Олимпиада • 25 Қаңтар, 2024

Мерейімізді үстем еткен Олимпиада

1532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы белортасынан асты. Жеті күн бойы сайысқа түс­кен спортшыларымыз әзірге 1 алтын, 2 қола медальмен, бейресми жалпыкомандалық есепте 15-орында келеді.

Мерейімізді үстем еткен Олимпиада

Әлемнің 70 елінен 1900-ге жуық спортшы қатысып жатқан доданың алғашқы күнінде  шаң­ғымен тұғырдан секіру сайысында Илья Мизерных чем­пион атанды. Илья – 214 ұпай жинап, қысқы жасөспірімдер ойындарында ал­тын алған еліміздің тұңғыш спорт­шысы.

Бұл Илья Мизер­ных­тың ха­лық­­аралық бәсекедегі алғашқы алтыны емес. Ол бір жыл бұрын II Азия балалары ойындарында жекелей сында топ жарып, аралас командалық сында Софья Шиш­кина екеуі күміс жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ Илья еліміздің IV қысқы жастар спорт ойын­дарында қарсылас шақ ке­л­тірмеген. Алматы мен Кемерово қаласында өткен дү­бірлі жарыс­тарда да Илья К-60 трамплиннен секірсе, Оңтүстік Кореяда К-90, яғни 90 метр биік­­­тен қалықтады.

апр

Жалпы, осыған дейінгі үш Олимпиадада қоржынға тек 1 кү­міс пен 4 қола жүлде түскен еді. Га­лина Вишневская-Шепоренко 2012 жылы күміс және қола медаль жеңіп алса, Сергей Малышев та үздік үштіктен көрінді. 2016 жылы Арина Пантова мен Эли­забет Тұрсынбаева қола жүлдеге ие болды. Ал 2020 жылы бірде-бір спортшымыз жүлдеге ие бола алмады. Сондықтан И.Мизер­ныхтың жеңіп алған алтын медалі қысқы ойындарда мерейімізді үстем етті.

Шорт-трекші қыз Полина Омель­чук қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол 1000 метрге жүгіру­ден мәреге үшінші болып кел­ді. Оның уақыт көрсеткіші – 1:41.600.

Қуанарлығы, Полина – өзіміз­дің «өнім». Яғни спортшы қыз – Қ.Мұ­ңайт­­­пасов атындағы мектеп-ин­тер­нат-колледждің 11-сынып оқушысы.

– Бұл жеңіс – мен үшін ұмытылмас қуаныш. Барлығын бапкердің нұсқауы бойынша істе­дім. Құрған тактикамыз сәт­ті орындалды. Олимпиаданың дең­гейі басқаша болады екен. Мұндай үлкен додаға бірінші рет қатысып отырмын. Бүгінгі қола жүлде мені спортшы ретінде әлі көп еңбектену керек екенін аңғартты. Арманым – Олимпиада чемпионы атану, – деді П.Омельчук.

сми

Тағы бір жағымды жаңалық кеше келіп түсті. Қазақ­стан ко­мандалық сайыста та жүлде алуды үйренді. Хоккейден жастар құрамасы Олим­пиаданың қола жүлдегері атанды. Темірлан Ай­болұлы, Бек­сұлтан Мақыш, Әділхан Сат­тар, Арман Төлен, Әнуар Ахмет­жанов сынды қазағы көп команда жүлделі үшінші орын үшін сайыста Аустрия құ­ра­масын қапы қалдырды. Есеп – 6:5, біздің пайдамызға шешілді.

Жалпы, дүбірлі дода белортасынан асқанымен, қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Болашақта осы жас спортшылар ұлттық құ­ра­маны жеңіске жетелейді деп үміттенеміз.

Дүбірлі дода 1 ақпанда аяқ­талады.