Қоғам • 29 Қаңтар, 2024

Амангелді аман болсын!

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құтқарушылар еңбегі қа­шанда құрметке ие. Ел де қиын-қыстауда қолұшын беруге әзір, жанашырлығы мол осы бір мамандық ие­лерін құрметтейді. Таяу­да ақ боранның ішінде адас­қан, айы-күні жетіп отыр­ған әйелді аман алып қалған құтқарушының есімі нәрестеге берілді.

Амангелді аман болсын!

Сол күні Ерейменнің етегі түтеген боран болатын. Қарға адым жер атап басу – мұң. Төрткүл дүние ақ шымылдық жамылған. Аяз да ашуына міне бастапты. Әлдебір шаруаның ыңғайымен жолға шыққан жолаушылар адасып кеткен. Араларында әлгі әйел де бар. Жолаушылар былай тұрсын, сайланып шыққан құтқарушылардың өзі ақ боранда оң-солын аңғармастай. Шұғыл хабар түскеннен кейін адамдарды құтқаруға асыққан олардың да денесін үсік шалған. Әйтсе де көрер жарығы, татар дәмі таусылмаған екен, барлығы дін аман.

Жол үстіндегі азапты тарт­қанымен, аман қалған ана перзентханадан шыққанда ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа құтқарушы да барыпты. Жарық дүниеге шекесі торсықтай ұл келген. Отбасы болып ақылдаса келе, періштедей жебеп, демеп, ақ бораннан аман қалуларына себепші болған құтқарушы Аман­гелді Доскеновтің есімін сә­биге берген. Сөз арасында бұл отбасының жетінші баласы екен­дігін айта кетелік.