Тағзым • 25 Қаңтар, 2024

Арманда кеткен әнші

14260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Операның отаны – Италия, Меккесі – Ла Скала». Миландағы опера театрының сахнасына шығып ән салған өнер иесіне дүниенің төрт қақпасы түгел ашық деген сөз. Бірақ оған жеткен әнші сирек. Сол аздың саз өкілі – Амангелді Сембин.

Арманда кеткен әнші

Иә, ол – «Ла Скалада» ән сал­ған тұңғыш қазақ. 31 жа­сын­да «Қазақстанның ең­бек сі­ңірген әртісі» атағын ал­ды. Әлем­ге танымал өнер тар­лан­дарының жоғары бағасына ие болды. Сол кезде мемлекет басшысы болып тұрған Дін­мұ­хаммед Қонаевтың өзі әнші даусына тәнті боп, ба­уы­­рына басты, шексіз қам­қор­лы­ғына бөледі. Дүлдүл да­рын классикалық туындыларда – Төлегеннің, Айдардың, Біржанның, Адақтың партияларын сәтімен орындап көзге түсті. «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Қар­ғаш», «Шәпибай-ау» әндерін дәл Амангелдідей әуелеткен ән­ші сирек. Сембин өткен опера мектебі қатарластарына тек қиял болатын...

Қазақта Амангелдіден ас­қан армансыз әнші өтпегендей көрінеді ондайда. Бірақ бұл сырт көзге ғана солай. Шын мәнінде әншінің ішкі мұңы, орындалмаған ойлары, аяқас­ты болған арманы – бәрі-бәрі күрсінтеді. Иә, Амангелді ән­ші­ні ойға алғанда, арманда кеткен өмір-ай дегің келеді еріксіз...

«Жалпы, менің биіктен құла­уыма мақтау, қолпаштау және көре алмаушылық себеп болды», депті әнші бір сұхбатында. Рас, даңқ та – үлкен сынақ. Оны абыроймен көтеріп жүру­дің өзі – үлкен ерлік, шексіз тө­зім. Әйтпесе, Мәскеудің П.Чай­ков­­ский атындағы консервато­рия­­сына құжат тапсырған 800 та­лап­кер­дің ішінен суырылып шық­­қан 25 таланттың бірі де осы Амангелді еді ғой. Даңқты үш тенор – Лучано Паваротти, Хосе Каррерас және Пласидо Доминголар ән салған сахнада еркін жүрген де қазақтың ерке баласы осы Сембин болатын. Қазақ ішінен «Ла Скалаға» тұңғыш табан тигізген де өзі емес пе? Ендеше, ұлт өнерінің құбылысына айналған әнші өмірін әсте өкінішті дей аламыз ба?

Десе де «Адамның басы – Алланың добы» деп қазақ бекер айтпапты. Теңдессіз даңқ берген Алла пендесіне үйіп-төгіп сынақ та берген екен. Сембиннің бар сыры, бәлкім бар міні – сол сынға сынып кеткені...

...Аласұрып Алматы кө­ше­­­ле­­ріне сыймай жүрген күн­дер­дің бірі болатын. Жан әлемі ала­сұрып, іші от боп күйген ән­­ші көшеде кездейсоқ жазу­­шы Қал­тай Мұхамеджановқа ке­зі­гіп қалады. Көрсе де көрме­ген­дей болып кетіп бара жат­қан жерінен тоқтатқан қалам­гер: «Әй, Амангелді, бері кел!» деп қасына шақырып алады. Жағ­дайдың бәрін түсініп тұр: «Са­ған қанша адамның қиянат қылғанын, қанша адамның шарап бергенін түр-түсіне дейін айтып бере аламын. Бірақ ­оларды ату қолдан келмейді. Ме­­нің бір ғана өкінішім – сендей ­­асыл азаматты бүкіл ел жоғалтып ­ал­ды. Осыны ой­лаған сайын жү­­ре­гім жылап қоя береді», деп аһ ұрыпты.

Ал әншінің өзі болса бұл кү­йін журналистерге берген сұхбатында: «1975 жылы Ми­ланнан келген соң, опера театрындағы жұмысымды одан әрі жалғастырдым. Сол жы­лы Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Болат Аюхановтың бишілер тобы және мен Францияда бір жарым ай гастрольде болып келдік. Бұл да тәлімі мол сұрапыл сапар еді. Бір жыл­дан кейін, яғни 30-дан ас­қан ша­ғымда «Қазақстанға ең­бек сіңірген әртіс» атағын ал­­дым. Одан кейін менің өмі­рім­де қас дұшпаныма да ті­ле­мейтін қаралы күндер бас­­тал­­ды. Жанымдағы жа­рым­ жар­қабақтан итер­ді. Ма­ңым­да­ғы «майдан­дастар­дың» қой­ны толы тас болып шық­ты. «Өлсек, қабіріміз бір­ге» деп­ жүр­ген­дердің жүрегі бір-ақ сәтте мұз­ға айналды. М.Мақатаевтың «Қарғыс» атты өлеңі көз алдымда бейнелі түрде дөңгелеп бара жатты...».

Осы өкінішті күй әншіні өле-өлгенше босатпады. Қызға­ныш пен көреалмаушылықтың қу құлқыны алапат әншіні со­ңында бәрібір жұтып тынды. Әсем әнін жүрегінің түк­пірінде аялап, сұлу үнімен жа­нынан шығарған таланттың тағдыры осылайша тоғышар топқа жем болды. «9 мамырда 60 жасқа келемін. Сол кез­де шә­кірттерімді жинап, қол­дан кел­генше аяқты түзеп, сах­на­­ға таяқсыз шығып концерт бермек ойым бар. Бұл енді Құдай Тағаланың уысындағы ша­руа...» деп армандаған әнші тіле­гіне жете алмады. Алпы­сына жетуге, арманына жету­ге сәл қалғанда кеуде толы қо­ңыр­ саздың әуені үзіліп кетті. Әттең...