Саясат • 26 Қаңтар, 2024

Халықаралық қарар орындалуға тиіс

149 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше елордада Астана процесі аясында Сирия жөніндегі келіссөздер өтті. Жиынға аталған форматтың кепілгер мемлекеттері Иран, Түркия және Ресей қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме жасады.

Халықаралық қарар орындалуға тиіс

Фото: russian.eurasianet.org

Жиынның қорытынды отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мүдделі тараптар қақтығыстың саяси шешімін табатынына үміт білдірді.

«Кейінгі екі күнде Сириядағы жа­ғ­­­дайды одан әрі тұрақтандыруға, гу­ма­нитарлық жағдайды жақсартуға бағыт­талған маңызды және мазмұнды келіссөздер жүргізілді. Астана про­цесінің нәтижесінде Сириядағы ахуал айтарлықтай тұрақтанды», деді Ә.Ба­қаев. Оның айтуынша, кепілгер елдер­дің ауқымды күш-жігері мен БҰҰ ұйымдарының тұрақты қолдауының арқасында күрделі, түйіні тарқамаған мәселелер тиімді шешіліп келеді. «Осы орайда мүдделі тараптар Астана процесінің нәтижесінде қалыптасқан қолайлы жағдайды барынша пайдаланып, жанжалдың саяси шешімін табады деп үміттенеміз», деді Ә.Бақаев.

Сондай-ақ вице-министр кепілгер мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесін оқып берді. Оның айтуынша, Иран, Түркия және Ресей «Астана процесінің» маңызын атап өтіп, Сирия дағдарысын реттеудегі жетекші рөліне екпін берген.

«Палестина – Израиль қақтығыстары­ның шиеленісуінің Сирия Араб Респуб­ликасындағы жағдайға кері әсерін атап өтті. Қарулы қақтығыс аймағының кеңеюі­не жол бермеудің және оған ай­мақ­тың басқа мемлекеттерін тарту­дың қаупіне тоқталды. Газадағы гумани­тар­лық апатқа байланысты алаң­дау­шы­лық білдіріп, Израильдің палести­на­лықтарға қарсы аяусыз шабуылын тоқ­тату және Газаға гуманитарлық көмек жіберу қажеттігін баса айтты. Тез арада атысты тоқтатуды және барлық та­рап­тың халықаралық құқық бойынша өз міндеттемелерін орындауын талап ететін БҰҰ Бас Ассамблеясының A/ES/-10/L.27 (2023) қарарын орындауға шақырды», деді мәлімдемені оқыған Ә.Бақаев.

Кепілгер мемлекеттер Сирияның егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қа­ғи­даттарына берік екенін қуаттады. Сондай-ақ олардың сақталуы мен құр­мет­телетінін атап өтті.

«Терроризммен күресу, сириялық­тар­дың қауіпсіз, ерікті және лайық түрде оралуына тиісті жағдай жасау мақсатында өзара құрмет, ізгі ниет және тату көршілік негізінде Түркия мен Сирия арасындағы қарым-қатынастарды қалпына келтіру бойынша күш-жігерді жалғастырудың маңызын атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының (БҰҰ БЖКБ) кеңсесі саяси процесті күшейту және барлық сириялыққа гу­манитарлық көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуіне атсалысады. Осы мақсатта қолға алынып жатқан төрт­жақ­ты формат аясындағы Астана фор­ма­тының кепілгерлерінің күш-жігерін құптады», делінген бірлескен мәлімдемеде.

Бұдан бөлек, терроризмнің бүкіл түріне қарсы күресуге, Сирияның еге­мен­дігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін, көршілес елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін сепара­тистік іс-әрекетке ынтымақтаса қарсы тұратынын растаған. Сирияның аймақ­тарында түрлі ат жамылып әрекет ететін лаңкестік топтарды, олармен байланысты құрылымдардың әрекеттерін, бейбіт тұр­ғындар өліміне әкелген азаматтық нысан­дарға жасалған шабуылдарды айыптады.

«Идлиб деэскалация аймағындағы (IDZ) жағдайды егжей-тегжей қарас­тырды. Идлиб бойынша барлық қолда­ныстағы келісімдерді толық орындау арқылы тыныштықты сақтау қаже­ттігін атап өтті. Өңірдегі және одан тыс жер­де бейбіт тұрғындарға қауіп төнді­ретін лаңкестік топтардың болуы мен белсенділігіне қатты алаңдаушылық білдірді. Идлиб деэскалация аймағы мен жапсарлас өңірлердегі ахуалды, соның ішінде гуманитарлық жағдайды тұрақты қалыпқа келтіру үшін одан әрі күш салуға келісті.

Сирияның солтүстік-шығысындағы жағдайды талқылады. Бұл аймақта қауіп­сіздік пен тұрақтылыққа қол жет­кізу атал­ған елдің егемендігі мен аумақ­тық тұтас­тығын сақтау негізінде мүмкін болатынына келісті. Терроризмге қар­сы күрес сылтауымен өзін-өзі басқару­дың заң­сыз бастамалары секілді қитұр­қы әре­кет­тердің барлығын жоққа шы­ғар­­ды. Си­рияның бірлігіне нұқсан кел­­тіру­ге және көршілес елдердің ұлт­тық қауіп­сізді­гіне қатер төндіруге бағыт­тал­ған сепа­ра­тистік жоспарларға, соның ішін­де транс­шекаралық шабуылдарға төтеп беруге дайын екенін қуаттады», деді Ә.Бақаев.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, кепілгер елдер Сирияға тиесілі мұнай ресурстарын заңсыз басып алудың жалғасып жатқанына наразылық білдір­ген. Халықаралық құқықты, халық­аралық гуманитарлық құқықты және БҰҰ Жарғысын бұзатын біржақты санкцияларды қолдамайтынын ашық айтқан. Мұндай қадамдар елдің ыдырауына әкеліп соғады, сепаратистік жоспарларды жүзеге асыруға ықпал етеді.

«Израильдің Сириядағы барлық әскери шабуылын айыптайды. Бұл әре­­­кеттер халықаралық құқықты, ха­лық­аралық гуманитарлық құқықты, Сирия­ның егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын бұзу деп санайды. Мұндай қадам аймақтағы тұрақсыздық пен шие­леністі күшейтеді деп таниды, сондай-ақ шабуыл­дарды тоқтатуға шақырады.

Жаппай қабылданған халықаралық құқықтық шешімдерді, соның ішінде Сирияның Голан аймағын басып алуды жоққа шығаратын БҰҰ-ның тиісті қарарларының ережелерін, бірінші кезекте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 242 және 497 қарарларын құрметтеу қажет. Осы орайда Израильдің осы бағыттағы шешімдері мен қадамдарының заңды күші жоқ және негізсіз», делінген бірлескен мәлімдемеде.

Сондай-ақ кепілгер елдер Сирия мәселесі әскери жолмен шешілмейтінін, бұған ұзақмерзімді саяси үдеріс қажет екенін атап өтті. Аталған елдегі ахуалды оңтайлы шешуге үлкен үлес қосып отырған Қазақстан тарапына алғыстарын айтып, келіссөздердің кезекті раундын өткізгені үшін ризашылығын білдірді.

«Астана процесінің бастауында тұр­ған және осы бірегей көпжақты меха­низмнің табысты жұмыс істеуін қам­тамасыз етуге үлес қосып, қонақжай­лылық көрсеткен, Сирия бойынша ха­лық­аралық кездесулерді қабылдаушы мем­лекет ретінде Қазақстан тарапының ерекше рөлін атап өтті», делінген бірлес­кен мәлімдемеде.

Тағы бір айта кетер мәселе, Сирия жөнін­дегі Астана келіссөздері 2024 жылдың екінші жартысында Астанада өтеді.