Ауыл • 25 Қаңтар, 2024

Шекарадағы ауылдың жабылғаны кімге тиімді?

553 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аумақтарды дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қойды. Президент ауылдарды көркейтейік, дамытайық деп бастама көтеріп отырғанда, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар атқамінерлері стратегиялық маңызды елді мекендерді «жабылатын ауыл» қатарына енгізіп жатыр.

Шекарадағы ауылдың жабылғаны кімге тиімді?

Биылғы 23 қаңтарда Солтүстік Қа­зақстан облысы Жамбыл ауданының Жамбыл аулында жиын өтті. Бұл жиын – осы ауданға қарасты Амангелді, Суаткөл ауылдарын тарату туралы Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің ұсынысына орай өткізілді. Жиынға Амангелді, Суаткөл ауыл­да­ры­ның тұрғындары қатысты. Қа­­зақстан Республикасының ауылдық жерлерді жою туралы заңының 8-бабын алға тартқан Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев Амангелді, Суаткөл ауыл­дарының жабылатыны туралы мәлім­деді. Себеп? Себебі осы ауыл­дар­ тұрғындарының саны заң талабында көрсетілгеніндей, 50 адамнан аз. Алайда Суаткөл, Амангелді аулының азаматтары бұл уәжбен келіспейді.

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев: «Заң бар. Біз сол заңға сәйкес жұмыс істейміз. Заңда ауылда адам саны 50-ден кем болмауы көрсетілген. Сіздер айтып отырған Амангелді, Суаткөл ауылдарындағы тұр­ғын саны 50-ден аз. Жыл сайын екі рет ауылдарды аралап, қанша адам тұра­ты­ны туралы есеп жүргіземіз. Сол есепке сай, осы екі ауылдағы халық саны 50-ге жетпейтіндіктен, оларды жабу туралы бастама көтерілді», дейді.

Сондай-ақ ол екі жыл бұрын ауыл азаматтары көші-қон бағдарламасымен оң­түстіктен отбасыларды көшіріп әкеле­ті­нін айтқанын, алайда ешкім көшіп келмегенін алға тартты. Амангелді, Суаткөл ауылдарын тарату туралы ше­шім қабылдаушы 4 адамнан тұратын жер­гілікті қоғамдастықтың бір өкілі Нұржан Кенжеғозин басқа аймақтан арнайы бағдарламамен көшіп келген азаматтардың көбі кері көшіп кет­кенін, көп адамның ауылдарда тұрақ­тамайтынын айтады. Аталған ауыл­дардан өз тұрғындары көшіп жат­қан­да, басқа аймақтан көшіп келген адам қалай тұрақтап қалсын? Ауыл халқы тұрақтап қалуы үшін ауылдың инфра­құ­рылымы талапқа сай болуға тиіс. Ал ол инфрақұрылымды жергілікті атқа­рушы билік өкілдері жүзеге асыруы керек. Ауыл мен халыққа жағдай жасауы керек әкім-қараларға Амангелді мен Суаткөлдің атын картадан өшіре салу әлдеқайда жеңіл сияқты. Қыс маусымында көлік қатынасы қиындайтын, жолдары ойық-шұқыр, ал ауыз су про­б­лемасы шешімін таппаған ауылдарға кім көшіп барады? Біздің тарапымыздан қойылған бұл сұраққа Жамбыл ауылдық округінің әкімі Н.Тұрсынбаев та, шешім шығарушы қауымдастық өкілі Н.Кенжеғозин де жауап берген жоқ. Әкім Н.Тұрсынбаев ауылды жабу туралы заңды алға тартпас бұрын, ок­ругтің әкімі ретінде заңмен бекі­тіл­ген міндеттерін толығымен орын­дағанын тізіп айтып берер деп күт­ке­німіз бекер болды. Сонымен қатар Амангелді, Суаткөл ауылдарын екі жыл бұрын бо­ла­шағы жоқ ауылдар қатарына қосып қойған жергілікті билік өкілдері «аулы­­мызға ешкім келмейді» деп ша­ғым­дануын қалай түсінеміз?

Амангелді аулының азаматы, танымал журналист Сайын Шаймерден: «Қазіргі кезде «Екпін – 2002» ЖШС басшысы Екпін деген біреудің Өмірсерік Әбиев атты баласы 4000 қойын ау­лы­мыз Амангелдіде жайып отыр. Ауыл­дағы мектептің де күл-талқаны шы­ғып, қирап жатыр. Бұл мәселеде халқы жоқ ауылды адамға толтырып, көркейтіп, дамыту емес, керісінше ауылды жойып, жерді босатып, иемденуге жанталасып жатқан астыртын әрекеттің сұлбасы байқалады. Ауылда заңды, тұрақты тіркеуде қазір ондаған адам тұр. Соған қарамастан, жергілікті атқа­ру­шы билік өкілдері ауыл­ды жабудан басқаға бас ауыртқылары келмей отыр. Президентіміз ауылдарды көтерейік, көр­кейтейік деп ауқымды жұмыс ат­қа­руға шақырады. Ал бізде бар ауылды жойып, босаған жерді ұстағанның қолына, тістегеннің аузына беруге жанталас басталды. Зұлмат ашаршылықта да, соғыс заманында да жабылмаған аулымыз айдың-күннің аманында жабылатыны жанымызға батады», дейді.

Сөз болып отырған Солтүстік Қа­зақ­стан облысының Жамбыл ауданын­да­­ғы Амангелді аулы – Қазақ­стан­ның халық жазушысы, драматург Сафуан Шай­мер­де­новтің туған мекені. Қаламгердің қара шаңырағы Амангелді аулында қаз-қалпында сақтаулы тұр. Тарихи тұлғаның табаны тиген туған аулын ел азаматтары сақтап қалайық десе де, Жамбыл ауданының атқамінерлері мәсе­ле­ні шешуді бір-біріне сілтеп, сиыр­құйым­шақ­тандырып отыр.

Жамбыл аулындағы жиынға қатыс­қан ел азаматтары бұл істің астарында Амангелді, Суаткөлді жауып, босаған жер­лерін иемденгісі келген әлдекімнің қитұрқы әрекеті болуы да мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде «Екпін – 2002» ЖШС Амангелді аулына тиесілі 260 гектар жерді жалға алып, мал жаяды.

«Аулымызға тиесілі үш мыңдаған гектар жер ондаған жыл бойы пайдаланылмай жатыр. Сол жерлерді игерейік, мал асырап, егін егейік десек, жергілікті билік өкілдері түрлі сылтауды алға тартып, бермейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмеген жерлерді кері қайтару туралы арнайы құжаттарды қабылдады. Ал біздегі жағдай мынадай. Мыңдаған гектар жеріміз барын қайтейін, пайдасын көре алмай отырған соң. Осыдан екі жыл бұрын Қытайдағы қандастарымыз бір ауыл болып көшіп келгісі келді. Мал өсіріп, егін егеміз деді. Өкінішке қарай, жергілікті басшылардың «бос жер жоқ» деген жауабынан кейін қандастарымыз келуден бас тартты. «Біз Қытайда да жалданып жұмыс істеп, құлдың күйін кешіп жүрміз. Атажұртта өз кәсібімізді дөңгелетіп, елге де, жерге де пайдамыз тисе дейміз», деді олар. Осылайша, ке­лейін деп отырған адамдардан айырылып қалдық», деп күйінеді Амангелді аулының азаматы Жапар Төлегенов.

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев та, жергілікті қоғамдастық өкілі Нұржан Кенжеғозин де «Аулымызға ешкім келмейді. Ауыл­да адам жоқ» дейді. Ашығын айт­қанда, қирап-қаңырап бос жатқан ауылға кім келеді? Қоныс аударатын әрбір азаматтың ең бірінші қалауы – мал өсіріп, егін егу. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысындағы мың­да­ған гектар жер санаулы кісі­лер­дің уысында. Көшіп келем деушілер әлгі кісілерге жалданып жұмыс істеуі керек, болмаса өз кәсібін игеремін дейтіндерге жалға беріле қояр жер жоқ. Барлық проблеманың туындайтын тұсы да осы.

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен сайлауалды бағдарламамда ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын»,  деп елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінен кейін Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатынын да сол жиын­да қадап айтқан болатын.

Солтүстік Қазақстан облысының Жам­был ауданы шекаралық ай­мақ­­қа жатады. Ал Жамбыл ауда­ны­ның әкімі Азамат Бектасов пен осы аудандағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев Амангелді, Суаткөл ауыл­дарын жауып, аңыраған бос далаға айналдыруға неге күш салып отыр? Жамбыл аулында өткен жиында ауыл әкімі Н.Тұрсынбаев бұйрықтың Солтүстік Қазақ­стан облыстық мәслихатынан келгенін алға тартумен болды. Олай болса, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Владимир Бубенко да Мем­ле­кет басшысының тұжырымдама, бағдарламаларымен келіспейтін болғаны ма? 2023 жылы 4 желтоқсан күні Астанада өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те аймақтағы жабылу алдында тұрған ауылдарға қатысты тоқталып: «Облыста 635 елді мекен бар. Оның 125-інің халық саны 50-ге де жетпейді. Тағы 39 ауылда 3-4 адам ғана тұрады. Жалпы, өңірде халық санынан да, аумағы жағынан да талаптарға сай келмейтін елді мекендер көп. Алайда болашағы жоқ ауылдарға қатысты мәселеге біз өте мұқият қараймыз. Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен сөйлесіп, бұл мәселені әлі де қарастыратын боламыз», деген болатын. Өкінішке қарай, Солтүстік Қа­зақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің сөзі Жамбыл ауданы мен ауылдық әкімдерін ойландырмай тұр.

P.S. Соңғы ақпаратқа сүйенсек, Жамбыл аулында өткен жиын хаттамасында Амангелді, Суаткөл ауылдары тұрғындары толық көшіп кетпегеніне байланысты таратылмайтыны туралы шешім қабылданыпты. Алайда Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасовқа осы мәселемен арнайы барып-қайтқан Жапар Төлегенов: «Аудан әкімі Азамат Бектасов соңғы нүктені Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты қоятынын айтып, шығарып салды»,  дейді. Амангелді, Суаткөлдің халқы ауылдарын сақтап қалу үшін бар күшін салатынын, мәселені Парламентте көтеріп, Үкіметке және Мемлекет басшылығына хат жолдайтынын жеткізді.

 

Меруерт ХУСАИНОВА 

 

Солтүстік Қазақстан облысы