– Айжан Маратқызы, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті кен-металлургия кешенін дамытып жатқан өңірге жоғары білікті мамандар даярлайды. Кадр даярлау деңгейі қандай?
– Қарағанды облысы – еліміздің индустриялдық орталығы. Бірақ бұл аймақта тек кеншілер мен металлургтерге ғана сұраныс бар дегенді білдірмейді. Облыс кәсіпорындарына көптеген саланың мамандары – машина жасаушылар, энергетиктер, көлік мамандары, құрылысшылар, экономистер мен бағдарламашылар да қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жыл сайын оқу орнымыздың дипломы бар жүздеген жас маманды түрлі мемлекеттік, квазимемлекеттік, жекеменшік ұйымдардың еңбек ұжымдарын толықтырып отырады.
– Сіздер дайындаған мамандарға деген сұраныстың жоғары болуының себебі неде?
– Оның басты құпиясы – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті білім, ғылым және өндірістің интеграциясын күшейту арқылы өңірдің барлық негізгі өнеркәсіп саласына сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отыр. Бұл интеграция оқу орны базасында 15 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Корпоративтік университет» инновациялық-білім беру консорциумы аясында тиімді жүзеге асырылып жатыр. Консорциум бүгінде 70-тен астам ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын біріктіреді. Олардың ішінде ұлттық тау-кен металлургия кешенінің «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Nova Цинк», ЖШС, «Мaker» ЖШС сынды басты компаниялары бар. Консорциум кәсіпорындарында жұмыс істейтін бітіруші кафедралардың 60-тан астам филиалында жүзеге асырылатын оқу үдерісіне жыл сайын 300-ден астам жетекші өндіріс мамандары қатысады. Кәсіпорындардың бірінші басшыларының келісімі бойынша элективті пәндер каталогтары жыл сайын жаңартылып отырады. Өнеркәсіптік компаниялардың демеушілік көмегі есебінен жоғары оқу орнының оқу-зертханалық базасы үнемі заманауи жабдықтармен және бағдарламалық кешендермен жаңартылып келеді. Университеттің жұмысшы кәсіптері орталықтарында студенттер қосымша сұранысқа ие мамандықтар бойынша қолданбалы біліктілікке ие болады. Бұл олардың штаттық жұмыс орындарында кәсіби тәжірибеден өтуіне және өндірістік жағдайларға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Университет ғалымдары кәсіпорындармен бірлесе отырып, инновациялық ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асырады, мамандарды даярлау үдерісінде оларды кейіннен өндіріске енгізеді. Оқу орнының кәсіпорындармен ғылыми-техникалық ынтымақтастығының негізгі бағыты – өндірісті технологиялық жаңғырту бойынша бірлескен инновациялық жобаларды орындауы. Атап айтқанда, металлургия саласында жаңа буынның ыстыққа шыдамды және тозуға төзімді материалдар өндіру және өңдеу, қорытпалар алу, пайдалану қасиеттері жоғары технологиялық жабдықтардың бөлшектері мен қорғаныш жабындыларын дайындау технологиялары әзірленіп, өнеркәсіпке енгізілді. Осындай өзекті әзірлемелері үшін университет ғалымдарының бір тобы Әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Жоғары оқу орнының беделді ғылыми мектептерінің базасында магистратура мен PhD докторантураның 40-тан астам білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру аясында мамандар даярланады, философия докторы ғылыми дәрежесін беруге арналған диссертациялық кеңестер жұмыс істейді.
– Оқу-зертхана базасында және біз білетін әлемдік деңгейдегі өнеркәсіптік серіктестермен цифрлық өндіріске мамандарды озық даярлау да маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл үдеріс туралы не айтар едіңіз?
– Цифрлық өндірістің қарқынды дамуына байланысты жаңа және инновациялық білім беру бағдарламалары Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде индустрияны дамытудың әлеуеттік бағыттары бойынша икемді әрі кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағдарланады. 2018 жылдың өзінде оқу орнының «Цифрлық университет» моделіне көшу тұжырымдамасын іске асыру аясында университеттегі қызметтің үдерістерін толық цифрландыруды қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптастырылды. Барлық бизнес үдерісті бақылау, талдау және басқару жұмыстары бойынша «Upgrade Center» мамандандырылған орталығы құрылды. Университетте кейінгі жылдары TOTAL, FESTO, Schneider Electric, Mitsubishi Electric, Leica Geosystems, Epam Systems және Fluor трансұлттық корпорацияларының қатысуымен құрылған инженерлік құзыреттілік орталықтары, сондай-ақ Cisco желілік академиясы және IT-құзыреттілік орталығы, «EPAM Systems» R&D-зертханасы, Huawei академиясының «ICT» зертханасы, өнеркәсіпті цифрландырудың негізгі бағыттары бойынша ғылыми білім беру кешендері табысты жұмыс істейді. Ғылыми білім беру кешендері мен құзыреттілік орталықтары әлемдік деңгейдегі жабдықтармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жарақталған. Бұл болашақ мамандарға халықаралық стандарттар негізінде өнеркәсіптік цифрландырудың өзекті бағыттары бойынша қажетті білім мен дағдыларды алуға, инновациялық жобаларды әзірлеуге әрі іске асыруға, университеттің өзіндегі Вusiness Skills Park алаңында стартаптар құруға мүмкіндік береді.
– Көптеген жоғары оқу орны халықаралық білім беру жобаларына қатысады. Бұл бағытта Қарағанды техникалық университеті қандай жетістіктерге жетті?
– Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ынтымақтастық туралы шарттар шеңберінде АҚШ, Еуроодақ, Канада, Ресей, Қытай және басқа да елдердің жетекші университеттерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Erasmus+, SINERGY, ШЫҰ университеті, Конфуций институты сияқты халықаралық білім беру жобаларына белсенді қатысады. Мәселен, 2006 жылдан бастап жоғары оқу орны «Sinergy» халықаралық ғылыми-білім беру жобасының белсенді қатысушысы болып саналады. Жоба әлемдік көшбасшыларының бірі «Festo» трансұлттық компаниясының (Аустрия, Германия) Индустрия 4.0 және 53 елді біріктіретін DAAAM (Аустрия) өнеркәсібіндегі автоматтандыру жөніндегі халықаралық ұйымның қолдауымен орындалады.
– Өңірдің жетекші кәсіпорындарымен серіктестікте жаңа және инновациялық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибесі бар ма?
– Университет өндірістік серіктестермен бірлесіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінің тізіліміне енгізілген өндірістік үдерістерді, кен ісіндегі, машина жасаудағы, энергетикадағы, телекоммуникациядағы, көліктегі, құрылыстағы және тіпті медицинадағы цифрлық технологияларды басқару жүйелерін цифрландыруға байланысты ондаған жаңа білім беру бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырады. Қарағанды медицина университетімен бірлесіп іске асырылған «IT-медицина» инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша 2023 жылы алғашқы түлектер түлеп шықты.
Университет цифрлық дәуірдегі инженерлік кадрлардағы өндіріс қажеттіліктеріне тез бейімделе алады. Бізде бакалавриат пен бейіндік магистратураның өзекті білім беру бағдарламалары аясында «Жоғары оқу орны – кәсіпорын – білім алушы» үшжақты шарттары ауқымында кәсіпорындардың нысаналы сұраныстары бойынша 1 мыңнан астам маман даярлау жөнінен айтарлықтай табысты тәжірибесі бар. Жоғары оқу орнының өңір кәсіпорындарымен осындай нәтижелі әріптестігі түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары деңгейін қамтамасыз ететіні сөзсіз. Соңғы статистикаға сүйенсек, Қарағанды техникалық университеті түлектерінің 90%-дан астамы қалаған жұмыс орнына бір жыл ішінде орналасады. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ұжымының қызметі өңірдің инновациялық өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға және кәсіпорындармен тығыз әрі өнімді әріптестікте жоғары білікті инженерлік кадрларға өндіріс қажеттілігін қамтамасыз етуіне, оның экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Әңгімелескен –
Николай КРАВЕЦ