Кір сабын болғанда, қазақтың байырғы дала тәртібі бойынша қайнатылған сабыны. Табиғи өнім – Баширбаевтар әулетінің ортақ отбасылық бизнесі. Шағын өндірісте әзірге аптасына 100 кг сабын шығарылады. Болашақта кәсіп иесі бұл бастаманы үлкен өндіріс орнына айналдыруға ниетті. Қызығы сол, кәсіпкер Рахат Баширбаевтың анасы Бақыт Танекеева мен нағашы әпкесі Назерке Танекеева жастайынан аналарының қара сабынды қалай қайнататынын көріп өскен. Кейін сол рецепт бойынша апалы-сіңлі үй жағдайында қара сабын қайнатып, сата бастаған. Мұны көрген Рахат «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, жаңа істі қолға алады.
Оның бизнес ашқысы келетінін естіген кезде ағайынды Танекеевалар Рахатқа шаруашылықта күнделікті қолданылатын кір сабын өндірісін қолға алу туралы кеңес берген. Цех басшысы бағдарлама аясында 5,1 млн теңгеден аса қаржы алып, оған Өзбекстаннан кір сабын шығаратын арнайы құрылғы сатып алған. Сөйтіп, олар Басқұншы аулында өз гараждарын цех ретінде қайта жабдықтап, құралдар орнатып, шаруаны бастап кеткен.
«Бала кезімізде анам сексеуілдің, алаботаның күлінен қара сабын қайнатып жататын. Қол күшімен жасалатын сол еңбек үдерістері әлі көз алдымда. Жаңа кәсіп бастау туралы ой келгенде ағайынды бауырларымызбен бірге өзімізге етене таныс кір сабын жасау ісіне кірісейік деп шештік. Қазір цехта өнім дайындау, яғни қоспаларды қайнату, сабын түрінде өңдеп шығару, арнайы қалыптарға құю, қондырғылар арқылы түрлі көлемге келтіру – бәрі де арнайы аппаратпен атқарылады. Сондықтан өнім шығару әлдеқайда тез және оңай», дейді Назерке Танекеева.
Кәсіпкер сабын жасауға қажетті қоспаларды негізінен Алматыдан және жергілікті жерден алады. Қоспалар туралы айтсақ, өнім жасауға тоң май, яғни қой мен сиырдың іш майы, қыздырылған фритюр майы, каустикалық сода, емдік қасиеті бар гүлшетен, шай ағашының майы сияқты түрлі эфир майлары қолданылады. Эфир майларының түрлері тапсырыс берушінің сұранысына қарай қосылады.
Жас кәсіпкер Назерке жақында сұйық ұнтақ жасауды Алматыдан арнайы үйреніп қайтқан. Алдағы уақытта оны да цехта өндіріп шығаруды көздеп отыр. Сол сияқты жаз мезгілінде түрлі шөптен қара сабын жасауды жалғастырмақшы. Назерке қазіргі кезде ниеті бар жандарға кір сабын, қара сабын мен сұйық ұнтақ жасаудың әдіс-тәсілдерін үйрететін шеберлік сабағын өткізе бастады. «Сұйық ұнтақ өзі үнемді, өзі аллергия туғызбайтын таза, хош иісті. Сондықтан кір сабағын бірге оның да қалай дайындалатынын үйретемін. Білгенімді басқалармен бөлісіп, олардың да осылай өз істерін ашуына септігін тигізсем, жақсы ғой», дейді кәсіпкер.
Цех қаңтардың басынан іске қосылған. Бүгінде шағын кәсіпорында жасалған өнімдердің өз тұтынушылары қалыптасып үлгеріпті. Сабынға негізінен базарлардағы, дүкендердегі шағын кәсіп иелері тапсырыс береді. Цех жұмысы Instagram әлеуметтік желісінде «naz.26.07.1981» парақшасы арқылы насихатталып келеді. «Қазіргі кезде ғимаратқа жылыту жүйесін жүргізу кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Алдағы уақытта жылу жүйесін жасап, цехымыздың іргесін одан әрі кеңейтсек, таралу ауқымын ұлғайтып, экспортқа шығарсақ деген де үлкен жоспарларымыз бар», дейді Н.Танекеева.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы Панфилов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының І, ІІ транштары бойынша 93 субъектінің жобасы мақұлданып, оларға жалпы көлемі 662 млн теңгеден астам несие берілген.
Ал Кішішыған аулында әуелде үй жағдайында 10 литр сүттен өнім дайындаудан басталған шағын кәсіп бірте-бірте кеңейіп, қазір жас кәсіпкер Назерке Қуанышқызы өзінің жеке цехын ашты. Тәулігіне 700 литрге дейін сүт қабылдайтын цехта «NK» белгісімен шығарылатын 7 түрлі сүт тағамдары берісі Жаркенттің, арысы Алматының сауда желілерінде саудаланады. Абай Ибраимов пен Назерке Қуанышқызы – 2 бала тәрбиелеп отырған жас отбасы. Олар экологиялық таза азық-түлік шығаратын шағын отбасылық кәсіп бастауды жуырда қолға алған.
«Өзім туристік салада жұмыс істеймін. Зайыбым әке-шешемнің, балаларымның күтімімен үйде. Бір жағынан зайыбыма үйде отырып жасайтын кәсіп болса деген оймен, екіншіден, балаларымыздың түрлі зиянды қоспалары бар тағамдарға әуес бола бастағанына алаңдап, таза өнім шығарсақ деп шештік. Балалардың денсаулығы біз үшін ерекше маңызды. Қазір олар өз цехымызда өндірілген тағамдарды сүйсініп жейді. Цехтағы барлық шаруаға Назеркенің өзі жетекшілік етіп, жүргізеді. Ал мен көмек қажет кезде жәрдемдесемін», дейді А.Ибраимов.
Бүгінде үйінің жанынан арнайы тұрғызылған 40 шаршы метрлік шағын ғимаратта сүт тартатын сепараторлар, тоңазытқыштар, құрт кептіретін аппараттар орнатылып, іс ретімен дөңгелене бастаған. Мұнда күніне 500-700 литр сүт қабылданады. Сүтті Жаркент қаласының және Алматы облысы Шарын аулының жеке шаруашылықтары жеткізеді. Ал шикізат мұнда ветеринар мамандардың анықтамасы негізінде, сол сияқты сүттің майлылығын өлшейтін арнайы құрылғымен тексеру арқылы қабылданады.
«Орта есеппен тәулігіне 25 кг кілегей, 25 кг құрт, 15 литр айран, 5 кг ірімшік, 5 кг сүзбе, 3 кг сарымай жасалады. Оған қоса, тапсырыс бойынша жент те дайындалады. «NK» белгісімен шығарылатын тауарлар Алматы қаласындағы 4 сауда орталығында және Жаркент қаласындағы 7 сауда дүкенінде сатылады. Нарықта өз тұтынушыларымызды таба бастадық», дейді Н.Қуанышқызы.
Қазір онға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыған цех болашақта іргесін кеңейтіп, қосымша құрылғылар алып, өнім көлемін арттыруға ниетті. Ол үшін «Ауыл аманаты», «Бір ауыл – бір өнім» сияқты ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып көрмек.
Жетісу облысы