Әдебиет • 25 Қаңтар, 2024

«Ардың ісін» арқалайтын бүгінгі буынның шығармашылығына баға берілді

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің  шаңырағында  әдеби-поэтикалық кеш өтті. Егемендік жастар, «Дарын» жастар сыйлығының  иегері  жазушы Бақытбек Қадірдің «Жасыл шатырлар»,  жазушы Абай Аймағамбеттің детектив жанрында жазылған «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романының, ақын Жәнібек Әлиманның «Жұлдызымның жорығы»  өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.   

«Ардың ісін» арқалайтын бүгінгі буынның шығармашылығына баға берілді

Фото: Ерлан Омар

Әдеби кеште «Қазақ газеттері» ЖШС-нің  бас директоры Дихан Қамзабекұлы бұл буын әдебиетке ат шалдырған жылдары тырнақалды туындылары осы газетте жарияланып, көпшілікке танылғанын,  жастар бүгінде ұжымда еңбек етіп қана қоймай, орасан дайындықпен  білек түріне кірісіп сүбелі кітаптарын да жарыққа шығарғанына алғысын білдірді.

«Қазақтың сөз өнерін келешекке жалғайтын толқынның екпініне қарап қуанасың. Әдебиет оқылмайды деген арзан сөз. Газетімізді оқитын көзіқарақты оқырман жақсы біледі редакцияның  әдебиет пен мәдениет  бөліміндегі қызмет істейтін осы жас буын төл мәдениетіміз, руханиятымыздың арғы-бегі салмағын екшей отырып, өзіндік  өлшем, сыни салыстыру арқылы талдаған еңбектерін де оқушы қауымға ұсына алып жүр.  Бұл жігіттердің ұлттық, салалық жыр мүшәйраларда, әдеби аламан бәйгелерде де олжа салып, оза шабуы өздерінің интеллектуалдық деңгейі мен парасат-пайымының биіктігін байқатады», деген Д.Қамзабекұлы   «Егемен жастар» жобасы тек төл газетке  ғана емес, ұлттық басылымдар  үшін де маңызы зор екенін айтты.арасына

«Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан редакцияда жастардың шығармашылығын шыңдауына, күнделікті тіршілік ағысының ешқандай тосқауыл емес екенін атап өтті.

«Ертеден еріп келе жатқан тіркес бар өзі, «сірескен СҚ» деген. Сол «сірескен СҚ-ның сеңін Ақселеу  Сейдімбек бұзып еді.  Жасырары жоқ, «Социалистік Қазақстан» кезінде газеттің сірескен кезеңі болды.  Ақселеу аға мәдениет бөліміне ауысып келгенде осы қасаң  түсінікті күл-талқан етті. Қазір газет аптасына бес мәрте шығып, 80 мыңнан аса тиражбен оқырманға таралады. Аптасына екі рет «Әдеби  калейдоскоп» және «Мәдени мозайка», «Әдебиеттің әңгімесі», «Руханият» деген арнайы бет шығады. Тіпті кейбір әдеби газеттерге қарағанда «Egemen Qazaqstan»  әдебиет пен мәдениеттің ағысындағы тұшымды дүниелерді   көбірек жариялайды.   Газеттің бұлжымас бір міндеті – есім-сойы жұрт жадынан көмескі тартып ұмытыла бастаған тұлғаларды қайта жаңғыртып жариялау. «Ұмытпаңдар мені» айдарымен де  әдебиет пен мәдениеттің  қадау-қадау тұлғаларының шығармашылығына, сан тарау тағдырына қатысты сүйекті  дүниелерді де жариялаймыз. Жаңа есім, жас буын да қолтығын сөге көсілсін деп шығармашылық әлеуетін арттыруына дем беріп, туындыларын ұсынып жүрміз. Мұның барлығы да әдебиеттің қазіргі өкілі  саналатын жастарға деген қамқорлықтың белгісі», деді Талғат Батырхан.

Жазушы Қуаныш Жиенбай қандай туынды жазсаң да айтар ойың ойдағы қойшы мен емен есіктің арғы жағындағы министрге де ұғынықты тілмен  жеткізілуі тиіс екенін ескертті.

«Құнды шығарма ешқашан ескірмейді. Мен 1980 жылдары «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын» деген повесть жаздым. Жақында Алматыда және бірнеше облыста сезілген  жер сілкінісінен кейін көптеген адам хабарласып, осы шығармамды оқуға сұрады. Тақырып оқырманның талғамына тати білуі керек, жастарымыз осыны ескерсе. Тағы айтарым, газет редакциясында осы кештің жүлгесін үзіп алмай дәстүрге айналдыру қажет», деді  жазушы Қ.Жиенбай.

аяғына

«Әдебиеттің ағысымен  өзгеше толқын, жаңа буын келеді, бұл заңдылық.  Менің қуанғаным, қазақ әдебиетін көшін сүйрейтін жастардың қалың шоғыры өсіп келеді.  Бүгінгі әдеби кеш осы сөзімді салмақтай түседі. Әсіресе прозаға қарай көңілі құлайтын буынның қатары көбейіп келе жатқаны жаныңды жадыратады. Бізден кейінгі буын, жас толқын жастар қазіргі қазақ қоғамына не керек деген сауалға татитын сүбелі шығармалар жазады деп сенім білдіремін», деді жазушы Асқар Алтай.

Ақын Дәулеткерей Кәпұлы бүгінгі  кітаптарының тұсауы кесілген  ақын-жазушылардың өзіндік  соқпағы  қалыптасқанына қуанатынын жеткізді.  Ақын Толқын Қабылша  «әдебиет ардың ісі» екенін  айқындай алып жүрген   замандастарына сәттілік тіледі.      

Батырхан Сәрсенхан пен Жәнібек Әлиман өлеңдерімен   жиылған қауымды серпілтсе, Бақытбек Қадір мен Абай Аймағамбеттің әңгімелерінен үзінді оқыған Қазақ ұлттық өнер университетінде актер мамандығы бойынша білім алушы студенттер де шеберлігімен тәнті етті.   

Ақын Ұларбек Нұрғалым тізгіндеген кеште әнші  Сәулежан Тағзия тамаша әндерді шырқап көпшілікті  серпілтті.