Егемен Қазақстан • 25 Қаңтар, 2024

«Хат қоржын»

111 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ұлттың сақталуы тіліне байланысты

Тәуелсіздігін алған әрбір халықтың бойтұмары да, еркіндігінің дәлелі де – ана тілі. Сол секілді, біздің де заң жүзінде бекітілген мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Яғни елдегі қызмет қазақ тілінде жүргізіліп, халық қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бірақ күнделікті өмірде бұл қағида іске асырылып жатыр ма? Даулы мәселе осы. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда – 13 497 891 қазақ, 2 981 946 орыс, 614 047 өзбек, 290 337 ұйғыр ұлты тұрады. Өзге ұлтты есептемегенде, жоғарыда көрсетілген миллионнан астам өз қазағымыз бірдей ана тілінде сөйлемейтіні белгілі. Себебі заң нормаларымен қазақ тілі мемлекеттік тіл деп бекітілгенімен, жеке адамдардың тіл қатынастарында өз заңдылығы, тіл таңдау құқы бар, оны заңмен реттеу мүмкін емес. Тек атқарған қызметіне қарай тіл меңгеруді талап етуге болады. Яғни қандай да бір мемлекеттік жұмысқа маман аларда қазақ тілін білуді міндеттеу керек. Ал өзге тілдер содан кейінгі дәрежеде тұруы қажет. Сонда ғана елге, ұлтқа құрмет болады.

Бұдан бөлек, кітап ісі, аударма ісі секілді қызметтерге тілді жетік меңгерген мамандарды жұмысқа тарту керек. Себебі әлем әдебиетіне қызығатын жас­тар жалаң аудармамен сусындамауға тиіс. Бұл жерде де грамматикалық сауаттылық, синоним, омоним, антоним сөздердің дұрыс қолданылуы үлкен рөл атқарады. Ол, біріншіден, оқырманның әлем әдебиетін өз ана тілінде тануына әкеледі. Екіншіден, дұрыс аударма арқылы қазақ тіліне деген қызығушылық артып, аудитория көлемі де арта түседі. Сонымен қатар бүгінде мектеп оқулықтарындағы қисынға келмейтін өлең шумақтары мен мәтіндер, ақылға қонбайтын үй тапсырмаларын көпшілік ата-ананың наразылығын тудырып жүр. Бұдан шығатын қорытынды, оқулықтарға тікелей аударма емес, отандық жазушылардың, ақындардың еңбектерінен тақырыпқа сай таңдалған, тәрбиелік мәні бар үзінділер берілуі керек. Өйткені адамды мәдениетке, білімге, өнерге үйрететін ең алғашқы орын – мектеп.

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті

 

АСТАНА

 

 

Жүзге толған «Оңтүстік Қазақстан»

Өңір айнасына айналған Түркістан облыстық қоғамдық-саяси бұл басылымға Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды ұлт қайраткерлері, ұлт руханиятының күрескері Бейсенбай Кенжебаевтай асылдар қол қойған. Сондықтан да ол – тағдырлы әрі киелі рухани шырақшы.

Еңбек адамдарын кеңінен жазғаны үшін одақ көлеміндегі жүлдеге ие болып, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қойылған. Газетті көркемдеу және полиграфиялық безендіру жөніндегі республикалық, басқа да бірқатар конкурстардың әлденеше дүркін жеңімпазы атанған да осы жүзжылдық жылнама. Сондай-ақ газеттің таралымы 75 мыңға жетіп (сол кез үшін бұл аса үлкен көрсеткіш), рес­публикада қазақша шығатын облыстық газеттер арасында тұрақты жаздырып алатын оқырмандарының көптігі жөнінен тағы да бірінші орында болып, оқшау биікте тұрды.

Газет жанашыры әрі байырғы оқырманы ретінде бұл басылым маған да жақын, ыстық. Сондықтан әр санын асыға күтіп, ойлы дүниелерін тұщынып оқып отырамын.

Жүзжылдық тойына редакция қызметкерлері үлкен рухани даярлықпен, жан-жақты әзірлікпен келіп, алғашқы іс-шараларын бастап та кетті. Айталық, қара шаңырақ басылымның 100 жылдығы құрметіне 100 киелі орынға саяхат жасау қолға алынбақ. Жалпы, БАҚ өкілдері мен журналис­тика факультеттерінің студенттері үшін «Қасиетті Түркістан өңіріне саяхат журналистикасы мен арт журналистиканы дамытудың маңызы» деген тақырыпта кеңейтілген семинар өткізу жоспарланғаны да мәлім болып отыр.

«Ескірмейтін естелік» атты фотокөрме, Сауран ауданында жазба ақындар мүшәйрасы өткізілмек. «Түркістан үшемдері» деген тақырыппен ұйымдастырылатын фестиваль бүгінгі ұлттық демографияға қозғау салатын іс-шара болатыны тағы күмәнсіз. Қазақ күресінен шымылдығы түрілетін дәстүрлі турнирді биыл Түркістан қаласының әкімдігі қолға алыпты. Басқа да көптеген байқаулар өткізілмек.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

газеттің байырғы оқырманы

 

Түркістан облысы

 

Озат оқушының орны – кітапхана

Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан әрбір адам кітап оқуды күнделікті әдетіне айналдыруы керек. Бірақ соңғы кезде қолына мүлде кітап ұстамайтын адамдардың, әсіресе оқушылардың көбейіп келе жатқаны ащы да болса шындық. Балалардың көпшілігі комикс, журналдар, ал мектепте оқу бағдарламасына сәйкес берілген көркем шығарманың үзіндісін оқумен шектеледі. Кітапты міндет болғандықтан емес, рухани баю, толығу мақсатында оқу керек. Адамзаттың асыл қазынасы – кітап туралы философ Ф.Бэкон былай ой дейді: «Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі».

Оқырманды кітап әлеміне жетелейтін бірден-бір мәдени ошақ – кітапхана болғандықтан, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жоспар негізінде көптеген игі іс-шаралар ұйымдастыру – кітапханашыға артылған үлкен жүк. Кітапхана мәңгілік парасаттың киелі ғимараты болса, кітапханашы сол ғимараттағы рухани қазынаның шырақшысы әрі ақыл-ой әлеміне жол сілтеуші іспетті. Ол – бір уақытта әрі педагог, әрі психолог, әрі кітапхана ісін ұйымдастырушы технолог. Қысқасы, кітапханашының еңбегі ұшан-теңіз.

Оқу жылының басында «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша жоспар түзіліп, біршама жұмыс атқарылды. Кітапханада арнайы көрме ұйымдастырылып, балалар кітабын таныстыру мақсатында бейнероликтер жасалды. «Кітаппен дос болайық», «Кітап – ғажайып дос», «Кітап әлеміне саяхат», «Кітаппен бірге өсеміз...» атты мәнді де мағыналы іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралардың барлығы да оқушыларымыздың тіл байлығын арттыру, сөздік қорын молайту, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылды.

Кітап өзіңді де, өзгені де сыйлауға үйретіп, балалардың білімін, ой-өрісін кеңейтеді. Сондықтан біз, мектеп кітапханашылары, кітап мәртебесін көтеруіміз керек. «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана, әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады», деген заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен келіспейтін жан бола қоймас.

Роза БӨЛКЕНОВА,

Қалижан Бекқожин атындағы мектеп

кітапханасының меңгерушісі

 

ПАВЛОДАР