Руханият • 29 Қаңтар, 2024

Санаткер мұраты

296 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Газеттің мәдениет және әдебиет бөлімінде істеген соң, көркем шығарманы талдау, сыни пікір айту, рецензия жазу секілді әдеби ғадеттерден алыс кетпейміз. Әрине, кәсіби сыншы болмасақ та, қадари-халімізше өз ой биігімізден тәуір сөз айтуға тырысамыз. Десек те әр жазар қаламның бағытын айқындайтын беттүзер, ойтүзер, сөз суырар, кейде оталып, шабыттанар, темірқазық бір авторы болатыны анық. Ол өзі ылғи компьютеріңнің маңайында, қолсозым жерде жатады. Күнде жазып жүрген жазуың аяқасты қағазға түспей, қаламың кібіртіктеп, дүниенің азабына айналған сәтте сол бір аяулы кітапқа құшырлана қол жүгіртесің. Енді бір кезде оқып отырған мақалаңды өзің де жаза алатындай арқалана түсіп, жалың күдірейе түседі. Әдебиетшінің қалам-қуатынан күш алып, өз қаламың да жүгіре жөнеледі. Біздің сондай әбден парақталған киіз кітабымыздың бірі – «Шындыққа сүйіспеншілік», авторы – Сағат Әшімбаев.

Санаткер мұраты

Талғам мен таразы

Қазақ сын өнерінде «сын – шын болсын, шын сын болсын» деген Әуезов қағидасы алтын ережеге баланды. Сыншы Сағат қаламы да бұл ережеге тастай берік болды. Не жазса да, әділетті, турашыл ұстанымынан айнымай көркемдік құбылыстарды тамырынан танып, шалқар білімі мен кәсіби талдауын өре отырып, шынайы сыншылдығымен Шолпан жұлдыздай бірден жарқ етті. Жазудағы өзіндік стилі, қалам қуаты, ой өлшемі, сын деңгейі әдебиетшінің алғашқы қадамынан айқын көрінді. 

Додаға жаңа қосылған сәтінен-ақ ой ұшқырлығы мен тапқырлығы, түйдек-түйдек әсерлі толғамдарымен ерек шабысы көрініп, топ арасынан оқ бойы озық шықты. 1974 жылы әдебиетшінің тұңғыш топтамасы «Сын мұраты» жарық көрерде танымал сыншы Зейнолла Серікқалиев жаңа жинаққа талдау жасап, оң пікір айтады.

«Қолжазбаны бастан-аяқ үңіле қа­рап шыққанда туған әдебиетіміз жайлы жана­шырлықпен тебірене толғана алатын, өмірге, әдебиетке өз түсінігі, өз жүрегі өмірімен байыпты барлау жа­сап, талданар шығарманың, сөз болар әдеби құбылыстың сыр-сыпатын, таби­ғатын мейлінше әділ танып, әділ бағалауға тырысқан талғампаз, білім­ді әдебиетшінің қалам ізін танисың. С.Әшім­баев мақалалары, ең алдымен, проб­­лемалық сыпатымен, көтерген тақы­ры­­бының актуалды, өміршеңдігімен қы­зық­тырады», деп жазды Зейнолла Серікқалиев.

Қаламының ұлттық бояуын, рухани жан тазалығын, адалдығы мен ар үніне зер салатындығын көрсеткен алғашқы кіта­бы сыншы Сағат шығармашылы­ғы­ның алтын бастауына айналды. Сол жинағы үшін Қазақстан Ленин ком­со­молы сыйлығының лауреаты атан­ды. Тұңғыш топтамасымен топ жар­ған әдебиетшінің одан кейін де көр­кем­­дік көкжиегі кеңейіп, сыншыл­дық тара­­зысы ауырлай түсті. Буырқанған қа­ла­­мынан «Талантқа тағзым» (1982), «Пара­сатқа құштарлық» (1985), «Шын­дық­қа сүйіспеншілік» (1993) кітапта­ры туды. Бұл еңбектерде сыншы «Әде­биет – көркемсөз философиясы» деп өзі жазғанындай, сөз зергерлерінің ойлау, жазу, тіл мәдениеті, интеллектуалдық әле­уеті мен суреткерлік көзқарасына орамды пікірлер айтады. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов шығармашылығындағы көркемдік идея, азаматтық әуен, халық өмірінің шын­дығы, елдік сана, дүниетаным тереңдігі, кейіпкерлер жүйесі, сюжет құрау, харак­тер сомдау, композиция хақында терең­нен сүңгіп, талдау жасайды. Ғабит Мүсі­реповпен үш сұхбатын («Мүсірепов туралы триптих») аталған жанрдың қазақ топырағындағы озық үлгілерінің бірі деу­ге болады. Сондай-ақ Сағат Әшімбаев­тың өнертанушылық қыры – театр, кино сынындағы еңбектері де бір төбе.

Сыншы қаламының ерекшелігі сол, жазуының тұла бойында қатқылдық жоқ. Сағат не жазса да, сүйіп отырып жаза­ды дейді. Қандай шығарма, қай жазу­шы туралы жотаға батар салмақты сын­дар айтып отырып, ешкімнің жанына сел­кеудей жара түсірмеуге тырысады. Бұл да әдебиетшінің нәзік жанының, бауырмал жүрегінің, жалпылай айтсақ, адамгершілік дейтін асыл ұғымның көрінісі емес пе?

 

Азаматтық апогейі

Азаматтық көзқарасы мен сыншы­лық пайымы қатар қабысқан, толысқан әдебиетші енді бір кезде қоғамға, айна­ла­дағы ішмерез әдеттерге, халықтың ой дең­гейіне, адамдардың адамдық қасиет­те­рі­не тереңнен зер салып, толғамды ой толғайды. Әдебиетшінің гуманистік қырын танытқан «Азаматтық формуласы» атты әлеуметтік-философия­лық мақаласы – кемел ойдың жемісі, сын­шылдықтың сырлы көрінісі. Автор бұл зерттеуінде француз жазушысы, философ Мишель де Монтеннің «Халық өзі­нің азаматтық манифесін сан ғасыр­лар бойы қанымен де, жанымен де жазады. Азаматтық манифесі айқын емес халықтың болашағы да айқын емес», дейтін пікірін келтіріп, өзі де тұжырымды ой айтады. «Адамгершіліктің ақшаң­қан апогейі – азаматтық», деп нақты көрсетеді. Сондай-ақ өз ортасындағы күн­де көріп жүрген оспадарлықты, жа­йылған, сенімсіз мінездерді, тұрақсыз тип­терді суреттеп, ой төркінін хакім Абай­дан тартып отырады.

«Рухани жұт – тоғышарлық, көзқа­растағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сезімдегі жел­буаздық, сөздегі екіұштылық, ниет­тегі арамдық пен ашкөзділік, көңіл­де­гі көрсоқырлық пен пейілдегі тар­лық, көкейдегі тойымсыздық, жүріс­тегі сұ­йықтық, позициядағы самар­қау бей­тараптық, әрекеттегі жалтақтық, қарым-қатынастағы есеп пен пайдакүнемдік, принциптегі солқылдақтық, мақсат-мұ­раттағы жер бауырлаған ұсақтық, се­німдегі немқұрайдылық. Осының бәрі – тоғышарлық «аурудың» басты-басты симптомдары», деп түйеді.

Кейде жосықсыз айта беретін «Батыс Еуропаның пәленше мемлекеті сыйып кетеді деген шартты салыстырудың» дұрыс еместігіне тоқталып: «Ендігі жерде республикамыздың рухани мәдениетіне қанша елді сыйындырып, қанша жұртты сүйіндіріп отырмыз деген фактілерге жүгінуіміз керек. Еш уақытта да жердің үлкендігі ұлттық сана-сезім үлкендігі­нің үлгісі болған емес және болмайды да!» деп тұжырым жасайды. Иә, Сағат Әшімбаев ұлттың әдебиетіне ғана емес, мәдениеті мен руханиятының озық болуына да өлшеусіз үлес қосты және ұлт жолында әр азаматтың үнсіз қалмауын талап етті. Қазақтың қызыл сөзге ерген дарақылықтан айырылуын, ең алдымен, азамат ретінде үндеді. Қоғамдағы жұлынқұрттарды, тоғышарлар мен нем­құрайдыларды тура суреттеп, дәйекті мысал да келтіреді.

Ұлтжанды сыншы қоғамдағы бүлкіл­деп тұрған әр тамырдың соғысын сезді. Қазақтың басындағы түрлі проблеманы да жан-жүрегімен түйсініп, толғады. Ұлтының ертеңін ойлап, ел мен жер, дін мен діл, дәстүр мен тіл деп тебіренеді. «Туған тіліңді сүю деген – оны егжей-тег­жей білу, осы тілдің құдіретін патша көңілмен паш ететін Асан ата мен Абайдан бастап бәрін оқу деген сөз», дейді. Абайдың «Тіл өнері дертпен тең» деген сан қатпарлы ойының астарына үңіліп, сырына сүңги түседі.

 

Қайраткерлік қағидаты

Құдай талант берсе, жақсы ақын, тәуір жазушы, кәсіби сыншы болуға да болады. Ал азаматтық ұстаным, аза­­маттық көзқарас, қайраткерлік сын­­ды алдаспан қасиеттер талантты адам­­ның бәрінде бола бермейді. Сын­шы­ның туған әдебиетке салған олжа­сы­нан бөлек отанға, туған халқына, әділет пен шындыққа деген азаматтық ұстанымы әрқашан берік болды. Әде­биетші ғұмырының соңына дейін жан­қалтасында қаламы мен ақиқаттың айнасын қатар алып жүрді. Тағдыр­дың түр­­лі қалтарысында, қандай қызмет­те жүр­се де, тек шындықты көздеді. Әсіресе Қазақстан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы қызметтерін абыроймен ат­қарған уақытта ұлттық тіл мен сана, ел тарихы, руханият, демократия және бюрократия, тәуелсіздік, салт-дәс­түр, жастар тәрбиесі, қоғамдық құн­­ды­лықтар хақында тұшымды ойлар туындатқан «Парыз бен қарыз», «Жүректен қозғайық!» «Қауышу» се­кілді авторлық бағдарламалары Сағат Әшім­баевтың интеллектуалдық-шы­­ғар­машылық әлеуетін, әлеуметтік-фило­софиялық көзқарасын, тұлғалық болмысын танытты. Жылдар тоғысында ұлт руханияты мен мәдениетіне орасан үлес қосқан «Парыз бен қарыз» хабары да бүгінде «Алтын қордың» алтын жүлгесіне айналып отыр.

Азаматтық ұстанымынан танбаған тұлға Желтоқсан көтерілісі кезінде де құнды деректердің сақталуына себепші болды. Ел басына алай-дүлей күн туып, айнала теңселіп тұрған сәтте мұн­дай батыл шешімге бару үшін адамға қан­дай қайрат, қандай мінез керек? Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан­ның «Ұлт­қа қызмет ету білімнен емес, мінез­ден» деген қағидатты сөзі де Сағат таби­ғаты­нан алыс кетпесе керек-ті. Иә, Сағат Әшім­баевтың сыншы­лы­ғы тек әдебиетке түскен сәуле болса, азаматтығы барша қа­заққа, ұлттың ояну жолына, тарихқа түскен нұрлы жарық сынды.

Көзкөргендердің айтуына қарағанда, Сағат аға дәл осы лауазымды қызметінде жүріп «Егемен Қазақстанның» аңыз редакторы Шерхан Мұртазамен бірле­сіп телевидение мен газеттің «Қауышу» атты елдік кешін өткізеді. Сол шарада азат­­тық мұратына қатысты талай ма­ңызды ойлардың тиегі ағытылады. «Бұл – жур­налистиканың елеулі шеберлік сыныбы болды» деп еске алады сол жиынға қатысқандар.

Санаткер азаматтың адамгершілігі, құ­ша­ғына толған мейірімі, жақынға да, бө­тенге де бірдей алғадай көңілі мен аңғалдығы – бір бөлек хикая. Бұған Сағат Әшімбаевтың көзін көрген, қатар жүр­ген, ілтипатына бөленген, шарапаты тиген ақын-жазушы, әдебиетші, журналистердің естеліктері куә. Соның бірі – Сауытбек Абдрахмановтың «Аға» деген мақаласын оқып, кең жүректі сыншының алғаусыз аңғалдығына еріксіз жымиып отырмыз.

«Сәкең жақсылық жасаудан қайтпай­тын және соған дайын тұратын. Кейде онысы күтпеген жағдайға да ұрындырып қалатыны болушы еді. «Лениншіл жасқа» бір барғанымда сабағымның жайын сұрағыштай берді. «Бәленшемен қа­лай едің?» деп бір ұстазымыздың атын атады. «Жаман емес», деймін. «Біз ертең ол кісімен бір жерде дастарқандас боламыз. Мен сені айтып қояйын, оң көзімен қарап жүрсін», дейді Сәкең. «Керегі жоқ, басқалай түсініп қалар», деп жатырмын. Сәкең болатын емес, «Ол кісінің маған көзқарасы жақсы, өзі біздің ұстазымыз әрі тұрақты авторымыз. Саған біздің қалай қарайтынымызды білгені теріс болмайды», дейді. Екі-үш рет қарсы­лық білдіргеніммен, арғы жағыммен: «Е, мейлі, оң көзімен қараса қарасын, өтініш айтып жатқаным жоқ қой», дейтіндеймін... Сөйткен Сәкеңнің «көмегінің» нәтижесі көп күттірген жоқ. Дүйсенбі күні дәл сол ұстазымыздың лекциясы бола қалсын. Дәрісті түйіндейтін тұста ол кісі адам жас кезінен, ең алдымен, өзіне сенуі керекті­гін, біреудің қолдауымен ешкім алысқа бара алмайтынын, өзі ондай тамыр-таныстыққа ешқашан жол бермегенін, алдағы кезде де жол бермейтінін айтып келді де, сөзіне нақты мысал атады...» деп жазады Сауытбек Абдрахманов. Иә, бұл «келеңсіз» оқиға да Сағат ағамыздың біреуге болса екен деп тұратын ғажап жанын танытады.

Түйіндей келе айтарымыз: Сағат Әшім­­баев­тың өмірлік философиясы мына нәрсені ұғын­дырады. Кез келген адам, ең алдымен, азаматтық ұстанымына адал болуы керек. Қайраткерлік – ояу жан­­ның серігі. Жаның мен тәніңді, жүрегіңді ұйықтатпа. Ішкі рухыңның, ішкі сені­міңнің, ақиқат айнаңның алдында әрқашан адал бол. Өмірде мейлі кім бол­саң да азаматтық көзқарасыңды алға ұста. Қазақ деп соққан ішкі даусың­ның үнін өшірме, сыртқа шығар, айнала­ңа естірт, әлем мойындасын. Көзбен көргеніңді көрмегендей болма, өтірік бас шұлғып өмір сүрме, өз сөзіңді, шын сөзіңді айт.

Қысқа ғұмырында орасан игі істің басында болған тау тұлға Сағат Әшім­баев туралы әлі талай жазылар. Әрине, арда азаматтың ә дегеннен әдебиетшілігі, сын­­шылығы ойға оралады. Десек те ұлт пен тілдің тағдыры таразыға түсіп, тер­беліп тұрған тұста көзімен көріп, жү­регімен сезгенге бейжай қарамай, өз үнін қосып, айналасының бәрі аузын бу­ған сәтте ұлттың сөзін дауыстап айт­қан Сағат Әшімбаевтың азаматтығы, қай­­раткер­лігі, қарапайымдылығы қағи­дат­шыл, әрқа­шан ізденіс үстіндегі мұра­ты­мен қалам­герлік тең түседі деп санаймыз.