Тұлға • 25 Қаңтар, 2024

Қазақ гитарының атасы

1944 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қу тақтайдың бетіне тартып тастап, шертіп кеп жіберсе дың ете қалатын ешкінің ширатылып сымдай тартылған ащы ішегі емес, темір сөйлемесі анық қой тура мағынасында. Ал темірге тіл бітіру әркімдердің қолынан келгенімен, сол жансыз немені қазақша сөйлету екінің бірінің қолынан келмегенін айтқымыз келеді.

Қазақ гитарының атасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ертедегі домбыралардың үні дың-дың етіп әсерлірек шығатын көрінеді ғой. Сәкеннің «дыңыл­дап қалқып баяулай» дейтіні содан болса керек. Себебі бес-он құлаш ащы ішек ширатылғанда бұраты­лып-бұратылып қысқарады да, домбыраға таңылады. Шерткенде арасында тербеліс молырақ жүреді де, ұзақ дыңылдап тұрады. Саусақ бір пернеден екіншіге ауысқан­да дауыстар тұйықталмай бір-бірі­не ілініп-шалынып, екі нота бір-бірін қауып, үн ерекше қаулап, бас-аяғы тұтаса барады. Сонда гитардың шиыршықталған ұсақ-ұсақ сымдары осы домбыра іше­гінің көшірмесі болуы мүмкін. О бас­та, бала күнінде ауылда домбырада шебер ойнаған Қорабай Есеновтің испанның темір ішек­ті гитарын қазақы мәнерде құй­қылжытқаны кездейсоқ емес, осы құ­былыстардан қалыптасқанға ұқсайды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол, «қазақ гитарының ата­­сы» Қорекең сол жеті ішекті аспап­­ты студент болғанда бір-ақ ұстап­­ты. Демек құнары ұлттық қайнар­да тұр.

ХХ ғасырдың ортан белінен бы­лай отандық өнерде гитар қазақ­ша сөйлеп шыға келді. Қа­зақ даласына Қорабай көтеріп кел­гендей әсер қалдырды оны. Сүй­реп әкелген жоқ және қазақы нақышта күйлеп әкелді. Темір ішектің өзі қазақша тебіреніп кеткен жоқ па? Қорабайдың қолы тигенде. Негізі гитар о баста алты ішекті аспап-ты, кейінде қазақ­тың жетігенін көргендер жетілдірді ме екен, XIX ғасырда «алтыгенге» жетінші ішекті қосыпты ғой. Мұ­ны айтып отырғаным, қоңыр үнді Қорабайдың ұстағаны – гитардың жеті ішектісі. Мұның тар­тылуы мүлде бөлек, алты ішек­тіні тартқан сияқты емес, кей­бір тұсында теріп тартуға тура ке­леді. Осы жеті ішекті гитармен «Жас қалам», «Жалғыз аққу», «Қош­тасу», «Мәңгі шырақ», тағы басқа әндерінің алды-артын күл­телегенде, оркестр сүйемелдеп тұр­­ғандай әсер қалдырады. Әсі­ресе «Жалғыз аққуды» (Жыл­жи­ды аққу) салғанда. Бірақ бұл жолы біз Қорабай Есеновтің «Жас қала­мына» тоқталамыз.

«Кездессең ұрлана қарай­­мын» деп басталатын ән қазақ да­­ла­сында гитардың сұлу сың­­­ғы­рын­сыз естілсе, құлаққа қона қой­май­тындай болады да тұ­ра­ды. Бұл да қазақ өнеріндегі Қо­ра­байдың ықпалы дерлік. «Жас кезімізде біз Қазақ радиосынан Қорабайды тыңдап өстік, сонымен жатып, сонымен ояндық. Сол Қорабай әлі де шырқап келеді», деді бірде Көпен Әмірбек. Жеті ішек­тің иесі сахнаға осылай шақырыла­тын және алғашқы орындайтыны осы «Жас қалам» болатын. Ха­лық ішіне кең таралған туындыны кейінде Сейіл Аяған гитардың сүйемелдеуімен эстрадаға салып орындады, «Жігіттер» тобы таза эстрадалық жанрда жазып шықса да, Қорекең қалыптастырған ал­ғашқы нұсқадан алысқа ұзай қой­ған жоқ. Бұл жерде тоқ­тал­ғы­мыз келетіні, әнге көзіктіретін әншақыртқының мызғымастығы, автор әу баста туындының басында ойнайтын әуен ләмінің өзін бұлжымайтын етіп құйып тас­тағанының өзі үлкен әңгі­ме. Аталған әнді бертінде бір­не­ше әнші қырық құбылтып шыр­қа­ғанымен, эстрадаға жыққаны­мен, Қорекең қайыра салса, қай­та түлеп шыға келеді туынды. Халық қабылдай береді. Дауыс шау тарта бастаса да, жүрек сол қалпы, гитардың қағысы тіпті күрделеніп, ширай түскен бе дер­сіз. Бұрынғы жазылған дауыс­тардан гөрі қазір алыстан талып жететіндей, тіпті кейбір жері жетпей қалатындай үзіліп барып естіледі де, үздіктіріп, дымыңды құртып қояды. Бұл – қазақ күй шертісінде ғана кездесетін сирек құбылыс. Тақ-тұқ еткен, кел­тесінен қиып-қиып тастаған жат­танды дыңғыр емес, кәдімгі жүректің қағысы. Саусақ басына жүрек түбінен атқақтаған саздың төркіні қайдан тамыр тартатынын жоғарыда келтіргенбіз. Қорабайды қазақ сондықтан қажымай-талмай тыңдап мағұрланады. Ән де, үн де, қағыс та ұлттық бастаудан тамыр тартып тұр. Еліктеп басқаға қойып кетпеген соң өнер иесі болып қалғанын үлгі еткіміз келеді. 

Қаншама шәкірт еріп шықты сол кезде бұл кісінің соңынан. «Жас қаламда» шырқалғандай, «асаудай тулаған жас жүректер» жанына жақын әуеннен сая тап­қаны өз алдына, соны жалау етіп төбесіне көтерді. Қазақ топы­рағындағы тұңғыш бард Табыл Досым мен әнші Сейіл Аяғанды атап қана жүр екенбіз. Сол кезде Қазақ радиосын тыңдап өскен Қытай, Моңғолия қазақтарының арасынан да гитарды қазақы мақамға иіп тартқандар аз емес. Өкен Таңсықхан мен Абай Тұр­сынбайды атаса да жет­кілікті шығар. Біз білетін бұлар­дың қай-қайсысында болсын Қорабайдың әсері бар. Әредік қол­таңбасы кө­рініп қалады. Ал Табыл До­сым кезінде Қорекеңді «қазақ гита­р­ы­ның атасы» танып, арнайы барып батасын алғаны өз алдына бөлек әңгіме.