Аймақтар • 30 Қаңтар, 2024

Шалғайдағы мектептерге автобус берілді

268 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісуда шағын елді мекендерден қатынайтын 2 мыңға жуық оқушыға арнайы автобустар қызмет көрсетеді. Осы мақсатта өңірде 67 көлік ұйымдастырылған. Дегенмен дені ескірген. Сондықтан заман талабына сай біртіндеп жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Күні кеше облыс орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға жергілікті бюджет есебінен 5 су жаңа автобус берілді.

Шалғайдағы мектептерге автобус берілді

Суретті түсірген – Руслан Қадыров

Жетісуда 336 жалпы білім беретін орта мектеп бар, онда 129 мыңнан аса оқушы оқиды. Бүгінде балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда. Осы айтылған мүддеге сәйкес өңіріміздегі 5 ауданға жаңа автобустар табысталды. Салтанатты іс-шарада автобус кілтін табыстаған облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов мектеп қызметкерлерін құттық­тады.

– Өткен жылы шалғай елді мекендердегі балаларды тасымалдау үшін республикалық бюджеттен 53,4 млн теңгеге 7 автобус лизингке алынып, соның екеуі былтыр берілсе, қалған бесеуін бүгін табыс­тап отырмыз. Сол сияқты 2023 жылы жергілікті бюджеттен 223 млн теңге бөлініп, тағы 5 автобус берілген еді. Бұл шаралар өз кезегінде оқушылардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуы­на жағдай жасап, олар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді, – деді М.Сүлейменов.

24 орынды 5 автобус Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарының мек­теп­теріне берілді. Енді арнайы көліктер Ақсу ауданы Ю.Гагарин атын­дағы орта мектебіне Қызылжар ауылынан, Алакөл ауданы Теректі орта мектебіне Талды­бұлақ, Үшбұлақ ауылдарынан, Ескелді ауданы Балпық би атындағы орта мектепке Теңлік, Теректі, Бөктерлі ауылдарынан, Қаратал ауданы Қ.Байсейітов атындағы орта мектепке Айдар ауылынан, Көксу ауданы №12 орта мектепке Айнабұлақ стансасынан, Кемертоған ауылы разъездінен оқушыларды тасымалдау үшін қолданылады.

Автобустардың бәрі ин­тел­­лектуалды автоматты қауіпсіздікті тексеру жүйе­сі­мен, екі қауіпсіздік бел­дігі бар орындықтармен, салон­ның артындағы авария­лық шығу есігімен, сани­­та­рия­­лық-эпидемио­­ло­­гия­­­­­лық қон­дырғы секілді қажет­­тілік­термен жаб­дық­­талған.

– Ақсу ауданы бойынша 38 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның 27-сі – орта, 7-і – орталау, 4-і – баста­уыш мектеп. Біздің ауданда 5 мектептен оқушылар тасы­малданады. Бұл күні 4 мектебімізде жаңа автобус бар, тек Суықсай ауы­лын­дағы Гагарин атын­дағы орта мекте­біндегі көлі­гіміз ескілеу болатын. Білім басқармасы бізді қолдап, міне, жаңасын алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына Ақсу ­ауданы азаматтарының, ха­лық­­тың атынан алғыс айтамыз. Осы көлікті балалардың игілігіне барынша пайдаланамыз, – дейді Ақсу аудандық білім бөлімінің басшысы Айдынбек Жексембаев.

Қазір 32 бастауыш мек­­­тепті оңтайландыру жұ­мысы қолға алынып, облыс әкімімен бекітілген арнайы жол картасы бойынша бастауыш мектептерде оқитын оқушыларды негізгі және орта мектептерге тасы­малдау жұмыстары ұйым­дастырылды. Сол үшін жергілікті бюджеттен қосым­ша тағы да 10 автобус алуға қаражат бөлінген. Енді әр аудан өздері көлік сатып алады. Осылайша, биыл тасымалдау мәселесі толы­ғымен шешімін таппақ.

 

Жетісу облысы