Үкімет • 29 Қаңтар, 2024

Ұлттық құрылтай: Жұмыс бағыттары айқындалды

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырыстары өтті. Іс-шара барысында Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құрылтай жұмысының негізгі бағыттары жөнінде Президенттің 3 қаң­тарда «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында айтыл­ғанын атап өтті. Сондай-ақ осы консультативтік-кеңес­ші органның қызметі аясында Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың жүзеге асырылу барысына қысқаша тоқталды.

Ұлттық құрылтай: Жұмыс бағыттары айқындалды

Фото: azattyq-ruhy.kz

Атап айтқанда, Мемлекеттік кеңесші Президенттің Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандарды қалпына келтіруге және құ­ру­ға, өңірлік рәміздерді реттеу­ге, сондай-ақ «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне «Ұлт­тық» мәртебе беруге, «Ба­лалар кітапханасы» жобасына қа­тысты бастамалары жүзеге асырылғанын ерекше атап өтті.

Ерлан Қарин заң мен тәртіп қағидаттарын бекіту және іл­герілету жұмыстарының қоғамдық маңызы зор екеніне назар аударды. Атап айтқанда, тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, балалар мен әйел­дердің құқықтарын қорғау, На­шақорлыққа және есірткі биз­несіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту  туралы заң жобасын әзірлеу, Парламент Мәжілісінің вейптерді елімізге әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдауы осы ба­ғыттағы ауқымды жұмыстардың аясына кіреді.

Іс-шара аясында бір мез­гілде «Азаматтық қоғам», «Мә­де­ниет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», сондай-ақ «Әлеу­мет­тік-экономикалық даму» сек­ция­ларының жұмыс отырыстары өтті.

Секциялардың жұмысы барысында мемлекеттік орган­дар Ұлттық құрылтай мүше­ле­рінің бұған дейін айтқан ұсы­ныстарына орай пікір біл­дірді. Сондай-ақ қоғамның бір­лігін нығайтуға, қоғамдық тәр­тіп пен заңдылықтың сақта­луына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланды.

Ұлттық құрылтай хатшылығы жиын барысында көтерілген бас­тамаларды жинақтап, мұқият зерделейді.

Қазір көктемде Атырауда өте­­тін Ұлттық құрылтайдың үшін­­ші отырысына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.