Құқық • 29 Қаңтар, 2024

Алаяқтар айылын жияр емес

544 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алаяқтықтың алуан­ тү­рін меңгергендер айы­лын жияр емес. Аңқау ағайын­ның қолындағы барын қағып, қалтасына салып­ кетіп жат­қан­дарды құзырлы орган­дар құрыққа түсірсе де, қар­­жы­лық пирамиданың қитұр­қы қағидаттарын мықтап меңгер­гендер қарапайым халықты сазға отырғызуын жалғас­тырып келеді.

Алаяқтар айылын жияр емес

Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары келтірген дерекке жүгінсек, 2023 жылы қаржы пирамидасына қатысты үш қылмыстық іс тіркеліпті. Ал облыс бойынша 200-ден аса азамат қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар құрған қақпанға түсіп, айтар­лықтай зардап шеккен. Бір жылдың ішінде екі жүзден аса азаматтың алдануы кім-кімді де ойландырса керек.

«Әлеуметтік желіге арбал­­ған әлеумет интер­нет-­ресурс­тар­дағы, YouTube арналардағы және мессенд­жер­лердегі жар­на­маларға арбалып, жыл са­йын жүздеген адам қаржы пира­ми­да­сының құрбанына айналып жатады. Бұл мәселеге келгенде халық құқықтық жағынан сауатты болса деген тілек бар», дейді Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері.

Расында да, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттері халықтың қалтасын теспей сорып жат­қаны анық. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Шерхан Пірімқұл мен аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Жағыпар Исатаев келтірген деректер қылмыстың бұл түрінің жыл өткен сайын артып бара жатқанын аңғартады.

Мамандардың айтуынша, департамент қызметкер­лері жүргізген жұмыстың нәти­же­сінде зардап шеккен азамат­тар­дың 45 млн теңгеден аса қаржысы кері қайтарылып, келтірілген залалдың айтар­лық­тай сомасы өтелген.

«Мәселен, «Chia Tai Tianqinq Pharmaceutical Group» қаржы пирамидасын ұйымдас­ты­рушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер мен 10 млн теңгеден аса қаражат тәркі­ленді», дейді Ш.Пірімқұл.

Департамент қызметкерлері өңір тұрғындары арасында алаяқтықтың алдын алу мақсатында түрлі профи­лак­тикалық іс-шаралар ұйым­дас­ты­руды да қолға алған. Түрлі сайт­тағы қаржылық пирамида бел­гілері бар 1013 сілтемені дер кезінде бұғаттап, жергілікті және республикалық БАҚ арқы­­лы түсіндіру жұмыстарын жүр­­гізу де назардан тыс қалған емес.

Жауапты орган тарапы­нан алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқа­рыл­ғанына қарамастан, қаржы пира­ми­даларының сипаты бар ұйымдарға алданған азамат­тардың саны азаймай, шығын­ның көлемі де ортаймай отыр.

Мамандардың айтуынша,­ қаржы пирамидасын құру және басшылық ету әрекеттері Қыл­мыстық кодекстің 217-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке әкеп тірейді. Сондай-ақ 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарас­тырылған. Сонымен қатар қаржылық пирамиданы жарнамалау әрекетіне де қатыс­ты жаза бар. Нақтырақ айт­сақ, Қыл­мыстық кодекстің 217-1-бабы­ бойынша 2 жыл­ға дейінгі мер­зім­ге бас бостан­дығынан айыру түріндегі жаза қолда­ны­лады.

Заңда бәрі тайға таңба басқандай көрсетілгеніне қарамастан, өңірде қаржы пира­мидасы ұйымдарын құру мен басқару әрекеттері әлі де тыйылар емес. Аңғал халық алаяқтардың арбауына түсе бергендіктен болар, алаяқтардың қарасы азаймай тұр.

 

Жамбыл облысы