Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылдан бастап Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, 2023 жылдың басында Президенттік жастар кадр резервіндегі 350 адамның ішінен түрлі жауапты лауазымға 258 адам тағайындалды, оның ішінде 34-і саяси мемлекеттік қызметші және «А» корпусының саяси мемлекеттік қызметшісі (аппарат басшылары, комитет төрағалары). 2023 жылдың соңында Ұлттық комиссияның шешімімен Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам қабылданды. Сондай-ақ Мәжіліс пен мәслихат депутаттары үшін жастар, әйелдер және мүмкіндігі шектеулілер қатарынан 30 пайыз квота енгізілді. Өзгерістер негізінде Мәжіліске 35 жасқа дейінгі 8 депутат сайланған.
Шынымен, жастар кез келген қоғамның дамуына серпін береді. Олардың белсенділігі мемлекеттің даму қарқыны мен бағытын анықтайды. Жастар басқа жас топ өкілдерімен салыстырғанда мобильділігі, бастамашылдығы, инновациялық трансформацияларға, жаңа технологияларға бейімділігі, түрлі сын-тегеурінге қарсы тұру қабілетімен ерекшеленеді.
Осыған орай бұл топ өкілдерінің билік құрылымдарына белсенді тартылуы заңдылық. Президент сұхбатта жас мамандарды мемлекеттік қызметке белсенді тарту саясаты жалғасатынын атап өтті. Бұл – өз кезегінде білімді, жасампаз, жаңа идеяларға себепші жастарға берілетін үлкен сенім мен мүмкіндік.
Дулат ӨТЕҒАЛИ,
ҚСЗИ Электоралды үдерістерді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы