Саясат • 26 Қаңтар, 2024

Заңсыз активтерді қайтару амалдары

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барып, БАӘ Әділет министрі Абдулла бин Сұлтан бин Ауад әл-Нуаймимен және осы елдің Бас прокуроры Хамад Сейф әл-Шамсимен кездесулер өткізді.

Заңсыз активтерді қайтару амалдары

Фото: aptamedia.kz

Кездесулер барысында әріптестер ведомствоаралық ынтымақтастықты кеңейту және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін кеңінен талқылады.

Еліміздің бас қадағалау органының басшысы Қазақстан Республикасы Біріккен Араб Әмірліктеріне ұқсас сын-қатерлер мен қауіптерге тап болатындығын, сондықтан қылмыспен күрес мәселелерін бірлесіп шешу, үздік жұмыс тәжірибесімен ұдайы алмаса отырып, заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуроры қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың кейбір аспектілеріне, атап айтқанда, іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялауға және қылмыстық істер бойынша құқық­тық көмек көрсету мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Кездесу аясында араб тарапының заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында оларды іздеу үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану тәжірибесі де талқыланды.

Сапар нәтижесінде, Қазақстан Рес­публикасының Бас прокуратурасы мен БАӘ Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Тараптар бұл құжатты жүзеге асыру қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.