Қоғам • 28 Қаңтар, 2024

Ғасыр жасаған ардагер

1769 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарулы күштердің әскери қызметшілері майдангер, еңбек ардагері Анна Котованы ғасырлық мерейтойымен құттықтауға арнайы барды. Құттықтаушылардың қатарында Қарағандыдағы жергілікті әскери басқару органдары­ның өкілдері мен «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері бар.

Ғасыр жасаған ардагер

Ғасыр жасаған кейуана Қарағанды облысы Осакаров ауданында тұрады. 1943 жылы 18 жасында Воронеж облысынан 2-Украина майданының 65-эвакуациялық ауруханасына жіберілген жас медбике майдан даласынан жеткізілген жаралыларды орналастыру, дәрігерлерге операция кезінде ине салуға және таңуға, дәрі-дәрмектер тарату, тіпті арасында еден жуу, пеш жылыту, киім жуу секілді істерде қолғабыс еткен. Оның мейірімділігі мен сенімділігінің, табан­дылығының арқасында тірі қалудан үміті аз жаралылар да тез оңалып, аяққа тұрған. Ауыр жараланғандарға жылы сөзімен демеу бола білген.

– Шексіз мейіріміңіз, адал еңбегіңіз бен қажымас қайратыңыз үшін сізге алғыс айтамыз. Сіз жүріп өткен өмір жолы – нағыз патриотизмнің, жанқиярлық пен өмірге деген сүйіспеншіліктің үлгісі, – деді Осакаров ауданы қорғаныс істері бөлімінің басшысы, ма­йор Владимир Герега.

Анна Котова жеңістен бір жыл өткен соң ғана елге оралды. 1977 жылы зейнетке шыққанға дейін ол Осакаровтағы денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеді. Ардагер ана өзіне арнайы көңіл бөліп келгендері және жылы лебіздері үшін әскери қызметшілерге алғыс айтты. «Туған жерді көздің қарашығындай қорғап, қастерлей біліңдер! Елімізде тыныштық пен береке-бірлік болсын», деген ізгі тілегін де жеткізді.

Анна Никаноровна даңқты еңбегі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жылдарда Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін», «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл» медальдарымен, «Санитарлық қызметтің үздігі» белгісімен марапатталған.