Оқиға • 30 Қаңтар, 2024

Қарағанды облысында жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына қарасты Ботақара кентінде 12 пәтерлі үйде жарылыс болып, 2 адам қаза тапқан еді. Аудан әкімі зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қарағанды облысында жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Жарылыс салдарынан болған залалды арнайы комиссия анықтайды. Аудан басшысы барлығына тиісті көмек көрсетілетінін айтты.

«Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамыз. Олардың отбасыларына көмек көрсетіледі. Біз залалды бағалаумен айналысатын комиссия құрамыз. Ешкімді проблемасымен жалғыз қалдырмаймыз. Жергілікті атқарушы орган жергілікті сипаттағы Төтенше жағдай жариялады», деді аудан әкімі Абылай Сұлтанғали. 

Жарылыс болған үйдің тұрғындары уақытша туыс-туғанының үйіне орналастырылған. Қазір оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

«Үйінділер тазартылды. Жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті техниканы уақтылы ұсынды, соның арқасында бес адам құтқарылды. Адамдар үйінділердің астында, плиталардың астында қалып қойған. Крандар мен үш экскаватор тартылды. Қазір ТЖД мен полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Жарылыстың алдын-ала себебі — газ баллонының дұрыс жұмыс істемеуі. Газ баллоны суықтан жылы бөлмеге кіргізілген. Болған оқиғаға кім кінәлі екенін құқық қорғау органдары анықтайды», деді Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары Аманбек Бейсембаев.

Бұған дейін біз үйінді астынан 2 адамның мәйіті табылып, 5 тұрғын құтқарылғанын хабарлаған едік.