Қарқаралы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мен аудан әкімі Әділжан Арғынов пәтер кілттерін салтанатты тапсыру шарасына қатысып, баспаналы болған отбасыларға ақ тілегін жаудырды.
Сөйтіп, 18 пәтерлі екі жап-жаңа үйге қоныстанған 36 отбасы көрші-қолаң болып шыға келді.
Әлеуметтік санаттары бойынша айта өтсек, пәтер алғандардың сегізі – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, тағы бір сегізі – көпбалалы отбасылар және жиырма адам – әлеуметтік осал топқа жататын жандар.
Былтыр да Қарқаралыда 10 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген еді. Олардың екеуінің бұрынғы баспанасы апатты жағдайда деп танылған, үшеуі көпбалалы ана, екеуі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасы, тағы да екеуі толық емес отбасы және біреуі зейнеткер кісі. Алдағы уақытта да осындай баспаналар өңірдегі мұқтаж жандарға кезекпен, аудандық тұрғын үй комиссиясының қадағалауымен беріле береді.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы