12 Маусым, 2010

ФЕДЕРАЦИЯҒА ЖАҢА БАСШЫ КЕЛДІ

483 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Үкіметте Бірінші Вице-Премьер Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен шаңғы спортын дамыту жөніндегі ұйымдастыру комитетінің алғашқы отырысы өтті. Отырыста спорттың осы түрінің қазіргі даму деңгейі, елімізде келесі жылы өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық мәселелері қаралды. Сонымен бірге онда Ө.Шөкеевтің Шаңғы спорты федерациясының президенті болып тағайындалғаны хабарланды. Осыған байланысты ол өз тарапынан спорттың осы түрін дамытуға және шаңғышылардың халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетулеріне барлық жағдайдың жасалатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазір елімізде қысқы спорт түрлері жақсы дамып келеді. Дегенмен, бес саусақ бірдей емес дегендей, шаңғы жарыстарында отандастарымыздың лайықты деңгейде өнер көрсетпей жүргені жасырын емес. Осы мәселені бір жақты шешу үшін шаңғы спортына мемлекет және жеке бизнес тарапынан үлкен қолдау қажет. Бүгінде Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстары ғана спорттың осы түрін дамытуға баса назар аударуда. Болашақта біздің алдымызда шаңғы спорты Астана мен Алматы қалаларында, Алматы облысы мен солтүстік өңірлерде дамыту міндеті тұруы тиіс. Отырыста Ө.Шөкеев осы мәселені шешу үшін бірқатар тапсырмалар берді. Соның ішінде ол алдағы кезде Астанадағы орталық паркте шаңғы базасын, Риддерде шаңғы роллер трассасын салу керектігін айтты. Сөзінің соңында федерация президенті болашақта Қазақстанның қысқы спортының брэндін жасау үшін қазір “Астана” велоклубы сияқты шаңғыдан мықты бір команда жасақтау керек деген пікірін білдірді. Дастан КЕНЖАЛИН.