Республика бойынша мектептердің, соның ішінде «Жайлы мектептердің» құрылысы басталып, ауылдарда денсаулық сақтау нысандарының бой көтеруі қуантады. Медицина қызметкерлерінің мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Азаматтардың, ең алдымен, балалар мен әйелдердің қауіпсіздігін нығайту атап өтілді. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Елімізде жастарды қолдаудың мұндай ауқымды іс-шарасы ел тарихында тұңғыш рет қолға алынды.
Мемлекет басшысы руханиятты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. 2024 жылы елімізде Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтетіні атап өтілді. Бұл іс-шара ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға ғана емес, мәдени байланысты нығайтуға да септігін тигізеді. Сондай-ақ тарихи оқиғаларды және Қазақстан бірегейлігін қалыптастырудағы тұлғалардың рөлін насихаттау қажет. Мемлекет басшысы көрнекті тарихи тұлғаларды – белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын және батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуын атап өту жоспарын сөз етті. Сұхбатта Қазақстан тарихы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көптомдық кітап шығарудың маңыздылығы айтылды. Әрине, бұл бірегей жоба отандық ғалымдардың қатысуымен атқарылатын үлкен, ыждағатты еңбекті қажет етеді.
Сұхбат барысында кәсіби кадрлар мен жастардың рөлі туралы мәселе қозғалды. Мемлекет басшысы жастардың әлеуетіне сенім білдіріп, жас кадрларды қолдауға бағытталған табысты реформалардың маңыздылығын атап өтті. Бұл қадамдар мемлекеттік органдардың жаңаруына, жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға тың серпін беретіні анық.
Болат ТІЛЕПОВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры