық ұлан Академиясының бастығы, әскери бөлім командирлері, бас басқармалар мен басқармалардың, сондай-ақ әскери полиция қызметтерінің, орталықтардың және дербес бөлімдердің бастықтары қатысты.

Айта кетейік, өңірлік қолбасшылықтар мен барлық әскери бөлім командирлері отырысқа онлайн-режимде қосылды.

Әскери кеңесте 2023 жылғы әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер қойылды.

Бас қолбасшының орынбасарлары бөлімдер мен бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетін ұйымдастыру, кадрларды нығайту, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша мәселелер көтерді.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов «Тәрбие жұмысын ұйымдастыру, жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухын арттыру және әскери ұжымдарды біріктірудегі елеулі кемшіліктер» туралы баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы ІІМ мен Ұлттық ұлан басшылығына қазақстандық патриотизмді нығайту бойынша бірқатар тапсырма жүктеген еді. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Өткен жылы 11 әскери қызметші мемлекеттік наградамен марапатталды. Ұлттық ұланның арнайы жасақ бөлімшесі туралы «Бүркіт» көркем фильмі көрермендерге жол тартты. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 20 жылдығын атап өттік. Ұлттық ұлан бойынша 40-қа жуық ашық есік күні ұйымдастырылды», деді баяндама барысында әскердің бас тәрбиешісі.

Өз кезегінде «Жеке құрам арасындағы әскери тәртіптің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйі» тақырыбында Әскери полиция бастығы полковник Қуат Томашинов баяндама жасады.  

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы баяндамалар аяқталған соң тәртіп пен тәрбие жұмысына қатысты бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ құқық бұзушылыққа жиі жол берген әскери бөлім командирлерін тыңдап, олқылықтарды ақпанда өтетін командирлер дайындығында егжей-тегжейлі қарастыратынын ескертті.

Жиын барысында әскердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Шара соңында 2024 жылғы жауынгерлік сайыс бастамашысы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің командирі полковник Айбек Исенов әскер жеке құрамына үндеу жасады.

Алқалы жиын қорытындысы бойынша басшылық ету және орындау үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жіберілетін Әскери кеңес қаулысы қабылданды. Іс-шарада Бас қолбасшы Спартакиада және спорттық-бұқаралық жұмыс жеңімпаздарын дипломдармен және кубоктармен марапаттады.

с

д